№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қос дәуірдің құлагері

Қос дәуірдің құлагері



Социалистік Еңбек Ері Орынбай Бидашовтың туғанына 100 жыл
Атаулы күнге орай аудан әкімі және аудандық мәдениет бөлімі басшылығының ұйытқы болуымен Төменарық ауылдық клубында «Есімін ел таныған Еңбек Ері» тақырыбында мерейтойлық жиын өтті. Жас ақындар арасында облыстық мүшайра ұйымдастырылды.

Салтанатты кешті ашқан ардагер ұстаз, Қызылорда облысының құрметті қайраткері Зинабдин Шермұхамедұлы: «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» деген бар. Орынбай өз ісінің ғалымы еді. Екі саланың өкілі болсақ та ол кісімен талай қатар жүріп, еңбегін дәріптедік» дей келе, даңқты шопанның өмір жолына тоқталды. Орынбай Бидашұлы Жаңақорған ауданы Төменарық ауылында дүниеге келген. Әкеден ерте жетім қалып, анасы Ұлбике мен ағасы Құлабек Нарботаевтың қанатының астында өсіп, жетілді. 15 жасынан шопан таяғын қолға алды. Ұлы Отан соғысының ел басына төндірген қиын кезеңінде Төменарық кеншарында шопан болды. Кәсіби білгірлігі жыл сайын артып, қол астындағы отардан мыңғырған төл өргізді, мал басын жыл сайын түгелдей аман сақтап алып шығуға аянбай еңбек етті. Облыстық, және аудандық кеңестің депутаты болып сайланды. 1971-1975 жылдары, яғни тоғызыншы бесжылдықта орта есеппен әр жүз саулықтан 170-тен қозы алып, мемлекетке 2685 дана қаракөл елтірісін тапсырды. Мал басын аман сақтап, әр қойдан 3,5 кг. жүн өндіріп, төл алудан облыстық рекорд жасап жеңімпаз атанды. Ал 1975 жылы отардың әр жүз аналығынан 228 – ден төл алып, өсімге 400 қозыны аман қосты.
Осы еңбегі жоғары бағаланып КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 10 наурыз 1976 жылғы Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Сонымен бірге Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, «Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген ауылшаруашылығы шебері» деген атаққа ие болды. Кеңес дәуірі кезінде Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық көрменің 7 рет жеңімпазы атанды. Орынбай Бидашов майталман шопан болумен қатар, ойындағысын орнықты түрде жеткізетін, кеудесі елдің, жердің тарихы жайында шежірелі сырға бай, көзі ашық, көкірегі ояу азамат болғанын бәріміз білеміз. Сексенінші жылдары Жанақорған ауданындағы халқы көп Төменарық елдімекеніне жана мектеп салу қажеттігі туған кезде депутатық сұраныс жасап қазіргі №223 қазақ орта мектебін салдырып берді.
Келесі кезекте сөз алған аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Әбілқайыр Сыздықов Еңбек ерінің есімін ардақтап еске алу мақсатында түрлі шаралар жалғасын тауып келе жатқанын айтты. Мәселен, бұдан бұрын Еңбек майталманының 90 жылдық мерекесі кең көлемде аталып өтсе, 95 жылдық мерейтойында облыстық батагөйлер сайысы ұйымдастырылды. Ауылдағы №223 орта мектебінде де Бидашовтың атында бірнеше рет спорттық жарыстар өткізілді. Жиында сөз алған тарих ғылымдарының докторы, Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ тарих кафедрасының профессоры, алаштанушы Хазретәлі Тұрсұнов:
«Жаңақорған топырағында небір ұлылар, қайраткерлер, билер мен болыстар өткен. Туған жердің атын алысқа шығарған осындай аңыз тұлғалар қатарында еңбек адамдарының есімдері дәріптеліп жатуы өте құптарлық» деп бүгінгі шараның ұйымдастырушыларына алғысын жеткізді. Олан әрі сөз тізгінін алған даңқты шопанның бауыры Қайбрахман Бимұрзаев ардақты ағасының көзі тірісінде көп қамқорлығын көргенін айтты. Өзі де өмір бойы ұрпақ тәрбиелеп келген білім саласының ардагері шәкірттерге химия-биология пәнінен сабақ берсе, жары Рыскүл математика пәнінен дәріс берді. Қазір екеуі де зейнетте. Жүрегі кең ұстаз бүгінгі шараға ат қосып, мүшайрада топ жарған екі өренге өз атынан сый-сияпат ұсынды. Келесі кезекте сөз алған Орынбайұлы Оразхан әке рухын құрметтеген барша әлеуметке рахметін жеткізіп, отбасы атынан бірнеше шәкіртке лагерьге жолдама ұсынды. Біздің білетініміз, Орынбай аға зейнеткерлікке шыққаннан кейін ауыл жастарынан малшылар бригадасын құрып, соларға басшылық жасады. Отбасында жан жары, Батыр ана Зейнерап екеуі он бір балаын өсіріп жетілдірді. «Қос батырдан» өрбіген ұл қыздарының ішінде жоғары білім алып, биік деңгейде танылып жүргендері де, өздері игерген қарапайым кәсіппен бағы жанып, бақытты өмір кешіп жатқан ізбасарлары да баршылық.
Бүгінде атаның қарашаңырағында кенжесі Мұхтар мен келіні Айнагүл үлкен үйдің түтінін түзу ұшырып, Алматыдан, Қызылордадан сағынып жететін бауырлардың бабын жасауға тырысады екен. Бұл да ата-ана тәрбиесінің ұшқыны. Бүгінгі рухани шарада бізді таң қалдырғаны аудандардан келген жас таланттардың еңбек адамын жырға қосуда қорғасындай салмақты сөз қатарлары жақұт жырдың тізбегін түзіп, кіл сайдың тасындай жас таланттарға сүйсінісімізді арттырды. Өздері өмірі көріп-білмеген кісінің өмірдерегіне терең үңіліп, көрген мехнат-қиындығын жанымен сезіне білген зерек көңіл, зейінді жастардың келешегінен мол үміт күткен жұртшылық жақсы тілектерін жаудырды. Бас жүлдені Қармақшы ауданына келген Бексұлтан Санақұл, бірінші орынды қызылордалық Дидар Өмірзақ, екінші орынды жаңақорғандық жас талап Әсел Мәулен, үшінші орынды шиелілік Мақсат Қалиев пен Дамиор Нұртай иеленді. Жүлдегерлерге ауылдық Мәдениет үйі және Бидашевтар отбасы атынан арнайы сыйлықтар табыс етілді.

                                                                                                                                                Баян Үсейінова
11 мамыр 2023 ж. 194 0