Жаңақорғанда бақылау мен түсіндірме жұмысын жүргізуде
Соңғы күндері Сыр өңірінде кене кеселі көбейді. Өлім фактісі де жоқ емес. Ауру ошағы шыққан аймақтар арасында Жаңақорған ауданын да тіркелген деректер көңіл көншітпейді. Кеше тағы бір жасөспірімнен кене шақты деген дерек тіркелген еді, алайда, дерек теріске шығарылды. Жаман айтпай жақсы жоқ демекші, әрдайым сақтықта болған жөн. Осы жағдайларға байланысты түсіндірме жұмыстары жиі жүргізілуде.
Кеше кешкісін аудан әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы Шерхан Ашимов, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов, аудандық ветеринариялық станция басшысының орынбасары Жомарт Нұрхожаев және кент әкімінің жер жөніндегі маманы Нұрсұлтан Оразалыұлы бастаған топ үй-үйді аралап түсіндірме жұмысын жүргізді. Қорасында мал басы бар тұрғындарға сақтану жолдарын түсіндіріп, қандай дәрі-дәрмек қолдану керектігі бойынша кеңес берілді.
– Жыл сайын түсіндірме жұмыстары жүргізіледі, жыл сайын залалсыздандыру жұмыстары да кезектілікпен іске асады. Бірақ неге жыл сайын кене шағу жағдайы тіркеледі? – деп сұрақты ветеринария саласының мамандарына бағыттады. Одан кейін залалсыздандыру жұмыстарының қаншалықты деңгейде жүріп жатқанына назар аударды. Бұл ретте тиісті сала мамандары кей тұрғындардың залалсыздандыру жұмыстарына кедергі келтіріп, рұқсат бермейтінін жеткізді.
– Ең бастысы, механикалық тазалау жұмысын жүргізу маңызды. Сондай-ақ, малдың астауына да аса мән берген абзал. Кененің паналайтын, ұрық шашатын аумағына аса мұқият болған жөн. Біздің мақсат – тұрғындарға түсіндірме жұмысын жүргізе отырып, осы бір маусымдық кезеңнен аман-есен өтуге жұмылдыру. Бұл мәселе күн тәртібінен түскен емес, күн сайын кентті аралап, тұрғындармен тығыз байланыста боламыз. – Кене – табиғаттың бір жаратылысы, оны табиғаттан біржолата жойып жіберу мүмкін емес. Бірақ одан қорғануға, қауіптің алдын алып, зиянды жәндікті азайтуға атсалысуға болады. Күні кеше С.Сейфуллин ауылдық округінде аса қауіпті әрі жұқпалы Конго ауруның бір жағдайы тіркеліп отыр. Былайынша айтқанда жай түсіндірме жұмыстары сияқты қабылдауларыңыз мүмкін. Бірақ бұл өте қауіпті нәрсе. Биыл кененің белсенділігі жылдағыға қарағанда жоғары болып тұр. «Ауруын жасырған өледі» деген бар. Егер де кене шағуға ұқсас белгілер байқалса, дер кезінде медициналық көмекке жүгінген жөн. Кене уы ағзаға енді тарап жатқан кезде, мүмкін, пациентке көмектесуге болады. Ал у толық жайылған кезде, жағдай қиындай түседі. Сондықтан дене қызуы, кене жабысу сияқты жағдайлар болса, бірден дәрігерге тексерілген дұрыс. Одан бұрын мал қора мен мал-жайдағы тазалыққа аса мән беру керек. Кененің нағыз көбейетін жері – күл-қоқыстың арасы. Сондай жерде кенелер ұялап, ұзақ уақыт өмір сүреді. Оны болдырмас үшін қораны уақытылы тазалап, одан кейін тиісті мамандарға залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге кедергі келтірмеу кере , – деді Шерхан Ашимов.
Көктем-жаз басталса кене де оянып, өз тіршілігіне кіріседі. Күн қатты ысыған сайын олардың белсенділігі жоғарылайды. Сол себепті, қазіргі шілдедегі аптап ыстықта кене шағуынан болатын Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) ауруы да белең алып, аурушаңдық деңгейі өсуде. Аурудың кеңінен таралуы вируспен зақымдалған кенелер санының көбеюімен байланысты. Республика бойынша 5, атап айтқанда, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау облысы табиғи қолайсыз аймақтарға жатады.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы немесе көкала – табиғи ошақтық аса қауіпті вирусты жұқпалы ауру. Оның негізгі қоздырғышы вирус, ал резервуары, яғни, өмір сүру ортасы – мал мен жабайы сүтқоректілер (қоян, тышқан тәрізді кеміргіштер, кірпі және саршұнақ, құмтышқан). Кеселдің жалпы екі сілекей безіндегі қоздырғыш вирус адамның денесіне өтіп ауру шақырады. Ал екінші жолы – ауру адаммен тікелей байланысу арқылы.
Аурудың басты клиникалық белгілеріне дене қызуының көтерілуі, яғни, 38 градустан жоғары болуы, дененің қалтырауы жолмен жұғатыны дәлелденген. Қоздырғышы бар кенелер трансмиссивті жолмен шаққанда оның, терінің бөртіп қызаруы, бастың қатты ауыруы, бұлшық еттердің қатты ауырсынуы және әлсіздік, құсу, іш өту, геморрагиялық қан кетулер жатады.
Кене шаққанда не істеу керек? Оның негізгі қорегі қан болғандықтан адам өміріне өте қауіпті, өлімге әкелуі әбден мүмкін. Теріге жабысқан кенені бірден алып тастау оңайға соқпайды. Сол себепті дер кезінде дәрігерлік көмекке жүгінген жөн. Кенені сығып немесе жарақаттау арқылы теріден жұлуды мүлдем ойламаңыз. Олай жасаған жағдайда ондағы вирус бүкіл денеге тез тарап, жүйке жүйесіне қауіп келтіруі мүмкін. Сондай-ақ, адамның денесінде кене неғұрлым ұзақ болса, аурудың даму қаупі соғұрлым жоғары болады. Дегенмен, кене ара емес, бірден шақпайды және оған екі сағат қажет. Сондықтан уақытылы тексеру барлық қауіптің алдын алады.
Ауруды болдырмау үшін табиғат аясында демалуға барғандар міндетті түрде бір-бірінің үстіне кене жабыспағанын тексеруі керек. Әртүрлі реппелент (иісінен кенелер қашатын крем, майлар) қолдану қажет. Елді мекендерде қоқыстар мен мал қоралардағы ескі көңдерді азайтып, кенелердің өсіп-өнуіне және мекендеуіне жол бермеудің маңызы зор. Ал орманға, тауға серуендеуге барғанда демалатын орынды күн сәулесі мол түскен жерден таңдау ыңғайлы. Өйткені күншуақта кене аз болады. Егер саяхаттап немесе серуендеп жүргенде кене жабысса, мүмкіндігінше дәрігерлік көмекке жүгінген абзал. Шет жақта, қаладан алыс болсаңыз, қолда бар заттармен, жіппен немесе пинцетпен кенені абайлап, еппен ырғап алу қажет. Орнын спиртпен өңдеп, йодпен сүртеді. Кенені қорғаусыз (қолғапсыз) жалаң қолмен ұстамаған абзал.
Иә, сақтықта қорлық жоқ, сондықтан мамандарға құлақ аса отырып, бірлесе жеңіп шығу аса маңызды. Қалғанын уақыт еншісіне қалдырайық...