» » Дәуір талабына сай жаңғыру

Дәуір талабына сай жаңғыру



Ақпан айының 24- ші жұлдызында ауданымыздың орталығында орналасқан “Арман” кенттік мәдениет үйінде” ұлттық рухани жаңғыру бағдарламасынан туындайтын, “Рухани жаңғыру-дәуір талабына сай жаңғыру” атты дөңгелек үстел басында пікірталас өтті. Шара барысында “Ел рухы” бағытында Жаңақорған ауданы бойынша жаңа мәдениет нысандарын салу, біршама мәдени ошақтарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отырғандығы жайлы аудандық мәдениет және спорт бөлімінің бас маманы Жадыра Шертекова көңіл қуантарлық жаңалықпен бөлісті.
Дөңгелек үстелді ұйымдастырған Арман мәдениет үйінің қызметкерлері мен директоры Күлән Әбілтанова ауданымыздың болашағы үшін еңбек ететін бірқатар мамандардың басын қосып, пікірлерін тыңдап, ұсыныстарына баса назар аударды. Ой тұздық ретінде ортаға салынған “Заман талабына сай мәдени-көпшілік жұмыстарын ұйымдастыру деңгейі” тақырыбына аудандық мәдениет үйінің әдіскері Талап Тотаев өзінің жаңа жобасы “Айтыс баттл” жайлы айтып, қазір айтыс өнеріне деген жастар көзқарасының оң бағытқа бұрылып, таланттардың көбейгенін тілге тиек етті. Сонымен қатар Жаңақорған аудандық даму бөлімінің жетекші маманы Жайна Жиенбаева мен Жаңақорған кенті әкімі аппаратының бас маманы Гүлдана Әбдірейімовалар белсенділіктерін көрсетіп, өздерінің ұшқыр ойларымен бөлісті. Заман ағымына сай мәдени көпшілік жұмыстарының бағыт-бағдары жайлы ауылдық мәдениет үйінің директорлары Жәнібек Сыздықов, Мира Таубаева, Жадыра Ахметовалар жаңаша бастамаларымен бөлісіп, жоспарларын да кеңінен тарқатты. Дөңгелек үстел басындағы кездесудің қорытындысы бойынша “Арман кенттік мәдениет үйі” шығармашыл жастар мен жоғарғы сынып мектеп оқушылары арасында, Ұлттық төл мерекеміз Наурыз мерекесіне арналған “Наурыз нақыштары” атты жас сценаристер байқауын жариялайтындығын және бұл байқауда ұлттық құндылықтар мен салт дәстүрлеріміздің толық көрініс табуына баса назар аударылатындығын айтты. “Бұл байқауды ұйымдастырудағы мақсатымыз – ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, өскелең ұрпаққа жаңа заманауи бағытта тәлім тәрбие беру” – дейді сала мамандары. Байқау жеңімпаздары қаржылай жүлдеге ие болмақ. Шара соңын “Арман кенттік мәдениет үйі” жанындағы 20 жылдан астам уақыт өнер саласында жүрген, ұлттық дәстүрімізді жалғастырушы, әрбір шаңырақта өсіп келе жатқан ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарымыздың нәрін себуші “Ақ әжелер” ансамблі халық әні “Гүлдерайым” әнімен қорытындылады. Рухани шара әрбір қатысушыға қазағымыздың құндылығын, тәлімтәрбиесі мен рухани байлығын жоғалтпауымыз керектігін ұғындыра түсті. Ұйымдастырушыларға алғыс айтып, ұжымға табыс тілеп, алдағы уақытта бірлесе жұмыс жасауға уағдаластық.

                                                                                                                            Ботагөз БЕКМАХАНОВА
11 наурыз 2023 ж. 123 0