Тоқаев Путинмен келіссөздер жүргізді
Мемлекет басшысы Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті. Ресей газын еліміздің аумағы арқылы Өзбекстан Республикасына тасымалдау жобасын іске қосу рәсімінен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөз жүргізді. Кездесу барысында мемлекеттер басшылары екі елдің стратегиялық серіктестігінің қазіргі жай-күйі мен қатынастарды одан әрі нығайту перспективаларын талқылады.
Сондай-ақ сауда-экономика, энергетика, көлік-логистика және басқа да салалардағы ықпалдастықты жалғастыру маңызды екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев ғасырлар бойы достық пен тату көршілік қатынастарға негізделген Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыстар қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды. Мемлекеттеріміздің ынтымақтастығы көпжақты сипатта табысты дамып келеді. Елдеріміз арасындағы ықпалдастық, ең алдымен, түрлі саладағы стратегиялық және одақтастық қатынастарға негізделген. Бүгін біз ірі жобаны іске қосу рәсіміне қатыстық. Шын мәнінде, бұл цифр тұрғысынан айтарлықтай үлкен болмаса да, қысқа мерзім ішінде ауқымды жұмыс атқарылды. Әрине, мұның символдық мәні келешекте де зор болады", - деді Мемлекет басшысы. Өз кезегінде Владимир Путин жоғары деңгейдегі екіжақты қатынастарды одан әрі нығайту қажет екеніне назар аударды. Сіздің Мәскеуге жасаған сапарыңыз - айтулы оқиға. Арнайы келгеніңіз, сондай-ақ бүгін таныстырылған жобаны бірге іске асырғанымыз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Әрине, бұл бастамасы ғана деп ойлаймын. Әйтсе де, жалпы аймақтың энергетика саласындағы ынтымақтастығына бағытталған алғашқы әрі аса маңызды қадам. Бірлесе атқаратын жұмыс көп. Барлық бағыт бойынша қатынастарымыз жақсы дамуда. Бұл үшін Сізге алғыс айтқым келеді", - деді Ресей Президенті.
Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді туған күнімен құттықтап, Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігін және Еуразия кеңістігіндегі көпжақты интеграциялық байланыстарды кеңейтуге қосқан жеке үлесін атап өтті.