» » Жайлы автобус – балалар игілігіне

Жайлы автобус – балалар игілігіне

Жаңа оқу жылы басталғалы 4 мектепте білімгерлеріміз жаңа автобуспен барып-қайтуға мүмкіндік алды. Біз жайлы көліктің игілігін көрген оқушылардың қуанышына ортақ болып, көлік жүргізушілерін сөзге тартқан едік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында балалар­ға жан-жақты жағдай жасау, алаңсыз білім алуына қолдау көрсету жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған орай, жас бүлдіршіндеріміздің қауіпсіздігі үшін «жайлы автобус» жолға шықты.
– «Биыл алғаш рет өңірлердегі мек­теп оқушыларын тасымалдау үшін бі­лім ошақтарын автобустармен біржол­ғы қамтамасыз ету міндеті жан-жақты қаралды. Ескірген автокөлікті ауыстыру және көлік жүргізушілердің талапқа сай болуы міндеттелді. Қазір жергі­лікті атқарушы органдарымен бірле­сіп қауіпсіздік шаралары жүргізілуде», – дейді кент әкімі орынбасары Жасұлан Бейсенбеков.
Айта кетейік, аудан бойынша 4 мектепке жаңа автобус берілді. Тарқата айтсақ, №110,№163,№169 және №196 мектептің оқушылары заманауи көліктің игілігін көруде. Жаңа автобустар қауіпсіздік белдіктері бар балалар орындықтарымен, балаларды салонда қалдырудың алдын алу жүйесімен, салонның артқы жағында апаттық шығу жолымен, балалардың бар екендігі туралы сигнал беретін арнайы шамдардың болуымен және балаларды тасымалдау процесінде шамдардың тұтануымен жабдықталған.
Автобус барлық заманауи талаптар­ға сай, қауіпсіздік белдіктері, білім алушының сөмкесіне арналған сөрелері бар. Есік ашық кезде қозғалысты тежейтін механизмі де қарастырылған. Одан бөлек, 60 км/сағ жылдамдық­ты шектегішпен жабдықталған. Бұл дегеніміз жол ережесін қатаң сақтап, бала өмірі үшін жауапкершілікті күшейтеді.
Осы орайда біз Жаңақорған аудан­дық білім бөлімінің басшысы міндетін уақытша атқарушысы Ербол Әлменов­пен жолығып, аудандағы оқушыларды автобуспен тасымалдаудың жай-күйін сұраған едік.
– Аудан бойынша мектеп оқушыларын тасымалдауға арналған 15 көлік бар. Оның сегізі автобус, бесеуі микроавтобус, екеуі жеңіл көлік. Негізі заң бойынша оқушының үйі мен мектебінің арасы үш шақырымнан асса, тасымалдауды ұйымдастыру міндеттеледі. Одан аз болса немесе үш шақырымға 100 метр жетпей қалса тасымалданбайды, – дейді ол.
Ауданның білім бөлімінің басшысы мектеп автобустарының біразын жаңарт­қанын, әрі көлік жүргізушілердің талапқа сай болуын қатаң қадағалағанын айтады. Мектеп оқушыларын автобуспен тасы­малдаудағы өзекті мәселелердің тағы бірі – жүргізуші табу.
– Автобус жүргізушілері «Д» кате­гориясын алу үшін жарты жыл оқиды. «Д» категориясын кез келген адам ала алмайды. Екіншіден, қазір «Д» категориясы бар шопырларды табу оңай емес. Әрі шопырға тағайындалған айлық жалақы орташа, – дейді Н. Илялетдинов атындағы №169 орта мектебінің директоры Әділмырза Тәждинов.
Иә, қауіпсіз әрі қолайлы автобус – көптеген ата-ананың арманы. Жалпы, республика бойынша оқушыларды та­сымалдаудың заманауи форматына сатылап көшіп келеді. Осыдан 4-5 жыл бұрынғы Нұр-Сұлтан қаласындағы School Bus жобасы Жаңақорған ауда­нына да келді. Жоба оқушыларды барлық талаптар мен стандарттарға сай арнайы автобустарда тасымалдаудың қауіпсіз және қолайлы жүйесін құруға бағытталған. Бұл туралы жайлы автобус жүргізушісі Қайрат Арынов былай дейді:
– Біздің категориядағы жүргізушілер сұранысқа ие. Әрі мектеп оқушыларын тасымалдауда қойылар талап та жоғары. Президент жолдауында қоғам балалар үшін қауіпсіз болуы маңызды екенін айтты. Демек біз де қоғам талабына сай балалар қауіпсіздігін басты назарда ұстаймыз. Бұйырса, көп ұзамай осы мәселе де қалыпқа келеді деп ойлаймыз, – деді.
Жайлы автобусқа жайғасқан оқу­шылардың көтеріңкі көңіл күйі де ерек­ше назарымызды аударды. Заманауи үлгідегі құрылғылармен жабдықталған, сыйымдылығы 40 орындық автобусқа алғаш мінген оқушылар қуаныштарын жасыра алмады. «Бұрынғы автобуста жайсыз жағдайлар көп еді, мына автобус келгелі үйге қалай жеткенімізді сезбей қалдық. Өте жайлы, сөмке қоятын орын, қауіпсіздік белбеуі де бар. Мініп-түсетін тепшегі де ыңғайлы», – деп мақ­­тай жөнелді. Ал ұстаздар қауымы: «Балаларды қауіпсіз тасымалдау – біз­дің бақылауымызда. Автобусқа мінетін оқушыларды күтіп алатын кезекшілік ұйымдастырылды. Автобус қауіпсіздік белдіктерімен, мектеп сөмкесіне ар­нал­ған сөрелермен, есіктері ашық кезде қозғалысты тежейтін механизммен және тағы да басқа қауіпсіздік құралдарымен жабдықталған», деп айтып отыр.

Мақпал МАРҚАБАЙ


19 қыркүйек 2023 ж. 209 0