№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » САДРИДДИН: “ҚАЗАҚТЫҢ ТУЫН ТҰҒЫРДАН ТҮСІРМЕЙМІН”

САДРИДДИН: “ҚАЗАҚТЫҢ ТУЫН ТҰҒЫРДАН ТҮСІРМЕЙМІН”



Қазақ спортының ғана емес, әлем боксының жарық жұлдызы, кәсіпқой боксшы, бес бірдей белбеудің иегері, хас балуан Садриддин Ахмедов Жаңақорған топырағында қонақта болды. Ата-бабасының кіндік қаны тамған Қожакент ауылына арнайы ат басын бұрып, Құран бағыштап, Хорасан ата басына тағзым етуге келген қазақтың батыр ұлын ауылдастары құрмет төріне шығарды. Елдің мерейін өсіріп, байрағын көкте желбіретіп жүрген қазақтың оғыланымен кездесудің сәті түсіп, біз де пікірлесіп қалдық.
Асылбек Айтжанов ағамыз бастаған қожакенттік ел ағалары мен жастар, барша ауылдағы ағайынның басы бір күнде бір арнаға тоғысып, інілерін ізетпен күтіп алды. Алдымен боксшы Қожакент ауылдық клуб үйінің фойесінде жергілікті халықты ауданның 95 жылдығы және “Жаңақорған тынысы” газетінің 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Жерлестері асыға күткен кештің шымылдығы мың бұралған бимен, әсем әуенмен басталып, чемпионды төрге оздырды. Емін-еркін сұхбатпен өрілген шырайлы кешті Асылбек ағамыз өзі жүргізіп, сұрақ-жауап ретінде өткізді.

– Киелі шаңыраққа Садриддин ініміз келді дегенді естіп, аталарының ақ батасын алсын, ізінен ерген балаларға шабыт берсін, құрдастарымен сырлассын деген ниетте осы кездесуді ұйымдастырдық. Бұл Қожакент ауылында алғаш рет ұйымдастырылып жатқан спорттағы ең шоқтығы биік шара деуге болады. Бауырымыз жай ғана боксшы емес, қазақ ұлтының намысын ту етіп көтеріп жүрген азамат. Садриддиннің біздің ауылға келуінің себебі көп. Ата-бабасының ғана емес, әкесінің де кіндік қаны тамған жері осы ауыл. Қазір ауылда әкесінің ағасы, жалпы туыстары тұрады. Сондықтан батырға құрмет көрсетуді мақсат еттік. Қолдау білдіріп, демеушілік жасаған ауыл азаматтарына мың алғыс, – деп Асылбек ағамыз сөз бастады.


Иә, Садриддин Алиханұлының жақын бауырлары осы ауылда тұрады. Әкесі Жетісайға көшіп, батырдың кіндігі сол өңірде кесіліп, мектеп табалдырығын аттаған сәтте Елордаға қоныстанып, сонда спорт әліппесін үйренеді. Әуесқойлар арасында талай тұғырды бағындырып, небәрі 19 жасында кәсіпқой боксқа ауысып, 5 жылдан астам ринг төрінде тер төгіп келеді.

– Ең бірінші, осындай құрмет көрсетіп жатқан барша ағайынға Алла разы болсын. Қожакент ауылы мен үшін қашанда ыстық. Әкем, аға-көкелерім осы ауылдың төл перзенті. Сондықтан сәлем беріп, Жаңақорған жеріне жиі келуімнің себебі де осы, – деді батыр.


Аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлының арнайы құттықтауын аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов табыс етіп, тілектестігін білдірді. Аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Әбілқайыр Сыздықов та өз кезегінде жылы лебізін қосты. Сұхбаттасу сәтінде жас ақын Көкен Өскенбай арнауын арнады. Кезек сұрақ-жауапқа ойысты. Бірінші болып аудандағы таеквандо спортының аға бапкері Кәмілжан Нақышпанов қонақтың қадамына құт тілеп, алдағы жоспарын сұрады.

– Негізінен менің шет елде жүргеніме 10 жылдан асты, кәсіпқой бокста 13 жекпе-жек өткізіп, барлығында ел туын тік көтердім. Менің бұрынғы демеушілеріммен келісім-шартым аяқталды. Алла бұйырса, жақын күндері АҚШ-қа жол жүріп, жаңа жолымды қалыптастырамын. Құжаттар дайындалып, барлық мүмкіндіктер қарастырылды. Сол үшін туған елімнің тынысымен тыныстап, сағынышымды басуға Қазақстанға келдім. Қасиетті Қожакент жеріне келу себебім – атабаба аруғына Құран бағыштап, көзі тірі батагөй ақсақалдардың ақ батасын алып, құрылық асуды мақсат еттім, – деп жоспарын қысқаша бөлісті. Одан әрі кеш жеткіншектердің сауалдарымен жалғасты. – Аға, Канеломен кездесуіңізді күтіп жүрміз, – деген жастар тілегіне: – Алла қаласа, ол күн де алыс емес, тек ол спортық мансабын ертерек аяқтап қоймаса мен дайынмын. Қазір болса да дайынмын, бірақ ережелері бар, сәл шыдаңыздар, – деді.
– Үлкен спортқа қалай келдіңіз?
– Негізі мен спортты күрестен бастадым, бала кезгі арманым еді. Бірақ, бір финалдық кездесуде ағам жеңіліп қалып, қатты жылаған болатын. Сол ағамның көз жасы маған шабыт беріп, бірден бокс үйірмесіне бардым.
– Неге кәсіпқой боксты таңдадыңыз, неге әуесқой емес?
– Әуесқой бокста да жетістігім аз болмады. Небәрі 13 жасымда ел чемпионы атандым, кез келген спортшының арманы – Олимп шыңын бағындыру, бірақ менің мақсатым бөлек болды. Сондықтан ертерек кәсіпқой боксқа ауыстым. – Жастарға қандай ақыл-кеңесіңізді айтасыз?
– Ең бірінші жүрегімізде рух, қазақ деген ұлттың намысы тұруы керек. Үлкен спортта қиындық өте көп кездеседі, сынып қалмауымыз керек. Жарты жолдан тастап кету деген үлкен қателік болады. Мені де бокстан кету жайы ойландырған, бірақ бала кезгі арман, бойымдағы талант, кеудемдегі қазақтың рухы мені қайта спортқа алып келді. Жасым 25-те, әлі 10 жылдан астам әлем төрінде қазақтың атын паш ететін боламын.
Сондықтан сіздерге де айтарым, тек алға ұмтылу керек. Қолына былғары қолғап киген ауыл балаларының сауалы толастамады.
Кездесу соңы Изатулла Үсенов ағамыздың тілегі, Мұстафа ақсақал мен Әділбек қарияның батасымен түйінделді. Қожакенттік ағайын чемпионға шапан жауып, ат мінгізіп, құрмет көрсетті. Соңынан боксшы спорт кешеніне барып жастарға мастер-класс көрсетті. Кешқұрым дастархандас болған азаматтар тағы да емін-еркін дидарласты.
Иә, “Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем береді” демекші, алыстан ат арытып келген ұлт мақтанышы болған ұлдарына Асылбек ағамыз бастаған ағайындар осылай құрмет көрсетті. Бәрекелді..!

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ


28 мамыр 2023 ж. 132 0