№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жаңа кешен бой көтерді

Жаңа кешен бой көтерді


Жаңақорған Сыр елінде спорт саласынан шоқтығы биік ауданның біріне айналды. Кез келген спорттан еңсеміз тік, бағындырған белесіміз аз емес. Бұл еңбекпен келген жетістік, екінші жағынан соңғы жылдары мемлекет тарапынан қолдау көбейді. Заманауи үлгідегі спорт кешендері көптеп салынып, ауыл балаларына барлық жағдай жасалынуда. Соның біріне бүгін тағы куә болдық. Ауданда №7 мамандандырылған олимпиадалық резервтік спорт кешенінің филиалы ашылды.


Бұқаралық спортпен халықтың шұғылдану­ын арттырып, спорт саласының жандануына тұрақты жағдай жасау Мемлекет басшысы жүктеген маңызды міндеттемелердің бірі. Бұл тапсырма біздің өңірде тиянақты жүзеге асыры­луда. Ауданның 95 жылдық мерейтойы аясында “Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы шеңберінде ашылған ғимарат №7 мамандандырылған олимпиада­лық резервтік балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің филиалы болды.
Спорт мектебі филиалының ашылу сал­танатына Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы Наурызбай Байқадамов және “Қайсар” футбол клубының директоры, Сыр спортына ерен еңбегі сіңген спорт жанашыры Садық Мұстафаев қатысып, ауыл тұрғындарын кешеннің ашылуымен құттықтады.
– Биыл мемлекеттік бағдарламалар мен де­меушілердің есебінен облыс көлемінде 11 спорт­тық нысанның құрылысы жүргізілуде. Соның бірі бүгін ашылғалы тұрған ғимарат. Мұнан бөлек қаншама балалар ойын алаңқайлары, стадион және өзге де спорт кешендері бой көтеруде. Бұл спортшыларымызға деген мүмкіндік, оларға деген қамқорлық. Соның нәтижесінде биыл облыс спортшыларының жеткен жетістіктері аз емес. Ел чемпионаты мен кубоктарында 1057 және байрақты бәсекелерде 201 жүлдені еншіледік. Міне, біздің 9 айда жеткен жетістігі­міз. Ең бастысы, жастарымыз спортпен көбі­рек шұғылданып, келешекте көк туымызды әлем алдында асқақтатып, абыройымызды асырса дейміз. Осы кешенде ертеңгі елдің Әнұранын шырқататын өрендеріміз шыға берсін, – деп Наурызбай Сейітқалиұлы жылы лебізін білдіріп, облыс әкімінің құттықтауын жеткізді.
Одан кейін Садық Шоңмұрынұлы сөз алып, ауданның жеткен жетістігін саралап, көпшілік­тің қуанышына ортақтасты. “2005 жылдан бері Машбек атамызды еске алуға арналған турнирлерге жыл сайын келіп, жас таланттар­ды танып кететінбіз. Сол жастардың арасынан қаншама чемпиондар шықты. Бұл ауылдың бір Олжасының өзі әлем алдында байрағымызды желбіретті. Мұның өзі үлкен жетістік. Аядай ғана мектептен қаншама балуанның бәсі биік көрінді, енді міне заманауи кешенде бұдан да көп мақтаныштарымыздың шығатынына сенемін” деп тілектестігін білдірді.
Мектептің ішінде волейбол, баскетбол, күрес, үстел теннисі сынды спорт түрлері болады. Бұйырса, бірер күннен соң ауыл балалары шынығуға кіріседі.

– Ауылға алғаш спорт мектебін алып келгендердің бірі мен едім. 90-жылдардан бері мектептің қарамағында болып келдім. Кешен болмаса да қаншама балуанды шығардық. Айта берсек көп енді, қазір мектепте мұғаліммін, менің ізімді шәкіртім жалғап келеді. Біржан Иманбаев есімді шәкіртім кешегі парадзюдодан Әлемнің екі дүркін чемпионын шығарды. Небәрі 18 жасында әлемді мойындатқан Олжас біз үшін үлкен мақтаныш. Осындай кешенді салуға ықпал еткен барша азаматтарға, аймақ басшысына да үлкен алғыс білдіреміз, – деді Аман Сейітов ағамыз.

Бұл ауылдың абыройын асырып жүрген бүгінгі буындардың есімдерін де айта кетейік. Олжастан бөлек, Өмірәлі Алтынбек белбеу күресінен 4 дүркін ел чемпионы және әлем біріншілігінің қола жүлдегері, Айтбек Жанарыс, Әмірбек Бердібек пен Еркінбай Нұрай есімді жастар белбеу куресі­нен ҚР чемпионаттарының жүлдегерлері. Міне, енді барлық жағдайы жасалынған жаңа ғимаратта осы балалар жаттығып, әлемнің шыңына шығады деген сенімдеміз.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
09 қазан 2023 ж. 318 0