Тағдыр
Сара апамыздың өмірдерегі былайша өрбиді. Өзі білдей бір жанұяның еркетотай жалғыз қызы әрі кенжесі болды. Балалық шағында отбасын құрып, өз балалары өсіп жетілгенше еш қиыншылық көрмеді. Алдында төрт ағасы болып, аузынан шыққаны болып, көсіліп өмір сүрді. Күндердің күнінде өсіп, бойжетіп, жүрек қалауымен сүйген жары Нұрбекке ұзатылды. Екеуінің махаббаттары берік, серттеріне адал болды. Екеуі қыз бен жігіт болып жүргенде, «Алланың қалауымен бізде екі ұл, екі қыз болса екен. Есімдерін: Асыл,Арман, Мөлдір, Махаббат» қоямыз деп уәделескен еді. Сол армандары орындалып, үлкен ұлы Асыл, одан кейінгі қыз- Мөлдір, кіші ұлы- Арман және кенже қызы Махаббат өмірге келді. Нұрбек ағамыз бен Сара апамыз қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай дегендей, ұл-қыздарын мәпелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, әрқайсысына жеке-жеке үй, астарына бір- бір машинадан алып берді. Әрқайсысы екі- екіден жоғарғы оқу орнын бітіріп, тіптен біреулері шет елде оқып жатты. Бәрі де осылай өз ойы мен айтулары бойынша бола беретін көрінді оларға. Бірақ тағдыр бұларды ойламаған жерден сынаққа салды. Нұрбек ағамыздың денсаулығы сыр беріп ауырып, содан бас-аяғы екі- үш айдың ішінде өмірден озып кете барды. Сара апамыз аһ ұрып түс көргендей абдырап, өмірінің мәнін жоғалтып, торығудың торына түсіп, қиналып қалды. Әкесінің қазасын естіп келіп, жер қойнына тапсырып, жетісін өткізіп болған соң үлкен ұлы мен үлкен қызы Астанаға, кіші ұлы мен кіші қызы Алматыға қайтып кетті. Сара апамыз ағайындарға аманат болып үйінде қала берді. Күн артынан күн, ай артынан ай өтіп, уақыт зымырап кете берді. Әкелерінің жылдық асына жиналған балаларының басын қосып, әулеттің үлкені – Ертай ақсақал, Сара апаның балаларына: “Шешелеріңе егелік етіңдер, біреуің келіп осында тұрыңдар немесе қалаға алып кетіңдер!” деп ой салды.Күйеуге шыққан қыздарға әңгіме жоқ, олар өздерімен өздері болсын, баланың біреуі келу керек шығар деп үлкендер әр жерден ойларын жеткізіп жатты. Сара апамызда үн жоқ, тек төмен қарап екі көзден аққан жас бетін жуып отыра берді. «Бірақ бұлар мені іздесе бір жылдан бері қайда қалды? Ешқайсысының басына да кіріп шыққан жоқ қой менің мына үйде ұйықтамай түн ортасында тұрып, өмірден өткен әкелерінің суретіне қарап жылап отыратыным. Мені жалғыздық шаршатты, мен әбден шаршадым жалғыздықтан» деп айта алмай ішінен тығылып отыр еді. Жұрттың назарын үлкен ұлы сөзімен өзіне қаратты: «Дұрыс қой, бірақ апам қалаға үйренбеген, ол жақта ешкімді танымайды. Біз ертеден қара кешке дейін жұмыстамыз. Ол жақта бір өзі үйде отырғаннан, осында отыра бермей ме? Біз анда-санда келіп тұрамыз. Мен келер едім, бірақ менің ондағы үйім, жұмысым, бизнесім дегендей...» деп күмілжіді. Жиналған ағайын бұл не дер екен деген оймен кіші ұлына бет бұрды. Кіші ұлы: «Мен әлі үйленгенім жоқ, қызмет бабымен жоғарылап Кореяға үш жылға кетейін деп құжаттарымды дайындап қойып едім» деп сөзінің аяғын жұтып ол күмілжіді. Жиналған ағайын тым -тырыс үнсіз қалды. Үнсіздікті Сара апам өзі бұзды: «Жоқ мен үйімді, ағайынымды, шалымды тастап ешқайда да бармаймын. Жұмыстарынан қалмасын, мен өзім рұқсат Тағдыр Адам баласы шыр етіп дүниеге келгенде пешенесінде бүкіл өмірі жазулы тұрады екен деп үлкен ата әжелеріміз айтып жататыны құлағымызға сіңіп қалғаны белгілі. Сара апамыз да өткен өміріне көз жүгіртіп отырса, осы сөздің тап өзіне арналғандай қабылдайды. беріп отырмын” деп балаларының артынан жуып-шайды. Балалары да анасын қостап, «Ия солай, біз бәрін келісіп шешіп отырмыз” деп сөздерін жеткізді. Ағайын не дейді, бастарын шұлғып келіскен болсаңдар бопты онда өздерің білесіңдер, бірақ әкелерің не көріп кетті, сендерді жеткіземін деп, енді шешелеріңе қараңдар, қартайған шағында жалғыз қалдырмай деген ой ғой біздікі!” – деп үйден шығып кете барды. Балалары да бет – бетімен тарқасты. Үйде Сара апам тағы да жалғыз. Төсегін пештің түбіне ертерек салып алып, қолына шалының суретін ұстап алып, көзінен аққан жасқа ерік беріп отырып, бар мұңын шақты: «Мен енді кімге керекпін? Дәл осылай болады деп кім ойлаған? Қартайған шағымда дәл осылай болсын деп тілемеген едім ғой. Еш болмаса сен қалқайып осында отырсаң мен осыншалықты жүнжіп жыламас едім ғой. Біз тағдырымызды осындай болады деп тіледік пе? Екеуміз жастық шағымызды армандап қана қоймай, қартайған шағымызда бірге болайық деп неге армандамағанбыз. Енді мен не істеймін? Ішімнен тынып іш құса боп өлетін болдым ғой? Балаларыңның өз өмірі бар екен, мені ойлап жатқан ешқайсысы жоқ, ауылға қара шаңыраққа келіп ешқайсысы да тұрғысы келмейді. Біздің бір жіберген қатеміз, бір баланы қолға алып қалуға дайындап тәрбиелемеген екенбіз. Солар оқысын ел көрсін, жер көрсін деп ұшқан ұясынан бездіріп алған екенбіз. Солармен қатар мектепте нашар оқыған ауылдың балалары анау, шешелерін қымбат көлікке мінгізіп алып, үлде мен бүлдеге орандырып, ауылдағы той томалақ пен өлген-жіткенге аяғын жерге тигізбей алып барғанда ішім қыж-қыж қайнап, өзімді қоярға жер таппай кетемін. Үйлеріне келсе салулы төсек, келіндері құрақ ұшып апалап асты үстіне түсіп жатса, немерелері әжелеп жан- жағында шуласып ойнап жүр. Сол кемпірлердің не арманы бар екен? Ал мен болсам балаларымды адам болсын, өсіп- өнсін деп жүріп, соңында ешқайсысына керек болмай далада қалдым» деп жылаған бойда ұзақ жатты. Сөйтіп жатып көзі ілініп кетіпті, таң намазын өткізіп алдым ба деп жалмажан орнынан тұрып сағатқа қараса әлі уақыт кірмепті. Орнынан тұрып дәрет суын дайындап жүріп, тағы да ойға шомып кетіпті, қолындағы құманынан су толып тасып ағып жатқанда ғана ес жиып суды тоқтатты. Ойпырмай маған не болғаны өзі? Күн не, түн не, жалғыздықтан жалыға бастадым, асқа да тәбетім жоқ, ұйқым да келмейді, ешкіммен араласқым да келмейді. Е, Аллам сабыр бере көр! деп есін жиып, намазын оқи бастады. Намаз оқып болып, шәй дайындап жатқаны сол еді, дарбаза есігі ашылып, үйге көрші ауылда тұратын қайнысының келіні кіріп келгенде Сара апамның жүрегі жарылардай қуанып, әңгімелесіп біраз шерін тарқатты. Міне Сара апамның қартайған шақтағы өмірі осылай өтуде. Ия, кім біледі, кімнің қарттық шағы қалай өтерін. Бірақ балалар ешқашан да ата-анасын жалғыз қалдырмаса екен. Әр отбасында лайым ауызбіршілік, береке, ынтымақ, бауырмалдық болса. Қарты бар үйдің қазынасы бар деген аталы сөзді растайтын баталы қарияларымыздың қамқорлығы азаймасын.
Гүлзипа Сарбасова, емхана психологы