Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Хасантану Жаңақорғаннан басталған

Хасантану Жаңақорғаннан басталған



Мамыр айының мерекелі күндерімен тұспатұс Алматы қаласында ұйымдастырылған қазақтың көрнекті қоғам қайраткері, алаштанушы, халықаралық журналист, Қазақстан Журналистика академиясы «Алтын самұрық» сыйлығының және «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Хасан Оралтайдың туғанына 90 жыл толуына орай «Хасан Оралтай және ел тәуелсіздігі үшін қызмет етудің құндылығы» атты халықаралық ғылыми практикалық конференцияға шақырту алғанымды зор мақтаныш санаймын. Аяулы есімге деген ескірмейтін сүйіспеншілік сезім мені қолдыаяққа тұрғызбай шара өтетін үлкен конференц залдың қақ төрінен бір-ақ шығарды.
Хасан Оралтайды қазақты қойып иісі мұсылманға таныстырып жатудың қажеті жоқ шығар. Бірақ осынау бүкіл ғұмыры ұлттың қамын
жеумен өткен қайраткер тұлғаның есіміне еліміз азаттық алған күннен кейін ғана қанық болып, қадіріне жетіп жатқанымыз жасырын емес. Хасан Оралтай 1965 жылдан 1995 жылға дейін отыз жыл Германияның Мюнхен қаласындағы АҚШ-тың «Азаттық» радиосының қазақ бөлімінде тілшіден директорлыққа дейін сатыларда қызмет етіп, елінің тәуелсіздігі үшін ақпарат айдынында жылдар бойы күресіп, ел
тыңдауға қорқатын батыл пікірлерді әуе толқыны арқылы бүкіл әлемге таратуға мүмкіндік алды.
Ұлт үшін ұлы оқиға – Қазақстанның өз тәуелсіздігін алуын жер жүзіне тұңғыш жариялаған да осы «Азаттық» радиосы еді. Хасан Оралтай 1933 жылы Қытайдың Шыңжаң өлкесі Манас ауданында дүниеге келген. Әкесі Манас ауданының әкімі болған Қалибек Райымбекұлы Шыңжаң өлкесіндегі қазақ, ұйғырдың ұлттық теңдік пен бостандық үшін күресіне жетекшілік еткен кісі ретінде құғынға түсіп, бас сауғалап, Тарым шөлін басып, Гималай тауын асып, Кашмирге аяқ іліктірген екен. Осында жеткенше жол бойы азапты сапарда бес перзентін жер қойнына берген қамкөңіл ата-ана қолында ұстап қалған жалғыз ұлдары Хасанды мектепке беріп, ағылшын тілін меңгертеді. Одан әрі отбасы 1955 жылы Түркияға өткен. Жаңа ортада күнкөріс оңай емес, қара жұмысқа жалданған жас өрен өздерінің атажұртын тастап Анадолыда бас сауғалап жүрген жағдайының түп төркінін саралап, саяси көзқарасы пісіп-жетіле келе, қазақ халқының сорлауының басты сыры отаршылықта екенін дөп басып, коммунистік империяның бұғауын бұзып, тәуелсіздік үшін күрес жүргізуде саяси күрестің жаңа тәсілі – ақпараттық майданның қызу ортасына бел шешіп кіріседі.
Ізмірдегі «Түрік-американ» журналында Гималай тауында қайтыс болған тумаластары жөнінде жазған тырнақалды туындысы жарияланады. Қазақ деген халықтың барын еш білмейтін, өзін жапон ба, не кәріс пе деп шатастыратын айналаның көзін ашуды мұрат тұтқан ұлан «Гималай дастаны» деген көлемді еңбек жазып, «Ege ekspress» газетінің 40 – санына дейін үзбей сериялы мақалаларын жариялап, қазақтың кім екені, атажұртынан босып кетуінің себебі мен салдарын өзі сүйектен өткізген әділетсіздіктермен айқындап жазады.
Осының бәрі кіндік қаны тамған туған жерге деген ерен махаббаттың белгісі еді.
«Ұлтшыл болу деген, яғни өз ұлтын сүю деген барлық өзге ұлт, өзге халықты сүю деген сөз. Өйткені ұлтын сүймеген адам басқаны да жарылқай алмайды» деп жазады ол рухани, саяси кемелденген кезінде жазған «Елімайлап өткен өмір» атты еңбегінде. Күрескерлік – Хасекеңнің дара мінезі. Бұл оған тегі түркіден, ұлты қазақтан дарыған қасиет. Ол жалғыз жүріп күресе жүріп, қазақ елінің тәуелсіздігін көзімен көрді, шарапатына бөленді. Бүгінде тарих оның арманын баянды етуде, түркі мемлекеттері ұйымы құрылып, мемлекет аралық береке-бірлігі нығайып келеді. Тағдырдың жазуымен, заман ағымымен шетелде бас сауғалап, қиынқыстауда шыңдалып, мың өліп, мың тіріліп, Шығыс Түркістаннан Түркияға, Түркиядан Еуропаға жетіп, алыста жүрсе де азаттық үшін күресіп, Әлихан, Міржақып, Мұстафа Шоқай сынды арыстардың идеяларын жалғастырып, солардың аңсаған арманы – Қазақстанның тәуелсіздігіне қол жеткізгенін көзімен көріп, соған өзі де лайықты үлес қоса алған Хасан ағамыз, міне, осындай азамат еді. Мен енді өзімнің Хасан Оралтай ағамен таныстығымның қалай басталғанын қысқаша айтып өтейін. 1994 жылы Хасан Оралтай Алматыға келген сапарында Түркістан топырағына аяқ басты. Осы жолы Хасан Оралтайға Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық Қазақ түрік университетінің Құрметті профессоры атағы берілді. Ол осы келген сапарында өзінің рухани досы Жаңақорған жерінің тумасы Амангелді Есейдің бастауымен Жаңақорған ауданының Кейден ауылына ат басын тіреді. Міне, осы жерде аудан басшысы бастаған руханиятқа жақын жүретін азаматтар аяулы тұлғамен арқа-жарқа сұхбаттасып, жандүниесін тереңінен танып білдік. Осы бір әсерлі басқосуда қонақтың өтінішімен «Елімай», тағы басқа халықтық әндер шырқалды. Хасекең әңгіме үстінде бүгінгі өтпелі кезеңдегі экономикалық қиыншылықтардың уақытша екенін, нарық экономикасына батыл кіру үшін халық өзі де өнім өндірумен айналысып, оны нарыққа шығару керектігін, ең бастысы, Қазақстанның тәуелсіздігін қорғауға, оны нығайтуға күш салудың қажеттігін айтып отырды.
Бұл тәуелсіздікті еліміз үш ғасырдай күтті, енді оны қолдан шығарып алмауға тиіспіз деді. Ол осы жолы Кейден ауылында салынып жатқан мешітке деп 100 мың теңге қаржы ұсынды. Оның дінге де құрметпен қарайтынын, оны имандылықтың, адамгершілік тәрбиесінің негізі деп санайтынын аңғардық. Міне, осы келген сапарында Хасан Оралтайды жанындағы кісілермен бірге отбасыма қонаққа шақырып, сый-құрмет көрсеттім. Ол аяқ жетер жерде мешіт тұрғанда үйге қалған жарамас деп намазды мешітке барып оқыды. Ойсыз құр жүрген екенбіз, мешітте намаз оқу керегін біз сонда алғаш санамызға түйіппіз. Қоштасарда ол бәрімізге ризалығын білдіріп, осындағы ағайынды еліне қонаққа шақырып кетті. Тоқыраудың тұсы еді, сөйтсе де тоқсан алтыншы жылы қадірлі досты қуантқымыз келіп, бірнеше кісі жолға шықтық. Германияның Мюнхен қаласында тұратын ол жазғы демалысының көбін Түркияның Ізмірге жақын Өздередегі үйінде өткізеді екен, сол мекенге біздің де табанымыз тиіп, жаралы жүрек бауырымыздың жанында болып, талай шүйіркелестік. Хасен ағаның үш қабатты үйінің қонақ күтетін кең бөлмесінің төрінде әкесі Қалибек пен Оспан батырдың, қазақ мемлекетін құрып, соның қалыптасуына жанын сала күрескен қайраткер Әлихан Бөкейханұлының портреттері қасқиып ілулі тұратын. Хасекеңнің Эгей теңізі жағасында орналасқан Өзгередегі үш қабатты вилласында толып жатқан төте және кирилл әрпімен жазылған орыс, араб, неміс тіліндегі құнды кітаптар көп еді. Хасен аға Германияда не Түркияда жүрсе де сонда оқитын қазақ жастарына қамқор болып, шапағатын тигізіп отыратынын байқадым. Тіпті біздің барып-келу шығынымызға да алаң болып отыратын ол кісінің бауырға деген соншалықты қамқор көңілі еріксіз жүрегімізді елжіретуші еді. Елден жырақта жүрген қандастарымыз қазақтың бүкіл құндылығын көздің қарашығындай сақтайтынына біздің сол сапарларда талай көзіміз жетті. Қонақ болып барған бізді күнде бір қазақтың үйіне меймандыққа шақырады. Бірде таң қалғаным, үлкен кәсібі бар бір қазақ бауырымыз таудың етегін кең жайлап, тігілген ақшаңқан үйлердің төбесіне «Қазақ өлкесіне хош келдіңіздер!» деп қазақ пен түріктің туын қатар тігіпті. Сегіз қанат ақбоз үйдің іші тегіс қазақша безендірілген, ата-баба тұтынған дүниемүліктің музейі іспеттес, өткен ғасырға топ ете қалып, төрдегі домбыраны қолға алғанымыз сол еді, Дүкен Мәсімханов бауырымыз келіншегі Айнұрға ымдағаны сол, домбыраны қолға алған Айнұр «Айқаракөзді» үзілдіріп қоя берді. Одан соң қаншама ән айтты. Шетте жүрген қамкөңіл бауырларымыздың ғасырлар қордаланған шер толқынынТүркия алаптарынан Алатауға асырып салар өнер құдіретіне сол кезде бір басымызды идік. Тәуелсіздіктің арқасы, Жаңақорғаннан барып, бұған дейін де Түркияның саяси мәдени элитасының тоқайласар қасиетті ордасы болған шаңырақта аунап-қунап талай рет жатып қайттық. Ол өзі де өмір бойы Әлихан, Міржақып, Мұстафа Шоқай сынды арыстардың идеяларын жалғап, солардың аңсаған арманы – Қазақстанның тәуелсіздігіне қол жеткізгенін өз көзімен көрген жан еді. Темір құрсаулы КСРО заманын өзінде алаштың арыстарын жоқтай алған, қазақ ұлтын әлемге танытып, онымен қоса өзінің тәуелсіз ой-пікірін жалпақ әлемге жариялауға қолындағы техникалық механизмді иелене алған жалғыз қазақ «Желтоқсан оқиғасының тарихи астарын әйгілеп, жер жүзіне жария етіп, Мәскеудегі Орталық комитеттің «қазақ жастары бұзақы, маскүнем» деген сипаттағы қабылдаған қаулысын қайтарып алуға мәжбүр етті, Мұхтар Шахановқа 4 томдық материал беріп, сьезде желтоқсан туралы мәселе көтеруіне ықпал еткені де өз алдына бір ерлік. «Құлағымнан қозының жамыраған үні кетпейді» 2015 жылы Жаңақорған ауданына әкім болып келген руханиятқа жаны жақын Руслан Рүстемов ініміз тағдырлы жазушының «Елім-айлап өткен өмір» кітабымен танысып, сол ақтаңдақтарды айна-қатесіз жеткізген Хасан сынды арда ұлдың ұрпаққа аманаты мәселесі нәзік жүрекке тыншу бермегені сонша бір күні мені шақырып алып кеңесіп, демеушілік жәрдеміме иек артып, республикалық, тіпті мүмкін халықаралық деңгейде деуге болар, «Хасан Оралтай – Алашшыл қайраткер» деген тақырыпта ғылымитанымдық конференцияны Жаңақорған жерінде ұйымдастыруға мүдде біріктірдік. Шарамызға академик Мәмбет Қойгелді, Түркиядағы қандасымыз, ғылым докторы Әбдуоқап Қара, Мюнхен әуежайындағы «Түрік әуе жолдары» әуе компаниясы өкілдігінің басшысы Исмайыл Пынар, Хасан Оралтайдың ұлы Бөгенбай, жазушы Смағұл Елубай, тарих ғылымдарының докторы Нәбижан Мұхаметханұлы, ғалым – профессор Меруерт Аңсатова сынды азаматтар келіп, Хасан Оралтайдың бүкіл еңбегінің ғылыми түрде жан-жақты саралануына жол ашты. Хасантану Жаңақорғаннан басталған деп отырғанымыздың да мәнісі сол.
Міне, содан соң жеті жылдан соң рухани астанамыз Алматыда ұйымдастырылып отырған конференция жұмысына Руслан екеуміздің де арнайы шақыру алғандығымыздың бір себебі де осы болар. Тағылымды шарада Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің Құттықтау хатынан соң сөз алған қоғам қайраткерлері Мекемтас Мырзахметұлы, Смағұл Елубай, Мәмбет Қойгелді, Ұлықбек Есдәулет, Сағымбай Қозыбаев, Омарәлі Әділбектің жүрекжарды лебіздерін толқымай тыңдау мүмкін емес. Соның ішінде «Азаттық радиосының бұрынғы директоры Чарлз Карлсонның өзімен бірге қызметтес болған Хасан Оралтайдың «Егемен ел болдық.
Оның тірегі – ұлт.Алдыңғы қатарлы ел болуымыз үшін ұлт саналы болуы керек» деген сөздерін шамашарқынша қазақ тілінде өрнектеп жеткізуге тырысқаны жандүниемізді тербеді. Осы отырыста көңілде ерекше толқыныс тудырған «Бельгер деген қазақ жазушысы бар. Өзі қазақтың тілін терең зерттей отырып, бұл тілдің дүниежүзінде ең бай тіл екеніне көзін жеткізген. Сондықтан да алдағы уақытта түркітілдес халықтардың ішінде ортақ тіл – қазақ тілі болуы тиіс» деген деген тұжырымдардың төбемізді көкке жеткізгендей болғанын айтқым келеді. Келесі кезек баяндамаға беріліп, әр сала бойынша ғылым докторлары, профессорлар Тұрсын Жұртбай, Нәбижан Мұхаметханұлы, Темірғали Есенбеков, тағы басқалар сөз алып «Ел тәуелсіздігі үшін күрескен тұлға» тақырыбында баяндамаларын оқыды. Сегізінші болып сөз сөйлеуге менің фамилиям оқылғанда маған бұл нәрсенің ескертілмегенін айтып, кешірім сұрадым. Ал бірақ қолымызға таратылып берілген бағдарламада аты-жөнімнің тұрғанына зер сала қарамаған екенмін, дегенмен тосылып қалар жөнім жоқ еді. Сондықтан сол өзімнің көрген-білген жағдайларым бойынша салмақты сөз сабақтадым. Хасан Оралтайдың жанында болып сырласқанымызда маған айтқан «Сендер Мұстафаның қадірін білмедіңдер ғой. Сталинның саясатынан бейтарап мұсылмандардың мүддесін қорғап, ара түсуі, соның ішінде 500-дей қазақты ажалдан аман алып қала білген оның Гитлерді де мойындата білген мәмілегерлік қабілетінің арқасында осынша ошақтың түтіні сөнбеді» деген сөзін жеткіздім. «Жетпіс бес жыл ғұмыр сүрсем разымын, одан артығын сұрамаймын» деген ол кісіге «Неге олай дейсіз, Алла жомарт, артықтауын да береді ғой» деп жік-жапар болғанымызда, «Мен тіпті осы күнді көремін деп ойлап па ем, қалың өрттің ішінде аман қалған мақтадай маңдайыма жарық күнді көруді жазыпты, мың шүкіршілік, осы көргеніме қанағат» дегенін өз құлағыммен естіп едім. Өмірінің соңғы кезеңдерінде бізге айтқан «Туған жерге тағы бір барып қайтпасам болмады, құлағымнан қозының жамыраған үні кетпей тұр» деген сөзін айтқанымда жиында отырғандар қозғалақтап, көздеріне жас алды.
Менен соң Хасан Оралтайдың рухани шәкірті болған журналист Саясат Бейісбай, ақын, публицист Жұмаш Көкбөрі, «Азаттық» радиосының журналисі Қуанышбек Қари, туыстарының атынан Әбілбашар Ілиясұлы өздерінің пікірлерін айтты. Одан әрі Хасан Оралтай атындағы стипендия тағайындау рәсімі өтіп, қайраткердің 90 жылдық мерейтойына байланысты жарық көрген жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Осы күні кешкісін Мұхтар Әуезов атындағы театрда «Алтайдан ауған ел» қойылымын тамашалап, телегей-теңіз әсер алдық. Елінің азаттығына бүкіл өмірін арнаған Хасан Оралтайдың көзі жоқ болса да асыл аға арқалаған аманаттың желкенін көтерген көптің бірі болып, інілік парызымды өтеуге мұрсат берген тағдырыма мың-мың шүкіршілік қылып, Жаңақорғаныма жан-дүнием жаңарып оралдым.

Алшынбай Тұртанов,
Жаңақорған ауданының “Құрметті азаматы”
16 мамыр 2023 ж. 166 0