№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жаңақорған үздік атанды

Жаңақорған үздік атанды



Биыл алғаш рет ұйымдастырылған аймақтық «Үлгілі елді мекен» байқауы мәресіне жетті. Сүйіншілейтін жаңалық Жаңақорған ауданы үш номинация арасынан “Үлгілі аудан орталығы” жүлдесін жеңіп алды. Өңір басшысы облыс орталығында арнайы жеңімпаздарды марапат мінберіне шығарып, арнаулы сый-құрметін көрсетті. Осы бір жеңісіміз Жаңақорған халқының көз алдында “Praim Park” орталығында салтанатты түрде аталып өтті.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен елді мекендерді абаттандыру, көркейту және көгалдандыру, сонымен қатар адам өмiрi мен денсаулығы үшiн қолайлы ортаны қалыптастыру бағытындағы жұмыстарға тұрғындарды жұмылдыру бойынша облыс көлемінде «Үлгілі елді мекен» конкурсы жарияланған болатын. Конкурс нәтижесімен жеңімпаз аудандар мен елді мекендер облыс әкімінің қатысуымен өткен салтанатты шарада түрлі номинациялармен марапатталды.
«Үздік аудан орталығы» номинациясымен Жаңақорған кенті жеңіс тұғырынан көрініп, облыс аудандары ішінде көш бастап І-ші орынға ие болды. Жеңіс үшін жол тазалағыш Камаз және қалд
ық тасымалдаушы МАЗ автокөлігі, сондай-ақ ассенизатор мен кран-манипулятор тарту етілді. – Бүгінгі жеңіс, еңбек пен бірліктің нәтижесі. Әсіресе кент әкімі Әбдірасіл Ысқақұлы бастаған кент әкімі аппараты қызметкерлерінің, тазалықшылардың, көше комитеттері мен қоғамдық ұйымдардың, кент тұрғындары мен қоғам белсенділерінің туған жеріне деген жанашырлығының арқасы.
– Елге болсын деген пейілмен еңбек ететін ерлердің мақсаты бір арнаға түйіскенде осындай жемісті нәтиженің қатары көбейетіні анық. Рас, аз ғана уақытта кентіміз көркейіп, жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Тау беткей жақтан ауданға кіреберіс жолдың бойына әсем безендірілген зәулім қақпа орнатылды. Кент ішіндегі тозығы жеткен жарық шамдар мен электр бағаналары жаңартылуда. Жерлесіміз, кәсіпкер, Марлен Ысқақовтың демеушілігімен заманауи үлгіде «Прайм Парк» демалыс саябағы салынды. Биіктігі 14 метр құрайтын алып Құмсағат бой көтеріп, осы жерден жастар аллеясы пайдалануға берілді. Бұдан өзгеде балалар ойын алаңдары салынып, инфоқұрылымдар жаңартылуда. Кент орталығынан жаңадан 2 мектеп ел игілігіне берілді. Айналмалы жол салынды. Әрине, барлық істе әрдайым демеу беріп отырған аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауын айтып өткім келеді. Тағы да жеңіс құтты болсын, жаңақорғандық жерлестер! – деп аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы ыстық ықыласын білдірді.
«Қос тойың қабат болсын» демекші, тағы бір сүйіншілейтін жаңалық келді. Президенттің тапсырмасына сәйкес, «Жаңақорған ауданының орман және жануарлар дүниесін қорғау» мемлекеттік мекемесінің орманшы инспекторларына орман қоры жерлерін күзету, қорғау және өсімін молайту жұмыстарын сапалы жүргізу мақсатында биыл облыстық бюджеттен 12 млн теңге қаражат бөлініп, 10 дана арнайы қызметтік мотоцикл сатып алынды. Бұл сый ауданымыздың орман шаруашылығы жұмыстарын сапалы атқаруға қызмет ететін болады. Аудан басшысы құттықтау сөзінен соң кент әкіміне жүлдесін табыс етіп, ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген еңбек ерлерін көптің алдында марапаттады. Көпшілік асыға күткен техникалардың және орман қорғаушылардың кілтін арнайы табыстап, қызметтеріне сәттілік тіледі. Кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Серқожа Ыдырысов құттықтауын жеткізіп, жерлестеріне алғыс білдірді.
Салтанатты шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. – Әлеуметтік желіден көріп, жеңіске жеткенімізді естіп қуанып жатырмыз. Әрине бұл тек санаулы қызметкерлердің емес, барша аудан халқының ортақ жемісі. Бүгін концерттік кешке арнайы келіп, қуанышты сәтке куә болудамыз. Жаңақорған ауданы әрдайым жеңіс тұғырында. Осы несібемізден Алла тайдырмасын, бұйырса бұдан да биіктерден көрінуге жазсын, – деп көпбалалы Жамила анамыз жылы лебізін білдірді. Иә, бірлескен істе береке бар, ерен еңбек, төгілген маңдай тер, таңнан кешке дейінгі тынымсыз тірліктің өтеуі осы болды. Жеңісті күндеріміз көп болғай!

                                                                                                                                              Әлібек Жарықбаев
15 шілде 2023 ж. 201 0