Даниярдың дара болмысы
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», дейді қазақ. Иа, жоқжітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан қасиет. Әсіресе, көптің мәселесін қарақан бастың қамынан жоғары қою – елжандылықты екшейтін болмыс болса керек. Қайырымдылық жасау үшін асып-тасып бай болудың қажеті шамалы, ең бастысы мейірімді жүрегің мен таза ниетің болса жеткілікті. Міне, осы тұрғыда жеке кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты Данияр Досантаевты бөлежара айтсақ артық емес. Осындай жүрегі мейірімге толы азаматтың әрбір ісі көпке өнеге.
Соңғы уақыттары батыл қадамға барып, кәсіптің көзін тапқан азаматтар аз емес. Осы тұста, депутат Даниярдың мақсат-мүддесі айқын.
– Әкем мен анам күн-түн демей еңбек етті. Бала күнімізден әке-шешемізге қолғабыс ететінбіз. Әкеміз бізге өмірлік ұстаз болды. Еңбекке ерте араласып, шаруаның жайын білуге себепкер осы кісілер десем артық болмас. Орта мектепті бітіргеннен кейін, Алматы қаласындағы Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетіне алғашқы әскери дайындық мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтадым. Еңбек жолымды аудандағы қиыршық тас өндіретін «КДСМ Қыран» ЖШС-де жүргізуші болып бастадым. 2009-2012 жылы «Құмкөл» мұнайгаз кен орнында оператор қызметін атқардым. 2012 жылдан бастап «Тау-Кен» өндірісінен жинаған тәжірибемді аудан халқына жұмсау мақсатында «Мадияр» дара кәсіпкерлігін аштым. Алғашында жүк көліктерін жалға алып, қиыршық тас өнімін аудан, облыс тұтынушыларына JT Әсел КЕҢЕСҚЫЗЫ тікелей тасымалдадық. Ұйымшыл ұжым мен ерен еңбектің арқасында жеке кәсіпкерлігіміз кеңейіп, ауданда алғашқылардың бірі болып бетон зауытын аштым. Бүгінде өзім секілді қарапайым отбасынан шыққан 35 жас жігітті жұмыспен қамтып отырмын, – дейді ол.
– «Сөзіне қарай кісі ал, Кісіге қарап сөз алма» деп Абай Құнанбайұлы айтқандай, сөзі мен ісі келісті адам ғана қашанда құрмет пен мақтауға лайық. Көрген көзге нұр сыйлап, еңбегінің нәтижесімен айналасын қуантып жүретін Даниярды жұртшылық та жақсы көреді, қайырымдылықты жаршысы деп бағалайды. Бұған не айтасыз?
– Кәсіпкерлік саладан бөлек қайырымдылық бағытта «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қорының белсенді мүшесімін. Қордың мұқтаж отбасыларына асар әдісімен тұрғын үй салу жобасына жетекшілік етудемін. Қазақ халқы табиғатынан қайырымды ғой. Жоқжітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу, көмекке мұқтаж адамға көмек көрсетіп, қайырымдылық жасау, кіріптарға қайыр беріп, қарттарды аялауды, мүгедектерді қолдапқорғау сынды ертеден қалыптасқан ізгі қасиет қой. Бірлесіп істеген жұмыс тез әрі қарқынды болады. Сол себепті де, ауданның белді жастары жиналып, «Асар» үрдісін қайта жаңғыртып, біраз жұмысты жүйелеп келе жатырмыз. Бүгінде көптеген жастарымыз іс-шараларға белсенді түрде атсалысады. Одан бөлек, жанашыр азаматтардың қолдауымен сырқат балалардың еміне көмектесуді мұрат етіп келеміз. Қоғамдық қор құрылғалы әлеуметтік жағынан аз қамтылған мүмкіндігі шектеулі санаттағы 11 отбасына тұрғын үй құрылысын жүргізіп, табыстадық. Осындай істің басы-қасында жүрген азаматтарға, ауданымыздағы кәсіпкер жігіттерге ризашылығымды білдіремін. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демей ме, бәріміз жұдырықтай жұмылып, міне 11 отбасыны қуантып үлгердік.
– Аудандық мәслихатқа депутаттыққа келуіңізге не түрткі болды?
– Жас кезімнен кәсіпке үйір болып, елмен, қоғаммен тығыз байланыста болдым. Жасыратыны жоқ, біздің қоғамда кез келген әлеуметтік мәселеге әкімдіктегілер ғана жауапты деп ойлайтындар бар. Шын мәнінде жайлы өмір сүру өзімізге байланысты екенін естен шығармасақ. Жақсылық жасауды өзіме жеке басым үшін емес, Алла разылығы үшін міндет еттім. Сауап түгесілмейтін нығмет қой. Осы сайлау болады деген уақытта, қаламы қарымды журналист Әбдісамат Әбдіш фейсбук парақшасына «Кімнің депутат болғанын қалар едіңіз?» деп пост салған екен. Халықтың барлығы дерлік менің аты-жөнімді жазып, қолдау білдіріпті. Содан тәуекел етіп, өзімнің бағдарламамды ұсындым. Шүкір, көпшіліктің қолдауымен, халықтың сенімі ақталып, депутат болып сайландым.
– Сайлауалды бағдарламаңызбен таныспын. Онда халыққа маңызды 6 күрмеулі мәселені шешуге жұмыс жасайтыныңды айтқан едіңіз? Бұл уәдеңізді орындай алдыңыз ба?
– Иа, бағдарламамда аудандағы жаяу жүргіншілер жолын салу, балаларға арналған спорт алаңдары мен мәдени нысандарының құрылысына жағдай жасауды алғашқы орынға қойдым. Қандөз ауылдық округіндегі ішкі жолдардың асфальттануы мен көшені жарықтандыру, абаттандыру мен Қалғансырға баратын жол мәселесі бойынша аудандық бюджеттің мүмкіндігіне қарай ұсыныс жасайтынымды айтқан едім. Одан бөлек, ауыл жастарының кәсіпкерлікпен айналысуына демеу көрсетіп, «Жас кәсіпкер», «Дипломмен ауылға» бағдарламаларымен жұмыс істеуге және жастардың ұлттық спорт түрлерімен тұрақты айналысуына жағдай жасауға және Жаңақорған кентіндегі Б.Байкенжеев және З.Мұсаханов көшелерінің аралығын абаттандыруға, учаскеме қарасты барлық көшелердің тазалығын қадағалауға уәде еткенмін. Сонымен қатар, қайырымдылық бағытта жалғыз басты аналар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы мүшелерінің әл-ауқатын жақсартуға, кент бойынша электр желілері мен бағаналарын жаңғыртуға ықпал етуге, №169 орта мектебіне қарай қоғамдық маршруттың жүруіне жұмыс жасайтынымды айтқан болатынмын. Шүкір, барлығы дерлік өз ретімен, өз жолымен шешіліп келе жатыр. Тек, қана №51 мектептің артына ойын алаңқайын салуда аздап мәселелер туындап жатыр. Ол да шешіледі деп есепттеймін.
Сондай-ақ, кәсіпкерлер бүгінгі қоғамның және ел экономикасының бастамашыл тобы болғандықтан кәсіпкерлікті қолдау, шағын және орта бизнесті дамытуға арналған бағдарламалар белсенділігін арттыруды ұйымдастырғым келеді. Бағдарламадан тыс халықтың талап-тілегін тыңдап, сол бойынша басқа да жобаларды іске асыруға күш салатын боламын.
– Табысты болу үшін нені білу керек?
– Әкем үнемі: «Бір істі бастадың ба, тастама. Түбінде жемісін береді» деп отырады. Қазір көп жастарда тұрақтылық жетіспейді. Бір істі бастайды да табысқа кенеле қоймадым деп, екіншісіне ауысып жатады. Ешқашан өрлеу, алға жылжу болмайды. Ең бастысы – тұрақтылық, қиындықтарға төзіп, алған беттен таймайтын қайсарлық қажет. Табыс адамға аспаннан салбырап түспейтіні бәрімізге мәлім. Әрбір адам жетістікке жету сапарында қайткен күнде сәтсіздікке ұшырауы ықтимал. Құлаған орыннан қайта тұрып, еңсе тіктеудің өзі батылдық. Бүгінгі жетістіктерім мақсат қойып, табандылықтан таймауымнан нәтижесі шығар.
– Бұдан бөлек, қоғам үшін пайдалы қандай істі қолға алу жоспарыңызда бар?
– Елдің ертеңі – жастар. Олар білімді әрі дені сау болса, мемлекетіміз гүлденері сөзсіз. Сондықтан мен жеткіншектердің сапалы білім алуы мен спортқа бейім болып өскендігін қалаймын. Осы орайда қаржылай қолдаудан бөлек олармен емен-жарқын тілдесу маңызды. Ойларын біліп, пікірлерімен санасып отырғанды құп көремін. Өзім төрт ұл өсіріп отырмын. Мен оларға дауыс көтеріп жекіген емеспін. Барынша жәй сөзбен айтып түсіндіремін. Сол сияқты, қазір қоғам қатыгезденіп барады. Өсіп келе жатқан жастарға дауыс көтеріп, айқайламай, дұрыс бағыт-бағдар беруіміз керек.
– Қоғамда өзіңізді қандай мəселе алаңдатады?
– Мені алаңдатар мəселе көп... Жастардың арасында ажырасушылық, тастанды балалар көбейіп кетті. Осындай оқиғаны көріп-өскен ұрпақтың ертеңгі жайы не болар екен деп алаңдаймын. Қазір тоқшылық, тыныштық заман. Осыған шүкір етемін. Тек соның қадірін жастар білсе екен деп ойлаймын.
– Қазір интернеттің дәуірі жүріп тұр. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді желінің де жақсы және жаман тұстары бар. Нақтысы, адам санасын улайтын да, теріс жолға түсіріп, адал табысыңды тонайтын да – осы желі. Өзіңіздің желі қолданушысы және депутат ретінде қазіргі жастардың беталысы жайындағы ойыңызды білсек...
– Жөн сөз. Қазір желі әлемді кіндігінен байлап, өз иіріміне тартып барады. Жетегінде көптеген жастар кетті. Салдарынан қазіргі буын кітап, газетжурнал оқуды қойып, желідегі арзан қауесеттерге үйірсек болып жүргенін жасыра алмаймыз. Бұл – шындық. Оның үстіне, интернет иіріміндегі әртүрлі жазбалар мен пікірлерден саяси астар іздеп, жалған ақпаратқа сенетіндер көбейген. Сондықтан мейлінше әлеуметтік желіні дұрыс пайдалана білген жөн. Өскелең жастар ғаламтор мүмкіндіктерін өз мақсаттарына ұтымды қолданып, уақытының басым бөлігін кітап оқуға арнап, рухани азықтануға шақырар едім. «Кітап – маған тақтан да қымбат» деген У.Шекспирдің сөзін әр буын өз әлінше түсіне білсе деймін. Өз басым әлеуметтік желіге ақпарат көруге ғана кіріп, өзіме қажетті мағлұматтарды ғана алып отырамын.
– Отбасыңыз жайында айтсаңыз.
– Шүкір, үйде ата-анамды төредей күтіп, мені сыйлап отырған Назгүл есімді жарым бар. Алланың қалауымен төрт ұлдың ата-анасы атандық. Осы отбасымның береке бірлігін сақтап, ұлдарымды атқа қондырсам, елдің азаматы етуге ықпал етсем, менің әкелік парызымның орындалғаны деп білемін. Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы, ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы – балаларымның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүрсе деп ойлаймын.
– Сұхбатыңызға рахмет, ісіңіз берекелі болсын.
Әсел Рзаева