«Аңсаған сәби»: Қызылордада 42 әйел ана бақытына ие болды
««Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасының басты мақсаты – қосалқы репродуктивті технологиялардың көмегімен отбасылық-демографиялық мәселелерді шешуге жәрдемдесу. Жалпы бұл бағдарлама 2021 жылдан бастап елімізде жүргізіліп келеді. Осы уақыт аралығында көптен бері сәби күтіп жүрген жанұялар балалы болды. Біздің аймақта да аталған бағдарламаның көмегімен нәрестелі болып жатқан отбасылар аз емес. Нақтырақ айтқанда, 2021 жылы облыста 281 квота бөлініп, былтырғы жылдың қараша айына дейін толық игерілді. Нәтижесінде 119 бала экстракорпоральды ұрықтандыру арқылы дүниеге келіп, үш отбасында егіз сәбилер туылды. Ал былтыр «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 277 квота бөлініп, оның орындалу көрсеткіші 100 пайызды құрады. Сонымен қатар жыл басынан бері 161 жүктілік есепке алынды. Олардың ішінде 42 әйел ана бақытына ие болса, 45 әйел жүктілікке байланысты есепке алынып, олар дәрігерлер бақылауында. Айта кетейін, «Аңсаған сәби» бағдарламасы шеңберінде жүргізілген ЭКҰ циклдеріне мониторинг жүргізу, пациенттердің құжаттарын қабылдау және құрылған комиссияға ұсыну жұмыстары басқарма тарапынан жүргізіледі», - деді басқарма басшысының орынбасары Мая Миранбайқызы.