Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АУЫЛДЫ ДАМЫТУ: 2023 ЖЫЛЫ НЕ ӨЗГЕРДІ?

АУЫЛДЫ ДАМЫТУ: 2023 ЖЫЛЫ НЕ ӨЗГЕРДІ?

Қуатты экономиканың алтын тамыры ауылдан нәр алады. Әлемнің дамыған отыз елінің қатарына ілігу жолында шалғай ауылдардағы тірішілікті жандандырып, шағын кәсіпкерлік субьектілерін дамыту басты жоспарға енді. «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасы аясында еңбек адамының қадамын құптайтын іргелі істер жүзеге аса бастады. Жыл жабар тұста аудан төңірегіндегі ауыл-аймақтың экономикалық-әлеуметтік жетістіктерін саралап, оң өзгерістерін дәріптеуді құп көрген едік.

«КҮЛ ШЫҒАРЫП,
ҚОҚЫС ТӨГУДЕН ҚҰТЫЛДЫҚ»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Аса маңызды мәселелердің бірі – ауылды кешенді түрде дамыту. Ауылдарға нақты қолдау көрсетіп, заманауи инфрақұрылымды дамытуы­мыз керек» деген болатын. Призидент пәрменімен ауданда ауқымды жобалар жүзеге асуда. Өткен жылы газдандыру жобасы жүзеге асып, 2 ауылды газға қостық. Ал, өңірдің газдандыру деңгейі 70 пайызға жетті. Бұл – 26 елді мекен, 583 мыңға жуық тұрғын табиғи газбен қамтылды деген сөз. Биылға республикалық бюджеттен 7,4 млрд. теңге бөлініп, 2022 жылы басталған 7 жоба жалғасты және 12 жаңа жоба­ның құрылысы басталды. Оның ішінде, Жаңақорған ауданынының «Жайылма», «Шалқия», «Құттықожа», «Төменарық», «Кейден» ауылдарына «көгілдір отын» кіргізу жұмыстары басталады. Бұдан бөлек, өткен жылы құны 3,4 млрд. теңгені құрайтын Жаңақорған кентіндегі 10/0,4 кВ электржелілік жүйені жаң­ғыр­ту жұмыстары қолға алынған. Со­ның арқасында кенттегі 70 шақырымға жуық электр желісі жаңарып, қосымша жаңадан 23 трансформатор орнатылады.
Өткен жылы газ кірген қос ауыл­дың бірі «Ақүйік» ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәулебек Бейсенбаев көгілдір отынның игілігі ауыл халқына үлкен қуаныш сыйлағанын сөз етті.
– Біздің ауылдың келіндері ендігі жерде күл тасып, көмір арқаламайды. Бейнеттен арылып, жаңа заманның игілігіне қол жеткізгеніміз үшін қуанамыз, – дейді қария.
Айта кетейік, «Ақүйік» ауылдық округіндегі «Бірлік» ауылына газ құбырын «Gas Energy Construction» ЖШС жүргізді. Жоба республикалық және облыстық бюджеттен қаржыландырылды, оны іске асыру нәтижесінде 440 тұрғын үй мен 5 әлеуметтік нысан газдандырылды.
«Қыраш» елді мекенінде 124 тұрғын үй мен 6 әлеуметтік нысан «көгілдір отынға» қосылды. Сондай-ақ, биыл Мемлекет басшысының қолдауымен ауылдық жерлерде әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүруде. Атап айтқанда, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жаңақорған ауданы орталығы мен Жаңарық ауылында салынуда.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы «Қаратөбе» ауылында бой көтеруде. Осындай құрылыс келесі жылы «Талап», Әбдіғаппар ауылдарында басталады. Ал, 2025 жылға қарай Жаңақорған ауданаралық ауруханасын «көпбейінді аурухана» деңгейіне жеткізу жұмыстары жүргізілуде.
Мұнан бөлек, «Жайылма», «Өзгент» ауылдарында 150 орындық клуб, «Ақжол» ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүр­гізілуде. Құрылысы аяқталған жаңа ғимараттар жаңа жыл күні халыққа пайдалануға берілмек.

ЖАРЫҚ ЖҮЙЕСІ ЖАҢАРТЫЛУДА

Айта кету керек, ауданда 9 елді-мекенде электр жүйесін жаңғыртуға демеуші есебінен жобалар жасалып, мемлекеттік сараптамадан өтіп, бюд­жеттен қаржы бөлінді. Осы қарқынмен тағы да 10 ауылдың жарық жүйесін жаңарту жоспарда тұр. Тарқатып айтсақ, Екпінді, Қожамберді, Сүттіқұдық, Бірлік, Қосүйеңкі, Жаңарық, Ақсуат, Өзгент, Түгіскен, Қаратөбе ауылының жоба-сметалық құжаты жасалды. Алдағы уақытта республикалық деңгейде қолдау тапса жұмыс жүйелі жүретін болады.
Сондай-ақ, аудандық маңызы бар 4 автомобиль жолы мен 17 ауылдың 18 ауыл ішілік жолы орташа жөндеуден өтпек. Оған қоса, демеушілердің қар­жысымен де бірнеше көшелерде жөн­деу жұмыстары жасалады. Халықты әлеуметтік қолдау аясында мемлекет тарапынан қолдаулар үздіксіз жүретін болады. Келер жылы 10 елді мекеннің бағаналары мен желілерін жаңғырту басталады (жоба құны 3,2 млрд теңге). Тізімде осы ауыл да бар. 2024 жылы толық аяқталатын болады.

ОН АУЫЛДЫҢ КІРЕБЕРІС АРКАСЫ ЖАҢАРДЫ

Ауданның айтулы мерекесі қар­саңында 10 ауылдың аркасы жаңартылып, заманауи үлгіде әсем арка бой көтер­ді. Тарқатып айтсақ, Сунақата, Ек­пін­ді, Қожамберді-Төменарық, Сүттіқұдық, Бірлік, Қыраш, Қосүйенкі, Манап, Та­лап, Жаманбай батыр ауылына жаңа арка қойылды. Сондай-ақ келер жылы бірнеше ауылдарға жаңа аркалар кою көзделуде.
Осы ауылдардың бәрінде орталық көшелері жарықтандырылып, әсем оюлы, сырғалы шамдар ілініп, мемлекеттік нысандардың бәрі көз тартар бояуымен ажарланды. Қосүйенкі ауылына кіргенде осындай әсем көріністі байқайсыз.
– Ауыл аймаққа назарын салып, өркениетке бір табан жақындатып жүрген Мұрат Жолкелдіұылының іс­керлігіне халық көз жеткізді. Біздің ауылдастар бір жылдың ішінде ауылда жақсы өзгерістер болып жатқанына куә. Ел тізгінін ұстаған азаматтар барда ауыл жаңғыра береріне сенеміз, – деді ауыл тұрғыны Әбутәліп Бакиров.

«Үздік ауыл» Жаманбай батырда

Жаманбай батыр ауылы облыс бойынша ең үздік үштікке ілігуде ілкімді істері алға жетеледі. Марапат мінберіне көтеріліп, мерейі тасыған әкім Әлібек Абдуллаевтың есебінен аңғардық. Мұны ауылдық округте 3400 халық бар. 114 кәсіпкер тіркелген екен.
2023 жылдың басынан бері 8 адам қайтарымсыз несие алған, 21 адам жаңадан кәсіпкерлігін ашқан. «Ауыл аманатына» 8 адам құжат тапсырыпты. Бесарық ауылына салынатын спорт кешені және Кеңес ауылына салынатын клуб үйінің жоба-сметалық құжаты мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, тендер жеңімпазы анықталған.
Жаманбай батыр ауылында өткен жылы атаулы әлеуметтік көмекті 13 адам алып келсе, биыл ол 4 адамға азайыпты. Бұл да ауылда тұрғындардың жұмыспен қамтылуына мүдделі ортақ іс-қимылдың бар екенінің дәлелі.
Биыл Жаманбай батыр ауылдық округі облыста «Үздік ауыл» номи­нациясы бойынша жүлделі үшінші орыннан көрінуінің басты себебінің бірі –ауылдың орналасу жағдайы, тазалығы мен тәртіптіліктің орнығуы, елді мекеннің келбетінің көркейе түсуі, түптеп келгенде, тұрғындардың ынтымақты тірлік жасай білген еңбекқорлықтарының нәтижесі.

Мақпал МАРҚАБАЙ
26 желтоқсан 2023 ж. 243 0