АДВОКАТТАР ДАУДЫ РЕТТЕУГЕ ЖӘРДЕМДЕСТІ
Жаңақорған аудандық сотына талап қоюшы С. жауапкер Ш.-дан жоғары оқу орнында оқу кезеңінде алимент өндіру жайлы талап қоюмен жүгінген.
Ол өзінің ата-анасының арасындағы неке бұзылғанын, әкесі жауапкер Ш. 18 жасқа дейін алимент төлегенін, алайда қазір өзінің жасы кәмелетке толғанын, жоғарғы білім беру жүйесінде университеттің күндізгі бөлімінде студент екенін, әкесінің материалдық көмек көрсетпейтінін негіздеген.
ҚР Неке және отбасы туралы Кодексінің талабына сәйкес егер ата-аналар жоғары білім беру жүйесінде күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын кәмелетке толған жиырма бір жасқа дейінгі балаларын күтіп бағуға қаражатты өз еркімен бермеген жағдайда бұл қаражат олардан сот тәртібімен өндіріп алынады.
Іс бойынша төрағалық етуші судья ретінде тараптарға дауды судьяның қатысуынсыз партисипативтік келісім жасау арқылы аяқтау құқығы түсіндірілді.
Айта кету керек, партисипативтік рәсім-дауды судьяның қатысуынсыз тараптардың адвокаттарының жәрдемдесуімен шешу болып табылады.
Іске қатысушы тараптардың өкілдері-адвокаттар Б.Камбаров пен Ә.Оңласбеков дауды бейбіт жолмен реттеуге ынта білдірді.
Сонымен дау тараптары талап қоюшы-бала мен жауапкер-әке араларында туындаған алимент өндіру жайлы дауды адвокаттарының жәрдемдесуімен шешіп, партисипативтік келісімге қол жеткізді.
Аталған келісімге сәйкес, талап қоюшы-баласы өзінің талап қоюынан бас тартса, жауапкер-әкесі баласының университетте оқу кезеңіне ол 21 жасқа толғанша ай сайын алимент төлеуді міндетіне алды.
Осы негізде сот тараптар арасында олардың адвокаттары Б.Камбаров пен Ә.Оңласбековтың жәрдемдесуімен жасалған дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді бекітіп, азаматтық іс бойынша іс жүргізуді тоқтатты.
Осылайша дау тараптары әке мен бала адвокаттардың жәрдемдесуімен тек жақсы, жылы қарым-қатынастарын ғана сақтап қалған жоқ, олар әрі қарай дауласудан арылып, өздерінің алтын уақыттарын да үнемдеді.
Тиісінше соттың да жүктемесінің азаюына үлестерін қосты.
Әрбір іс бойынша тараптардың татуласуы олар үшін ғана емес, біз үшін де жеңіс.
дана халқымыз “Билік айтқан би емес, бітістірген би” деп қалай тауып айтқан деген ойға қаласың. Бұл сөздердің астарында да ел ішіндегі дауласушылықтың деңгейін төмендетуге деген ниет жатыр емес пе?