№38 (8749) 14

14 мамыр 2024 ж.

№37 (8748) 11

11 мамыр 2024 ж.

№36 (8747) 7

07 мамыр 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Ермек етіп ойынды – еліктірме ойыңды...

Ермек етіп ойынды – еліктірме ойыңды...



Елімізде 2007 жылы «Ойын бизнесі туралы» заң күшіне еніп, казинолар мен ойын автоматтарының жұмысы тоқтатылған болатын. Бірақ кейбір ойынханалар әлі жұмыс істеп тұр. Тіпті «букмекерге» ақша тігіп, оңай олжалы болғысы келетіндер көбейіп кеткен. Бұны көзіміз көріп те жүр. Бұл кесел соңғы уақыттары ауылдағы ағайынның да бас ауруына айналып үлгерді. Осы тұста, «Құмар ойындарын қалай тиямыз? Жастарды жуытпаудың жолы бар ма? деген сұрақтарға жауап іздеуге тырыстық.
Талай жанның санасын улап, қыл мойнына құрық салған құмар ойын еліміздегі әрбір бесінші жасты тұзағына түсіретін қауһарға ие. Ол -шамамен 1 миллион адамға саятынын ескерсек, болашақты бағамдаудың өзі бұлыңғыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырды. Мамандар да бір ауыздан қоғам дертіне айналған құмар ойындардың жарнамасын жүгендеу керектігін тілге тиек етіп, назарға алды. Бірақ, әлі өзгерген ештеңе жоқ, бәз баяғы қалпында. Иә, бұл мақаланы жазуыма редакцияға хабарласқан ел ағасы түрткі болды.

– Биыл ала жаздай егін егіп, күзде тәуір табыс таптым. Бала шағамызбен жер анадан ризығымызды тауып, егін бітік шығып, мол табысқа кенелдік. Балалардың киімінен, тамағынан артылған ақшаны көктемгі тірлігіме сақтап, келесі жылы сақтап отырғанмын. Аяқ асты аудан орталығына жұмыс барысымен баруға тура келді. Кейін ұзақ кезектен таза ауаға тысқа шықтым. Сыртқы жарнамасы көздің жауын алатын шағын бөлмеге кіргенім ғана есімде. Кейін ойынның қызығына түсіп бар ақшамнан айрылғанымды білдім. Бармағымды тістегеніммен, қайтарып алатын қауқарым жоқ, ішім удай ашыды. Биыл 11 сыныпқа өткен қызым, «Әке, маған ұялы телефон әперіңізші» деп өтінгенде қызымның бетін қайтарып, ақшаның керектігін алға тартып едім. Енді отбасыма қалай қарарымды білмей, санам сан-сақта, – дейді ол бізбен әңгімесінде.

Қаншама жандар өкініші өзегін өртесе де ішіне бұғып жүр. Кейбірі менмұндалаған жарнаманың жетегімен барса, оңай олжаны көздеп баратындары қаншама. Саналы түрде барып, сан соғып қалатындар қаншама? Қазіргі кезде жастар айлап еңбектеніп тапқан жалақысын «екі есе көбейтемін» деп әртүрлі құмар ойындарға бас сұғып, шыға алмай жүр. Әсіресе, футболдан әлем чемпионаты кезінде букмекерлік кеңселердің жұлдызы жанады. Осы тұста, кент тұрғыны үлкен қалада букмекерлік кеңселердің бірінде күзетші болып қызмет жасаған Еркебұлан Ержановтың сөзі көп нәрсеге көзімізді ашып, өкінішті ұлғайтты.

– Осыдан үш жыл бұрын Алматы қаласында букмекерлік кеңседе бір жылға жуық жұмыс істедім. Шыны керек, онда келушілердің қатары көбеймесе азаймайды. Бір күнде мыңға жуық адам ұтысқа қатысып, бәс тігеді. Бірінің асығы алшысынан түссе, енді бірінің тауы шағылып, барынан айырылып, үйіне қайтарға ақша таппай отырады. Кейде әбден тісқаққан ойынқұмарлар жанына достарын, таныстарын әкеліп, ойынға қызықтырады.

Тіпті, қыз-келіншектердің арасында да осы құмар ойындарға тәуелді болып қалғандары аз емес. Сырттай қарап тұрып, жаның ашиды. Кейде жап-жас қазақтың қаракөздері ата-анасының оқуға салған ақшасын ойынға тігіп, бармағын тістеп қалғандарды да көрдім. Қалтасындағы соңғы 500 теңгесіне дейін салып, жатақханасына қайта алмай отырған талай жастың есіктің аузында тұрған менен автобусқа мінетін 100 теңге сұрағандары аз емес. Менің ол жердегі жалақым жақсы болды, тек ары қарай жұмыс істеуге жүрегім шыдамады, – деген сөзінен-ақ көп жайттың сыры байқалып тұр емес пе? Байқап қарасақ, бүгінде құмар ойынның түр-түрі кездеседі. Тіпті, ешқайда шықпай-ақ қолыңдағы ұялы телефоннан сан алуан ойынды жүктеп алып, ақша салып, оны көбейтемін деп күнін босқа өткізіп жатқан жастар аз емес ортамызда. Осындай ойындардың смартфонда да жарнамасы жүр. Ішіне кірсең, карта нөміріңді жаз деп тұрады. Сосынғысы белгілі, алдымен 5 мың, 10 мың, кейін есепшотыңдағы қаражатыңның қайда кеткенін білмей қаласың. Бұл ойындар пайдаға кеңелтемін деп батпаққа батырады. Қолыңдағы ақшаңның құмдай сусып кеткенін білмей де қаласың. Себебі құмар ойынға салынған адам жеңілген сайын депрессияға ұшырап, жүйкесі жұқара бастайды.
Тіпті есінен адасып, қылмыстық жағдайларға барып жатады. Ал құмар ойынға салынған адамды одан арашалап алу оңай емес. Ең ауыры, құмар ойынға салынушылар арасында өз-өзіне қол жұмсайтындар да жыл санап артып барады. Мәселен, биылғы статистика бойынша, жылына Қазақстанда 5000-нан аса адам өз-өзіне қол жұмсаса, олардың басым бөлігі – құмар ойынның құрбаны болғандар.
Иә, дамыған елдерде құмар ойындарға деген құштарлықты психологиялық ауру ретінде қарастыруда. Ол тіпті аурулар мен денсаулыққа байланысты мәселелердің халықаралық статистикалық жіктемесі тізімінде де бар. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ойынқұмарлықтың қауіпті екенін ескере отырып, «лудомания» деген арнайы медициналық диагноз енгізді. Осы арқылы жаһандық ұйым құмар ойындар мен компьютер ойындарына тәуелділер нашақорлар мен маскүнемдер сияқты эмоционалды жандар екенін мойындады. Мәселен, АҚШ-тың құмар ойындар проблемаларымен күрес жөніндегі қауымдастықтың зерттеуіне сүйенсек, әлемдегі кез келген қала тұрғынының аяқ астынан қылмыскерге айналуы 6 пайыз болса, маскүнемге айналуы 34 пайыз, нашақорлыққа салынуы 32 пайызды көрсетсе, ойынқұмар болуы 48 пайызға жетеді екен. Өкініштісі, бұл көрсеткіш жылдан-жылға өсіп барады. Ал біздің елде орта есеппен 350 мың адам құмар ойынның құрбанына айналса, олардың орташа қарызы 10 млн теңгеден асады.
Сондай-ақ әрбір 10 жұптың 7-еуі құмар ойынның кесірінен ажырасады екен. Жә, ер азаматтар түзде жүріп құмар ойынға бой алдырса, отбасы ошақ қасында жүрген нәзік жандардың қолындағы ұялы телефон арқылы сан алуан ойынның шырмауына шырмалып, несиені негізсіз алып, қарызға белшеден батып жатқандарына жол болсын. Саналы ғұмырында осындай ойындарға ілігіп, өздерінің күнәлі істер жасап жатқанын ойлап жатпайтындары өкінішті әрине. Кездейсоқ жетістік пен бос үмітке тәуелді етіп қоятын құмар ойындарға кез-келген жан түсіп қалуы ықтимал. Ойынға бір бас сұққан жан ол жерге қайта-қайта барғысы келіп тұратын психологиялық дертке ұшырайтынын айтпаса да түсінікті. Алдымен қолындағы барын берсе, кейін үйіндегі бағалы заттарға қол салады. Бұл да қоғамдық дертке айналып бара жатқандай. Олай дейтініміз, көбіне құмар ойынға өзіне көңілі толмайтын, эмоциясын басқара алмайтын, айналамен қарым қатынасы жоқ жандар баратынға ұқсайды. Лудомания аталып кеткен бұл дертті емдеу де оңайға соқпайды екен. Алдымен жақындарының қолдауына мұқтаж мұндай жандар өзін жалғыз, керексіз сезінуден осындай жаман әрекетке барады дейді психологтар. Құмар ойындар жарға жығады. Елде құмар ойынды қоя алмай жүрген адамдар тым көп. Иә, әлем жаңа дертпен күресуде. Яғни ұялы телефон өмірінің бір бөлшегіне айналғаны соншалықты, оны жоғалтып алудан қорқатындар саны артып келеді. Өмірі тоқтап қалғандай сезінетіндер арасында өзіміздің жастар да бар. «OnePoll» мен «SecurEnvoy» компаниясының анықтауынша, номофобиядан азап шегушілердің қатары күн санап өсіп келеді. Әрбір үш адамның екеуі ұялы телефонын жоғалтып аламын ба деген қорқынышпен ғұмыр шешеді. Әсіресе 18 бен 24 жас аралығындағы жастарға тән. Қадірлі оқырман, сізде телефонға тәуелділік бар ма? Қанша сағат телефонсыз жүре алатыныңызды тексеріп көріңіздер.
Америкалық психолог және психофармаколог Айвен Голдберг "интернетке тәуелділік" терминін енгізді. Бұл көрініс психологиялық атытқуы бар адамдар көбейгендіктен орын алғаны анық. Заман-ай! Осыдан 10-15 жыл бұрын байланыс құралы ретінде өмірімізге енген ұялы телефондар адамның бір бөлшегіне айналатынын білдік пе?! Әрине, жоқ. Ал, қазір ақпараттықкоммуникация технологияның негізгі таратушы құралына айналды. Содан ба, жастар телефонмен берік достық байланыс орнатты. Кеше ғана «селфи» сөзіне таңданып жүрсек, енді «фаббинг» деген құбылыс еніп келеді. Психологтың зерттеуінше, интернетті шамадан тыс қолдану адамды стресске түсіреді және адамның физикалық күйіне, жүйке жүйесіне, жеке өміріне, экономикалық және әлеуметтік жағдайына кері әсерін тигізеді. Интернетке тәуелділікті зерттеушілер қатарында профессор, психолог Кимберли Янгтің еңбегі зор. Ол тәуелділікті анықтайтын тест-сауалнама дайындап, 1994 жылы мыңдаған азаматқа сауалнама жүргізеді. Жауап бергендердің көбі тәуелді екендерін мойындады. Нәтижесінде, бұл жүйке ауруының таралуы, потологиялық құмарлықпен тең болып шықты. 1995 жылы Иван Голдберг интернетке тәуелділіктің потологиялық сипатын ұсынып, диагностикалық критерийлерін енгізді. Зерттеу жұмыстары барысында интернетті үнемі қолданудың салдарынан адамның мінез-құлықтары бұзылатынын анықтады. Әр түрлі зерттеу жұмыстарының қорытындысына сүйенсек, интернет қолданушысының 10 проценті интернетке тәуелді. Финляндияда интернетке тәуелді жастарды әскерге жібереді. 2008 жылы Қытай "интернетке тәуелділікті" ресми түрде ауру деп жариялап, емдеу орталықтарын ашты. Халқының 95 пайызы интернетке қосылған, әлемдегі ғаламторды ең көп пайдаланатын елдің бірі – Оңтүстік Корея. Бұл елде жасы отызға жақындаған жастар кәрілік симптомдарымен ауруханаға жиі келетін көрінеді. Ол симптомдарға есте сақтау қабілетінің нашарлауы, зейіннің әлсіреуі және ұйқысыздық жатады. Дәрігерлер оларға «компьютерлік ессіздік» деген диагноз қойып, дертіне дауа іздеуге көшкен. Бүгінде компьютерлік ойындар уақыт өткізудің ғана емес ақша табудың жолына, спорт құралына да айналды. Айта кетейік, компьютерлік ойындар арқылы спортшы атануға да болатын спорт түрін «киберспорт» деп атайды. Алғаш рет АҚШ-та 1997 жылдан киберспорт бастау алған. Ал бізде 2018 жылғы 25 маусымнан бастап киберспорт Қазақстанда ресми спорт түрі болып тіркелді. Бүгінде киберспорттың әртүрлі бағыты бойынша Қазақстанда командалар ұйымдастырылып жарыстарға қатысып жүр екен. «Естімеген елде көп» деген осы болар. Психолог мамандар балалар бұл ойындарға қызықса, оларды жуық арада тоқтату мүмкін емес екендігін айтып, дабыл қағуда.

– «Компьютерлік ойындардың көпшілігі атыс-шабыс, төбелеске бағытталған. Бұл алдымен баланың мінезқұлқына айтарлықтай әсер етеді. Қандай ойын түрі болмасын жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Кейде жеңеді, кейде жеңіледі. Егер бала ойын барысында ұтылатын болса, ойынға деген құмарлығы арта түседі екен. Өйткені, жеңілуге болмайды, жеңіске жету керек. Содан сырттағы дүниені ұмытып, қым-қиғаш соғыс алаңында немесе сатырлаған төбелестің ортасында жүреді. Бұндай кезде баланың жүйке жүйесі бұзылып, ашуға булығады. Баланың компьютерлік ойындарға қызығушылығы 3-4 жасынан басталады. Бірақ бұндай кезде баланы компьютерге жақындатуға мүлде болмайды. Бала 7 жастан асқаннан кейін ғана аптасына бір рет және аз уақыт компьютерге үйреткеніңіз жөн. Ал бесінші сыныптан кейін оқушының бұндай ойындарға қызығушылығы қатты байқалады. Әсіресе, осы уақытта жуас, өз ортасынан бөлек жүретін балалар компьютерлік ойындардың тұтқынына айналуы мүмкін. Компьютер алдында отырғанда уақыттың қалай өтіп кеткенін білмейді. Ойнау мүмкіндігі болмаған кезде өзін жайсыз сезініп, ашуланып, мазасызданады. Сондықтан ата-ана бала¬ны компьютердің алдына белгілі бір уақытта ғана отырғызғаны жөн», – дейді психолог Айда Айнақожаева.


Осы орайда компьютерлік ойындардың зияны туралы тәжірибелі логопед маман Жібек Жүсіпбекованы әңгімеге тарттық:

– Балалардың телефонға, компьютерге үңілуінің зияны ересек адаммен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Себебі, балалардың жүйке талшықтары өсіп-жетілуі кезіңінде болғандықтан радиациялық сәуледен жылдам зиян шегеді. Әрі олардың бас сүйегі жұқа болғандықтан қорғаныс қабілеті әлсіз. Кішкентай бүлдіршіндердің денесінде су құрамы мол болатынын, ескерсек радиациялық сәуленің қауіпі өте жоғары. Сонымен қатар, құрылғыдан бөлінетін сәуленің бас ауруы, есте сақтау және көру қабілетіне кері әсер ететіні және ұйқысыздыққа шалдықтыратыны анықталған. Өзім балабақшада жұмыс жасағандықтан, баланың барлығы көз алдымызда. Гаджеттерге тәуелді баланы бірден аңғаруға болады. Алдында таудай үйіліп жатқан ойыншыққа қарамай, өзімен-өзі көңіл күйі болмай отырады. Кейде керісінше аласұрып, ары-бері байыз таппай жүгіріп, өзіменөзі алысып жатқаны. Қорыта айтқанда, балалардың назарын басқа ойын түрлеріне, әсіресе спортқа қызықтыруға тырысу керек. Кез келген бала ерекше қадағалауды қажет етеді. Бұрынғы бес баладан, бүгінгі бір баланы дұрыс тәрбиелеп өсірудің қиындығы осында дер едім. Қазіргі таңда, қоршаған орта, адамдардың көзқарасы, өмір сүру дағдымыз өзгерді. Жүктеме де, бәсеке де жоғары. Зиянды дүниелер үйіміздің төрінде тұр, баламыздың қолында жүр. Ендігі бейқамдығымыз жараспайды. Демек, кез келген ата-ана балаларына компьютерлік ойындарды ойнатпас бұрын оның зияны туралы да ескертуді ұмытпағаны жөн.

Жалпы, шамадан тыс компьютер алдында отыру баланың ғана емес, үлкеннің де жүйкесін жұқартатынын ұмытпайық. Сала мамандары не дейді? Әлеуметтік педагогтардың сөзіне сенсек, виртуалды ойындарға тәуелділік баланың 3-4 жасынан басталады. Оның алдын алып, ойын шырмауынан шығармасақ, баланың болашағы бұлыңғыр, келешегі құмар ойындарына салынып кетуі әбден мүмкін екен. Бұл психолог мамандардың салмақты пайымы.
Осы тақырыпта аудандық аурухана балалар дәрігері Ұлжан Үрінбаеваның өзіндік айтар ойы бар.

– Бүгінгі таңдағы балалар арасындағы талма, ашушаңдық, жүйке жүйесінің әлсіздігіне осы компьютерлік ойынға тәуелділігі кері әсерін ЕрмЕк Етіп ойынды – ЕліктірмЕ ойыңды... Елімізде 2007 жылы «Ойын бизнесі туралы» заң күшіне еніп, казинолар мен ойын автоматтарының жұмысы тоқтатылған болатын. Бірақ кейбір ойынханалар әлі жұмыс істеп тұр. Тіпті «букмекерге» ақша тігіп, оңай олжалы болғысы келетіндер көбейіп кеткен. Бұны көзіміз көріп те жүр. Бұл кесел соңғы уақыттары ауылдағы ағайынның да бас ауруына айналып үлгерді. Осы тұста, «Құмар ойындарын қалай тиямыз? Жастарды жуытпаудың жолы бар ма? деген сұрақтарға жауап іздеуге тырыстық. тигізуде. Сондықтан баланы барынша телефоннан алшақ ұстап, салауатты өмір салтын ұстануға баулыған жөн. Әрине технологияның дамыған заманында компьютер және ұялы телефонды мүлдем қолданбау мүмкін емес. Десе де, баланы белгіленген уақытқа үйрету қажет. Яғни мектеп жасындағы балаға 10-15 минуттан бөліп күндігіне 30 минут ойнау жеткілікті, – дейді балалар дәрігері.

Оған қоса, дәрігер 3-4 жас аралығындағы балаларға мүлдем телефонға телміруге болмайтынын ескертті. Өйткені ой өрісі енді қалыптасып келе жатқан баланың психологиясы бұзылып, физикалық жағынан да артта қалады екен. Байқасаңыздар компьютерлік ойындардың дені атыс-шабыс, төбелес болғандықтан оны ойнаған бала бірде жеңеді, бірде жеңіледі. Жеңілген бала оны көтере алмай, ашуға булығып ортамен байланысын үзеді. Сонымен бала өзіне виртуалды әлем жасап, сондағы ойын кейіпкерлерімен достаса бастайды. Осы тұста, кент тұрғыны көп балалы ана Айнұр Әлібекқызының да айтары бар.

– Бірде кішкентай екі ұлым телефонмен ойын ойнап отырды. Күнделікті күйбең тіршілікпен аса мән бермедім. Экранда шаршы алаңға шығып, жекпежек сайысында қан-жоса қып төбелесіп жатқанды көріп отыр. Кенет үлкен ұлым інісінің мойнынан қылқындырып жібермей жылатып жатыр. Екеуін ажыратып, ұлымнан неге жылатқанын сұрадым. Сөйтсем, інісінің бір емес, бірнеше рет виртуалды төбелесте жеңіп кеткеніне қызғанып, ақысын шынайы өмірде қайтарған түрі екен. Шынында бұл ойланарлық, ой саларлық дүние, – дейді кент тұрғыны бізбен әңгімесінде. Расында мұндай баланың бойында мейірімділік, бауырмалдық сынды қасиеттер жоғалып, орнын өшпенділік қатыгездік жаулап бала қоғамнан алшақтай бастайды. Біріншіден бұл баланың психологиясын уласа, екіншіден физикалық дамуы жағынан тежеледі. Бұл көріністі смартфонға жақын әрбір отбасынан көруге болады. Сондықтанда баланы үнемі бақылауда ұстауға барынша уақыт бөлген абзал.

Бұл тұрғыда психолог маман Аида Айнақожаеваның да пікірін біліп, кәсіби кеңесін тыңдадық.
– Жалпы қабырғасы қатпаған, әлемге көзқарасы толық қалыптасып үлгермеген бала компьютер арқылы қажетті ақпарат алып, ондағы ойындар арқылы зұлым және беймәлім әлемге араласуда. Компьютерлік ойындарға бағыныштылық халық ойлағаннан да қауіпті. Көптеген ата-аналар үшін ол ойындарға көмекші-құтқарушы есебінде қарайды. Қосып береді бала сағаттар бойына тыныш отырады, ешкімнің мазасын алмайды, көшеде жүрмейді. Осының себебінен бала ойын кезінде өзін «компьютер батыры» есебінде сезінеді де, сол «батырлықты» ешқандай ойсыз көшеде қайталайды. Компьютерлік ойындар баланың еңбекқорлық қасиетін жоғалтады, мақсатқа ұмтылуға еш тырыспайды. Компьютерге бағыныштылық өскелең ұрпаққа кейде достарын, ата-анасы, мектепті ауыстыруда және бұл процесс балада тез қалыптасады, – дейді психолог маман.

Сонымен қатар, осы құмар ойын жөнінде ауданның «Құм сақаба» мешітінің имамы Ержан Сейітжаппаровтың да пікірін білген едік.

– Қоғам өмірінде құмар ойынға салынып кеткен қаракөздерімізді көріп жүрміз. Талай адамның отбасын ойран қылған карта ойыны жастардың санасын улауда. Бірнеше күн жата-жастана карта ойнайтын ойынпаз жандар жеткілікті. Қолындағы барынан айырылған олар харам дүниеге әуес. Ата-анасының айтқанына көнбеген бауырымыз өзгенің де ақылын алмайды, жақсы жолмен жүруді қаламайды. Құмар ойынға шариғатта тыйым салынған. Соған қарамастан көпшілік харам істі жанына серік етеді. Ақырында өз әрекетінен жақсылық көрмеген кісіде өкініш пайда болатыны хақ. Отбасылық жанжал құмар ойынның кесірінен туындайды. Үйдің берекесін қашырған азарт дүниеден арылу оңай емес. Жас кезінен құмар ойынға бейімделген азаматты дұрыс жолға түсіру оңай емес. Құмар ойыннан аулақ болу керек, – дейді ұстаз.

Қорыта айтқанда, құмар ойындар ересектер санасын улап бітсе, виртуалды әлемге тәуелділік жеткіншектердің психикасына жойқын зардабын тигізуде. Оған қоса, баланың араласатын ортасына да зияны мол. Жасөспірім бала компьютерлік ойында қиратып, өртеп, ұрып жеңіске жеткен сайын өзіне керекті адреналинді алалмай қалса ол, өзін жаман сезініп ауру адамға айналады. Сондықтан ол енді күнделікті осы ойыннан адреналиннің қанындағы өзгерістері болып тұруы үшін әлгіндей ойынға құмарланып, іздеп тұратын болады. Сондықтанда компьютерлік ойындарды жетік меңгеріп шамадан тыс пайдалану әсіресе, жасөспірімдердің жүрегін қатайтып, айналасындағы адамдар мен тіршілік атаулыға мейірімдерін азайтатынын әстеестен шығармаған абзал.

                                                                                                                                                 Әсел РЗАЕВА
16 қыркүйек 2023 ж. 72 0