№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Білімге құйылған инвестиция - ел ертеңі үшін

Білімге құйылған инвестиция - ел ертеңі үшін

2022 жыл Жаңақорған жұртшылығы үшін қуанышты жаңалығымен түйінделгенін көрдік. Қос бірдей мектептің лентасы қиылып, жаңа балабақша бой көтерді. Ескірген мектептерге жөндеу жұмыстары жасалып, қайта жаңғырды. Аудан орталығында келер жылы тағы бір мектеп ел игілігіне беріледі. Одан бөлек, тағы екі жеке мектеп құшағын айқара ашты. Жалпы алғанда, біздің ауданда білім саласына басымдық беріліп келеді. Білікті мамандармен, жаңа технологиялармен толығуда. Әрине, шикіліктер де жоқ емес, алайда, бұл балалардың білім алуына, ғылыми бағытта бағдар түзуіне кедергі болмауы керек. Бізге керегі сапалы білім мен заманауи білім ошағы.

 Мемлекет басшысының бастамасымен 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте білім алуына жағдай жасау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынған болатын. Тапсырмаға сәйкес, алдағы 3 жылда Қызылорда облысында 15100 орынға арналған заманауи 21 мектеп салынады деп жоспарлануда. Жобаның жалпы құны – 100 млрд теңге. Атап айтқанда: Қызылордада – 8, Аралда – 4, Қазалыда – 2, Қармақшыда – 2, Жалағашта – 1, Сырдарияда – 1, Шиеліде – 1 және Жаңақорған ауданында заманауи 2 мектеп бой көтереді.

Журналистермен кездесуде басқарма басшысы жоба аясында биыл 10 мектептің құрылысы басталатынын айтып, олардың өзге мектептерден айырмашылығын сөз етті.
– Биыл 10 мектептің құрылысын бастаймыз. Бүгінде барлығының жері рәсімделді. Сметалық құжаттары дайындалды. Жалпы ерекшелігіне келсек, бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимаратының жекелеген блоктарында оқитын болады. Сәйкесінше, олардың өз оқу кабинеттері, әжетханалары, спортзалдары болады. Сондай-ақ бейнебақылау, дыбыстық дабыл сияқты қауіпсіздік нысандары орнатылады, заманауи физика, химия, биология, робототехника сияқты кабинеттермен қамтамасыз етіледі. Арнайы білімді қажет ететін балалар үшін қажетті жағдай жасалады, – деді облыстық білім басқармасы басшысы М.Шермағанбет.

Өткен жылдың соңында ауданға арнайы келген аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жоба аясында Жаңарық ауылы мен Жаңақорған кентінде екі мектептің құрылысы жүретінін айтқан болатын. Одан бөлек, Байкенже ауылында облыстық бюджеттен 150 орындық білім ошағының іргетасы қаланады. Бұл байкенжеліктер үшін қуанышты жаңалық, өйткені, мұндағы мектеп тіпті ескі. Әсіресе, бастауыш мектебінің іргесі сөгіліп тұрғанын көз көріп жүр.

Биыл білім саласына 260 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр екен. Алдағы мақсатміндеттерге тоқталған басқарма басшысы алдағы 3 жылда облыстағы үш ауысымды және апатты мектептердің жағдайы толық шешілетінін айтып, ауылдық елді мекендердегі мектептер жаңғыртудан өтетінін мәлім етті.

«Былтыр апатты деп танылған 6 мектептің үшеуінің мәселесі шешімін тапты, ал қалған 3 мектеп «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын болады. Бұдан бөлек, биыл 5 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ ағымдағы жылы жоспарға сәйкес ауылдық елді мекендегі 47 мектеп жаңғыртудан өткізіліп, 51 мектепке пәндік (физика, химия, биология) кабинеттер алынатын болады», – деді басқарма басшысы.

Білім саласындағы тағы бір қуанышты жаңалық, биыл 1-4 сынып оқушылары мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылатын болады. Бұл облыс бойынша алғаш рет жүзеге асырылып отыр деді облыстық білім басқармасының баспасөз хатшылығы. Балалардың мектепте тамақпен қамтылу тақырыбы алдағы уақытта зерделенетін болады.

Жеке мектептердің барлығы бастауыш сыныптарға арналған болса, келер жылдан бастап жоғары сыныптарға да көшуге мүмкіндік бар. Оған мемлекет қарасады, бала санынан қаржы төленсе, әрбір балаға қосымша ата-ана тағы да төлем жасайды. Тек сапалы білім берілуі керек.

Ә.Жарықбаев

11 наурыз 2023 ж. 375 0