№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Балжанның бағы жанды

Балжанның бағы жанды


Қазалы ауданы әкімдігінің қолдауымен Қазалы ауданының мәдениет және спорт бөлімі, Қазалы ауданының қоғамдық даму бөлімі және Ғани Мұратбаев ауылдық округ әкімі аппараты мен мәдениет үйінің ұйымдастыруымен еңбек және тыл ардагері Базаркүл Сейітнесіпованың 85 жылдық мерейтойына арналған «Мен анамын бақыт тапқан еңбектен, бір қолыммен бесігімді тербеткен» атты облыстық жас аналар байқауы өткізілді. Аймақтың жас аналарының басын біріктірген байқауға жаңақорғандық келіндер де бақ сынады. Ауданның атынан сынға түскен Балжан Бауыржанқызы олжалы оралып, абыройымызды асырды.


Еңбек және тыл ардагері Базаркүл Сейітнесіпованың 85 жылдық мерей­тойына арналған шара еңбек­кер ананың өмір жолынан сыр шерте­тін прологпен ашылып, ұрпақтарының қатысуымен әзиз анаға сахнада құр­мет көрсетілді. Қазалы аудан әкімі­нің орынбасары Дәурен Тілеумбетов сөз алып, саналы ғұмырын туған жердің өркендеуіне сарп еткен абзал ананы айтулы мерейтойымен құттықтап, аудан әкімінің құттықтауын жеткізді. Мерейтой иесіне арнайы сый-сияпат табыстады және барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Облыстық байқауға Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандарынан 20-40 жас аралығындағы 8 ана қатысып, бақ сынады. Жаңақорған аудан­дық қоғамдық даму бөлімінің жетек­ші маманы Жайна Жиенбаева­ның жетекшілігімен жас ана Балжан Садуова қатысып, жүлделі 2-ші орын иеленіп, 40 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.
– Ұлттық құндылықтар – халқымыз­дың басты байлығы. Халқымыз­дың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын насихаттау мақсатын негізге алған байқау өте жақсы өтті. Қазіргі қоғамда нағыз қазақ анасының бейнесін қалыптастыру, қазақ қыздарына ұлт құндылықтарын дәріп­теу арқылы біз өз құндылықтары­мыз­ды өркендетуге үлес қоса алатыны­мыз­ды көрсетуге тырыстық. Әділ қазылар ал­қасы ІІ орынға лайық деп тапқан екен, қуаныштымын, – дейді байқауға қатысқан жас ана.
Үш кезеңнен тұратын сайыстың алғашқы таныс­тыру бөлімінде қатысу­шы­лар өзі мен отбасы туралы бейнекөрсетілім дайындаса, екінші кезеңде бесік жырын төгілдірді. Келесі кезеңде отбасы құндылықтарын наси­хаттауға байланысты 5-7 минут көле­мінде сахналық көрініс қойып, жиналған қау­ымға рухани ләззат сыйлады.
Балжан қазір аудандық жұмыспен қамту және әлеу­меттік бағдарламалар бөлі­мінде іс жүргізуші болып ең­бек етеді. Кент орталығын­да тұратын Жүсекеевтер әулетінің ибалы келіні. Ата-ененің қасы-қабағына қарап, қара шаңырақтың түтінін түтетіп отырған жан. Жары Әлихан екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеуде.
Міне, «Бір қолымен – бе­сікті, бір қолымен – әлемді тербеткен» аналар осындай ибалылық пен инабаттылықты бойына жи­ып, аяулы жар, асыл ана, сүйікті келін атанып отырса, қандай жарасымды. Бұл байқау Балжанның бағын ашып, тұла бойына біткен дарынын жарқырай көрсетті.
Жарайсың, Балжан!

Әсел Рзаева

12 қазан 2023 ж. 238 0