«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Ақмешіттің Астанаға тартуы

Ақмешіттің Астанаға тартуы


Өткен аптаның сенбі күні Сыр диқандары ала жаздай төккен терінің жемісін, қырманға жинап-терген өнімдерін астаналықтарға ұсыну үшін арнайы Елорда төріне аттанды. Жылдағы дәстүр бойынша егінші қауым биыл да жәрмеңке ұйымдастырып, барлық тауар түрін бас қала тұрғындарына тарту етті.


«Балапанды күзде сана» демекші, күзді асыға күтетін Астана жұрты Сырдың ауыл шаруа­шылығы өнімдерін ертерек алуға қам-қарекет қылды. Өткен аптаның сенбі және жексенбі күндері Қазақстан ұлттық өнер уни­верститеті­нің алдына жиналған тұрғындар аймақтың тауарөндірушілерінен келген өнімдерге сұра­нысты екі есе арттырды.
Жәрмеңкеде өңірде өндірілетін отандық өнімдерді қолдау мақсатында арнайы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдас­ты­рылды. Одан бөлек елордалықтарға ерекше көңіл-күй сыйлау үшін Сыр Елінің өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарлама қойылды. Жәрмеңкеде 70-ке жуық Сыр диқандары мен тауар өндірушілері 50 жүк автокөлікпен жалпы құны 200 млн теңгені құрайтын 500 тоннаға жуық өнім ала келіпті.
Арқа төріндегі тұрғындарға 85 жылдық тарихы бар Қызылорда облысының брендіне айналған ақ күріші, балығы мен ас тұзы, қауын мен қарбызы, ұлттық сусындары жеткізілді. Сырбойылықтар жәрмеңкеге 135 тоннадан астам күріш, 10 тонна ет және 30 тоннаға жуық балық өнімдері, 30 тоннадай көкөніс пен жеміс-жидектер, 260 тонна бақша өнімдері, 3 тонна ас тұзы, 10 тоннадай сүт өнімдері, 5 тоннаға жуық сөк, талқан және кондитер өнімдерін ұсынды.
– Сыр елі күріштің Отаны болғаннан соң халық күрішті іздейді. Сондықтан басымдықты осы дақылға бердік. Одан бөлек қаншама тауар түрін жеткіздік, бізде 7 аудан болса, барлық ауданнан өнім әкелінді және қаладан да тауар арнайы келді. Екі күнге жоспарланған жәрмеңке жақсы жүйеленуде, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов.
Астана ақаласын 25 жылдық торқалы тойына тарту жасаған Қызылорда еңбеккерлеріне ел риза. «Өткен жұмада Жамбыл облысының жәрмеңкесі ұйымдастырылса, енді міне біз күткен Сырдың тауарлары келді. Әрине, қуаныштымыз. Нарық бағасынан 15-20 пайыз төмен бағада сатылып жатса қандай тиімді. Әрбір егіншінің еңбегі еш кетпесін ең бастысы, дала төсінде тер төккен диқандарға алыс айтамыз» – дейді астаналық Ағаділ ағамыз.
– Биылғы жәрмеңкеге Жаңақорған ауданы­нан 70 тоннаға жуық өнім жеткізілді. Баға да қолжетімді, сапа да сын көтереді. Шыны керек, тауарлардың сұранысы көңіл қуантады. Әсіресе, ауданнан келген бақша өнімдеріне, бренд болған қауын мен қарбызды тұтынушылардың қарасы көп.
Жалпы біздің диқандар биыл 35 715 гектар­ға ауылшаруашылығы дақылдарын орналастыр­са, соның 7903 гектары күріш өнімі. Қалғаны бақша дақылдары, көкөніс және мал азығы. Жоспар жылдағыдай, тек аяқ судың мәселесіне байланысты күріш көлемін көбейте алмадық. Қалғаны межелі орындалуда, – деді аудандық ауыл­шаруашылығы және жер қатынастары бөлі­мінің басшысы Талғат Зейдалиев.
Айта кететіні, бүгінде Сыр елінің ауыл ша­руа­шылығы өнімдері әлемнің 20 мемлекетіне экспортталуда. Экспортталған өнімнің басым көбі облыстың негізгі дақылы – күріш өнімі болса, бұл өнімдер Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Әзірбай­жан, Өзбекстан, Моңғол мемлекеті, Тәжікстан, Түркмения, Украина, Грузия, Литва, Түркия және Ирак мемлекеттеріне жөнелтілуде. Сондай-ақ, Жайылманың бір қарбызының өзі Ресей нарығын қамтамасыз ете алды. Бұл да аграрлы саланың серпіліп келе жатқанын көрсетеді. Шаруалардың еселі еңбегі, тек аяқ судан тарықпаса диқандар импорт емес, экспортты жылдан жылға еселей беретініне сенімдіміз.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
19 қыркүйек 2023 ж. 228 0