№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » “ЖАҢАҚОРҒАН ТЫНЫСЫ” – БІР ДӘУІРДІҢ ТАРИХЫ

“ЖАҢАҚОРҒАН ТЫНЫСЫ” – БІР ДӘУІРДІҢ ТАРИХЫ




Айналамызда күнделікті болып жатқан өзгерістер мен оқиғаларға толы сан қилы ақпараттарды оқырманға шынайы жеткізіп отыруда байыпты сараптама, нақты тұжырымға ғана сүйенетін баспасөздің маңызы үлкен. Осы қатарда шығып келе жатқанына биыл тоқсан жыл толып отырған аудандық төл басылым – «Жаңақорған тынысы» газетіі де бар. Ақпарат көзінсіз алға жылжу мүмкін емес. Соның бір дәлелі, соғыс басталған жылы газет ісіне мүмкіндік кем деген желеумен аудандық газеттің шығарылуы тоқтатылған екен, бір жылдың айналасында жұрт құлаққа ұрған танадай соқыр-мылқаудың кебін киіп, келер жылдан бастап қайтадан қызу қолға алыныпты.

Қазірде коммуникативтік құралдар­дың дамыған кезінің өзінде мерзімді басылымға деген сұраныс кеміген жоқ. Зиялы қауым газетті іздейді, күнделікті жаңалықтарды теледидардан біліп отырғысы келеді. Былайша айтқанда, секунд сайын жаңарып отыратын сайт­тардан газеттің айырмашылығы басым.
Газет – қай дәуірде де зияткерлік сананы, қоғамдық көзқарасты қалып­тастырушы.
Мемлекет басшысы таяуда киелі Түркістан төрінде өткен Ұлттық құ­рылтайда ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, креативті индустрияны дамыту мәселесін ерекше атап өткені белгілі.Елімізді жаңғырту ісіне ерекшк ықпал ететін масс-медиа саласының бағыт-бағдарына назарын аударды.

«Ақпарат құралдарында түрлі көз­қарастар тоғысады. Оны қоғам тыны­сының барометрі деуге болады» деп, соның ішінде салмақты ақпарат көздерінің әлеуметтік желідегі негізсіз фейкпен уланып жатқан қоғамды сауықтыратын күш екендігін де айтып өтті. Өйткені әлеуметтік желідегі қа­да­ғаланбайтын ақпарат тасқынынан гөрі авторлық сараптамалар, нақты дерек­терге жүгінген журналистік зерт­теулер маңызды. Газет оқуға деген қызығушылық неғұрлым ересектер ара­сында әлі де жойылған жоқ. Сондай-ақ күн сайын теледидар алдында отырып, төрткүл дүниенің жаңалығына құлақ түретіндер осы жастағылар. Сондықтан бұл екеуінің тынысы жалғаса берері анық. Бүгінде отандық ақпараттық кон­тенттің бәсекеге қабілеттілігі мен сапасын арттыруға барлық жағдайлар қарастырылуда. Ақпараттық кеңістікті, отандық медианы қолдау және ақпаратқа қолжетімділікті арттыру – бүгінгі күннің басты талабы.

Мықты медианы қалып­тастыруда медиатұтыну мәдениеті де маңызды. Осы орайда жергілікті жер­де газет оқырмандарының жетпіс пай­ызға жуы­ғы ұстаз, дәрігер, өнер мен мәдениет қызметкерлері, яғни зиялы қауым өкіл­дерің құрайтыны көп жайтты аң­ғартады.
Аудандық газетті елдің қоғам­дық өмірінен, туған жер халқының мақ­­сат-мүддесінен, қуаныш-жетістіктерінен, мұң-мұқ­тажынан, ешуақытта бөле қа­рау­ға болмайды. Ол өзінің танымдық, тағылымдық, рухани ақпараттық құрал ретіндегі міндетін әрдайым жоғары жауапкершілік пен талап деңгейінде атқара білуді мұрат тұтып келеді. Аудан экономикасының іргелі болуына, мәде­ни-әлеуметтік жағынан дамуына қызмет етуде. Жақсы жаңалықтарды, озық іс-тәжірибелерді, адами ізгі қасиеттерді, ел мен жер тарихын, мәдениет пен өнерді, туған өңіріміздің тұлғалы түлектерін жан-жақты таныстырумен қатар ынтымақ пен достықты, бауырмалдық пен қай­ырымдылықты кеңінен насихаттауды күн тәртібінен түсірмеді. Қоғамда орын алған кемшіліктер мен келеңсіздіктерді дер кезінде сын тезіне салып отырды.
Тоқсан жылдық тарихы бар газетіміз ағалар салған дәстүрлі жолынан бүгін де жаңылған емес. Заман тынысымен бірге жаңарып, оқырманның рухани сұранысын қанағаттандыруда қажырлы еңбегін жалғап келеді.
Газеттің тұрақты тілшілері редак­циямен байланысын үзбей, мақалаларын жолдап отырады. Осындай қаламгерлер қатарында әсіресе тарихи тақырып­тарға қалам тербеп жүрген қосүйеңкі­лік Қалмұрат Мұсабековтың, байырғы журналист Мағираш Тұрсынованың мазмұнға бай жазбалары әлі де әлеуметтің назарынан түспесе, қожамберділік еңбек ардагері Асылхан Бибасаровтың өзі еңбек еткен қоғам­ның бет-бейнесін айқындайтын маз­мұн­ды дүниелерімен оқырман жиі қауы­шып келеді. Қожамберділік Мол­дахмет Нәлібаев, газеттің байырғы қызметкерлері – Пахмаддин Айнақожанв, Файзулла Сахиев, Ерубай Қалдыбек, ел ағалары Мұзарап Махмұдов, Әбибулла Шер, Шайдарбек Әшімұлы, сунақаталық Ұлбосын Түкібава, Сайлаухан Жартыбаев, жайылмалық Нұрлан Жапеков, өзгенттік Орынбек Асылбековтер де осы саптан табылып жүр.
Газеттің жаны – оқырман. Оның қол­дауы ғана емес, бағыт-бағдары, сыни ескертпелері де біз үшін аса маңызды.

Жаңақорған аудандық газеті 1933 жылдың 1 қыркүйегінен аудандық пар­тия комитеті мен халық депутатта­ры аудандық атқару комитетінің құ­рылтайшылығымен «Қызылмақташы» деген атаумен шықты. Тұңғыш редак­торы Әбдірейім Рыскелдиев болды. Газет атауы озат шаруашылықтың атын иеленіп отырғандықтан «Қызыл­мақташыдан» «Екпіндіге» ауысты. 1966 жылдан бастап 1991 жылға дейін «Коммунизм жолы» деп аталса, еліміз егемендік алуымен бірге газет те жаңа атауға ие болып, «Жаңақорған тынысы» аталды.

Алғашқы кезде газет елді сауат­тандыру, халықтың саяси ой-өрісін қалыптастыоудың құралы болды. Сол кезде жаңадан құрылып жатқан шаруа­шылықтардың тыныс-тіршілігінен хабар берді, ал соғыс уақытында елге рух беретін жазбалармен қатар майданнан хаттар басылды.
1960 жылдардан бастап саяси ақпа­раттардан басқа мәдени ағартушылық­қа ден қойылды. Осы кезеңнен бас­тап аудандық газетте КазТАГ пен ТАСС-тың хабарламалары басылды. «Рес­публикамыздың таңдаулы адамдары» жаңа айдары ашылды. Жалқаулықты, жауапсыздықты қатал әшкерелеуде жур­налистмканың жауынгер жанры – сын-сықақ, фельетон көмекке келді.
1966 газет редакторы Мырқы Иса­ев болды. Бұл жылдары қарқын алған Түгіскен тыңын игеру, Келінтөбе ма­гис­тральдық каналының құрылысы жазылды. Осы жылдары газеттің ауыл­шаруашылығы бөлімінде Жақсылық Рахматулла ағамыз қызмет атқарды. Жастар қатарының легін Бақтыбай Айнабеков, Оңалбай Садықов, Әкім Мейірбеков, Үсен Әбшенов, Файзулла Сахиев, Пахмаддин Айнақожаев, Құдай­берген Ертасовтар толықтырды. Алпыс тоғызыншы жылы Адырбек Сопыбеков, жетпіс бірінші жылдан бастап Құдабай Ертаев редакторлық етті. Осы жылда­ры газет таралымы бес мың данаға жеткен. Бұл кездері еңбекші қауымға газет экономикалық білім берудің көз­дігі ретінде де қызмет етті. 1975 жылы «Коммунизм жолы» Республика бойын­ша аудандық, облыстық газеттер ішін­де жүлделі бірінші орынды жеңіп алды.
1986 жылы газет редакторлығына Айдархан Бибасаров тағайындалды. Бұл кезде баспахана өндірісі бірша­ма автоматтандырылғанымен бас та-қырыптар гранкаға қолмен терілді. Қор­ғасынмен құйылып келетін тексті макетке орналастыру, бекіту, бәрі қол­мен атқарылды.
Тәуелсіздік таңы газеттің тақырып­тық шығарылымы мен идеялық мазмұ­ны­на тың леп, жаңа тыныс алып кел­ді. Журналистің шығармашылық еңбегі қасаң қағида, сірескен цензурадан арылуы қаламгерлердің ой-қиялына шабыт берді. Бұл өз кезегінде газетті бұқараға бұрынғыдан да жақындата түсті. Жаңа айдарлар пайда болды. Халықтық салт пен санаға негізделген құнды тақырыптар газет бетінде өзіндік өрнегін қалыптастыра бастады.
Дегенмен еліміз нарықтық қаты­нас­тарға көшкен қиыншылық кезеңде барлық саланы шарпыған дағдарыс рухани әлкемді де айналып өтпегені белгілі. Облыстарда бірқатар аудандық газеттер жұмысын тоқтатып, мүлде жабылып қалса, «Жаңақорған тынысы» өз оқырмандарынан қол үзбей, бірте-бірте қиындықтарды жеңіп шықты.
1998 жылдан бастап газетке Алмас Бекжігітов басшылық етті. Облыс ау­дан­дарында бірінші болып офсеттік баспа машинасы алынып, газет өндірісі компьютерлендірілді. 2006 жылы елдің ортақ мұрасы саналатын төл басылымға аудандағы мекеме, ұжым, шаруашы­лық басшыларының көмек беруі, газет бас­шылығының жұмысты үйлестіруі, ұжымның ынтымақты қолқабысы арқа­сында халықтық асар әдісімен редак­цияның жеке ғимараты салынып, пай­далануға берілді. Бұл жылдары га­зетте Құдайберген Ертасов, Ерубай Қалдыбекұлы, Оразалы Мұсабеков сын­ды азаматтардың қолтаңбасы айрықша. 2014 жылдан бастап газет «Сыр-ме­диа» ЖШС қарамағына көшіп, жұмысын жалғастырды.

Газет жұмысы шығармашылық тұр­ғыда дамып, жетіліп отыратын, қо­ғамдық сананы қалыптастырушы жан­ды құбылыс. Оның әлеуеті әлбетте шығармашылық өкілдерінің кәсіби қа­рым-қабілетіне ғана емес, адами болмыс бітімі, жан тазалығына да тәуелді. Бұл орайда газетте тер төгіп келе жат­қан әріптестерім – Әлібек Жарықбаев, Мақпал Пәтенова, Әсел Рзаева, Айсұ­лу Алданазар, Жасұлан Сейдеметов сынды журналистер мен газетпен үзбей байланыс жасап тұратын тұрақты тілшілеріміздің шынайы еңбегіне бүгінгі мереке күні алғысымды білді­ріп, алдағы уақытта зор шығармашы­лық табыс тілеймін.

Бұқараға рухани өмірдегі ақпа­раттарды жеткізу­ші ғана емес, оның ағартушылық та миссиясын жете се­зінетін жазарман қауым үшін әр кез әділеттілікті ту етіп, қажырлы бей­нет­кештікті еңсерер киелі кәсібіне деген жүрек сүйіспеншілігі қажет. «Жаңа­қор­ған тынысы» шығар­машылық ұжымы да әрдайым осы мақсаттан табылуда ел көңілінен шы­ғады деп сендіргім келеді.

Баян ҮСЕЙІНОВА,
«Жаңа­қор­ған тынысы» газетінің
бас редакторы

21 қазан 2023 ж. 267 0