Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бір жарық сәуле

Бір жарық сәуле


                                                                 

                                                                         «ПРАВДАҒА» ХАТ

Құрметті «Правда» газетінің редакциясы! Сіздерден осы жазған хатымды жариялауларыңызды өтінемін.
Мен сексен жастағы анамын. Ұлым Уашев Өмірбек 1924 жылы туған. Ұлты қазақ. 1942 жылы Совет армиясы қатарына шақырылған. 1942 жылы 10 ақпанда ең соңғы хатында Ферғана қаласында No124 әскери бөлімде қызмет етіп жатқанын жазған еді. Бұл жерде дайындық курсынан өтіп, сержант шенінде батысқа жөнелтілгелі жатқанын айтқан
болатын. 1949 жылы 19 ақпанда Қазақ ССР-і, Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы әскери комиссариатынан төмендегідей мазмұнда хат алдым. «Сіздің ұлыңыз, қатардағы жауынгер Уашев Умирбек, майдан даласында қиян-кескі күресте 1943 жылдың қарашасынан бастап хабарсыз кеткендер санатында».
Жауапта 4.02.1949 жылғы No378307 мекемесінің берген тізімі негізге алыныпты. Мүмкін, полктастардан білетіндер болса хабар берсеңіздер екен. Аналық сәлеммен Уашева Балхаш. Қазақ ССР-і, Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Советская көшесі 13 үй. 24 ақпан 1974 жыл. Бұл тұңғышы соғыста хабарсыз кетіп, майдан даласынан оралмаса да бір дерегі шығып қалар деген үмітін өмір бойы сөндірмей өткен Балхаш ананың «Правда» газетіне жолдаған хаты. Уашев Өмірбек 1924 жылы Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Әкесі Уәш Егембердиев бұл он жасқа келгенде дүниеден озған. Отбасында аналары Балхаш үш ұлын өзі бағып-қағып жетілдіруіне тура келді. Тұңғышы Өмірбек он сегіз жасында, 1942 жылы әскер қатарына алынады. Аудан орталығындағы қыш мектепте оқыған жас әлі жанұя құрап үлгермеген еді. Екінші ұлы Әмірбек 1944 жылы соғысқа аттанады, елге 1951 жылы, соғыс біткен соң алты жылдан соң бір-ақ оралады.

Тағдыры сан қилы сокпақтан өткен жауынгер денсаулығынан әбден айрылып, елге келген соң алпысыншы жылдары көз
жұмады. Сексен жасқа дейін жарық ғұмырдың дидарын көру нәсіп болған анасы кіші ұлы Жұмабектің қолында
өмір сүрді. Жұмабек ағамыздың өзі аудан орталығындағы No169 орта мектебінде мұғалім болды. Бес перзентті болды. Үлкені Әділ пединститутты тәмамдаған, одан соң энергетика саласын бітіріп, аудандық электр тарату жүйесі мекемесінде
инженер болып көп жылдар жұмыс атқарған, биыл зейнетке шықты. Екінші ұлы Әмірбек Ташкенттегі жалпыәскери командалық училищесінде білім алған, Түркістан әскери бөлімінде қызмет еткен, қазірде запастағы полковник. Үшінші ұлы Қаныш мұғалім, қазірде
жеке кәсіпкер. Бұлардан тараған немерелер – Маден, Марлен, Сұлтан сынды азаматтар бар. Әке ұрпақтары
бүгінде өсіп-өніп бүтін бір әулеттің түтінін түзу ұшырып келеді.
Енді кешегі күн шежіресіне қайта оралайық. Хабарсыз кеткен ұлын іздеп шарқ ұрған ана Өмірбегі туралы жылт еткен деректі тауып
қалам ба деп өмір бойы күдерін үзбеген екен. Ана жүрегіне құлыны тіріліп келгендей қуаныш сыйлаған мына оқиғаны да айтпай кетпеске болмас. 1978 жылы 21 мамырда Қызылорда облысы әскери комиссариатына Краснодар өлкесі, Холмск
қаласы No43 орта мектебі «Қызыл ізшілдерінен» хат келді. Онда «Қызыл ізшілдер» өжет жауынгер Умирбек Увашев (17-19 жаста) туралы деректі тапқанымызды хабарлаймыз. Ол Яныкурган станциясы, Советская No 13 (немесе No113 болуы
мүмкін) көшесінің тұрғыны. Осы жауынгердің гитлершілдер тылында соғысқан іздері табылды»
деп жазылған, соңына «Қызыл ізшілдер жетекшісі Василий Иванович Белоусов. 21 май 1978 жыл деп
қол қойылған.
Қызылорда облысының комиссариатына жолданған осы хаттың ізімен 1979 жылдың 4 желтоқсанында облыстық «Путь Ленина» газетінің
арнаулы тілшісі А.Сатыпалдиевтың «Ответ красным следопытам» деген тақырыпта материалы жарық көреді. Газетте Ставрополь өлкесінен келген хат мәтіні толықтай жазылыпты: «Біз сіздерден жерлестеріңіз, қаһарман ер, Украйна тылында гитлершілдермен қиян-кескі күрескен батыл жауынгер Умир Увашевтің жақындары мен туыстарын табуымызға көмектесулеріңізді қатты өтінеміз. Яныкурганда анасы тұратынын білдік. Бірақ нақты зерттеу керек».
Бұл хатқа қаһарман жауынгердің інісі, ол кезде аудан орталығындағы No169 орта мектебінің мұғалімі Жұмабек Уашев
былай деп жауап жазыпты: «Қызыл ізшілдерге үлкен рахмет! Нешеме жылдар бойы хабарсыз кеткен бауырымызды тауып беріп, анамыздың көңілін шат еттіңіздер. Біз оның дерегін біліп қана қоймай, фашистер қоршауында қалған оның Украйна даласында Отан үшін соңғы демі біткенше беріспей, қолы жаудың жағасында кеткен ерлігіне толық көз жеткіздік. Енді оның өзі тұрған көшесінде, өзі оқыған No169 орта
мектебінде батыр бейнесін жас ұрпақ жүрегінде қалдыруда қолдан келгенді
жасаймыз.
Жас достар, ізсіз кеткен жауынгердің ерлік жолын айғақтап берген Сіздерге үлкен рахмет! Біздің айрықша рахметіміз Сізге,
Белоус Василий Иванович, қымбатты ұстаз-өлкетанушы, өзіңіздің кеңжүрек қырағылық, асқақ жол бастауыңызбен
жас өрендер ғажайып жеңіске жетті. Отбасымызбен сізге қарыздармыз» деген жауап хатын газет арқылы жолдады. «Путь Ленина» газеті 1980 жылғы 9 мамырдағы мерекелік нөмірінде осы хаттың мәтінін және қызыл ізшілдер тапқан қазақ жауынгерінің ерлігіне куә қаруластарынан дерек жинау негізінде «Сын Украины» деген тақырыпта жазған В.Белоустың мақаласын қатар
жариялады. Осы мақаладан үзінді келтіруді жөн көріп отырмыз: «Бұл тозақтың бітер күні жоқ шығар, сірә. Батпаққа малшынған аяқтар ырыққа бағынудан қалды. Шөл бір жағынан қысып барады. Оң жақта немістердің анталап келіп қалғанын
байқады, санап еді, он екі, ал сол жақтан абалаған иттер үні жақындады. Бұлар концлагерьден қашып шығып, Днепр жағасында немістерге қарсы астыртын топ құрған жергілікті жасаққа қосылған партизан отрядының құрамы еді. Олардың басында бұрынғы мектеп директоры, лейтенант Петр Калугин, бұрынғы аудандық партия комитеті нің бірінші хатшысы, қырғызстандық, капитан Асамбай Иманалиевтер жетек-
шілік етті. Патриоттар тобы қатары 22 ұлттың өкілінен тұратын 60-тай адамды құрады. Бір күннен бірі өткен ауыр күндер. Немістер қоршауында қалған лагерь аумағында аш өзекке ағаштың тамырын қорек ете жүріп нешеме әскери опе-
рацияларды іске асырды. Жаудың күшіне барынша тойтарыс беріп бақты.
Байланыс жолдарын кесті, темір жолдарды жарып, оларға азық-түлікті кешеуілдетті. Осындай қанды жорықтың бірінде 15-17 жауынгер қатарында жау қоршауында қалған Өмірбек өзіне қарсы кеп қалған неміс офицерінің алқымынан ала тұншықтыра түскен, өзі есін жинап та болмады, гүрс еткен жарылыс жеркөкті жаңғырықтырып жіберді. Ержүрек патриот кеңес солдаттары соңғы деміне дейін туған Отанының
және өз ар-ожданы алдындағы қасиетті борышын осылай өтеп кетті» деп жазды.
Мақаланың соңы былай деп түйінделіпті: «Егер сіздердің қайсыбіріңіз Киевтің түбіндегі Володарка селосына жолың-
ыз түсе қалса, осы бір орынға тоқтап, тағзым етіңіз. Бір сәт тізе бүгіп, мүлгіген тыныштықта шулаған жапырақтар сыбдырына құлақ түріп көріңізші, сол үнде осы жерде мәңгілік қалып қойған боздақтардың мұңы мен сағынышы құлағыңызға келеді. Олар бүгінгі жарқын
өмір үшін жанын пида қылғандар. Бұл жерде қазір граниттен соғылған әп-әдемі ескерткіш тұр. Пионерлермен бірге сол жерге барып әруақтар рухына басымызды иіп, тағзым еттік. Гүл шоқтарын қойып, тынышын бұзбай үнсіз тізіліп кері қайттық. Кетіп бара жатып
бәріміз бір кісідей ант еттік: Біз іздеуді одан әрі жалғастырамыз. Сөйтіп ұзақ жылдар бойы хабарсыз кеткен туыс- бауырын тағатсыздана күтіп отырған талайларды әлі де қуанта береміз». В.Белоустың Уашевтың қабатында өздері іздеп тапқан қырғыз азаматы
комиссар Иманалиев туралы да «Әкелер даңқы» деген мақаласы «Советская Киргизия» газетінің 1980 жылғы 6
қаңтардағы санында жарияланыпты. «Ауыр жаралы күйде гестапо қолына түскен А.Иманалиев, Н.Тутановтар берілместен қаза болды» деп жазды ол деректі мақаласында. Он сегізінде от кешіп, туған жерге оралмаған Өмірбек Уашевтің мұғалім інісі Жұмабек ағамыздың көкейінде
ардақты аға есімін туған жерінде, оқыған мектебінде мәңгі есте қалдыру туралы асыл ойлары аз болмағандығын
жоғарыдағы жазбасынан оқып білдік. Бірақ ол ойын іске асыра алды ма, алмады ма, өмір бойы мұғалімдік мамандығын пір тұтып, шәкірт тәрбиелеген, бес перзентті өсіріп-жетілдірген ардагер- ұстаздың өзінің де өмірден озғанына биыл екі жыл өтіпті.
Ағалар есімін ұмытпау, есте сақтап ұлықтау – келер ұрпақтың борышы. Алдыңғы буын-ағалар аманаты кейінгіге
мұра.
Аудан оралығындағы No169 орта мектеп ұжымы осы мектеп қабырға- сында білім алған, он сегіз жасында отты шайқасқа аттанып, опат болған, қаһармандық жолын краснодарлық «Қызыл ізшілдер» айғақтап берген батыр ағалары Өмірбек Увашев туралы біле ме? Жас түлектерді былай қойғанда ел үшін туған ерді жаңақорғандықтардың есінде мәңгі қалдыруда қандай қадам-
дар жасалды? Оның өзі тұрған бұрынғы Советская, қазіргі Манап Көкенов көшесінде батыр туралы бір белгі бар ма?
Бұл туралы енді кім ойлануы керек? Отанды сүю, ел-жерді қадірлеу туралы қастерлі сезім семіп бара жатқан қазіргі уақытта бұл өте қажет
идеология емес пе? Бұл мәселені кезінде «Правда» көтерген екен. Ал бүгін бұл бағыттағы патриоттық насихатты өзіміз
жандандыруымыз керек-ақ. Өткеннің есімін жаңғыртып ерлігін ел есінде қалдыруды мұрат тұтқандар бұл жолда қандай да бір игі шараларды қолға алса нұр үстіне нұр. Біздікі, осыны қоғам назарына ұсынып, қозғалыс тудырсақ дейміз. Қалғаны жергілікті құзырлы орындардың қолында.

                                                                                                                                                   Баян Үсейінова
01 желтоқсан 2023 ж. 237 0