«Отбасы – тәрбие бесігі» атты бірлескен кеңесі өтті
Өткен аптада облыс орталығында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен «Отбасы – тәрбие бесігі» атты ата-ана, білім саласы қызметкерлері, басқа да қоғамдық ұйымдардың қатысуымен кеңейтілген кеңес болып өткені мәлім. Басқосуда облыс әкімі бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жас ұрпаққа лайықты тәрбие беру мәселесін алдыға қойып, ата-аналармен бірлескен кешенді іс-шараларды нақтылауды тапсырған болатын. Ата-ананың ең үлкен бақыты - баланың азамат болып өсуі десек, мемлекет пен қоғамның мұраты жас ұрпақтың болашағын баянды ету.
Осы бағытта кешенді бағдарлама түзіп, тиісті тапсырмалар беру, жергілікті жерде қордаланған мәселерге көңіл қойып, шешілу мәселелерін талқылау бойынша облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағамбетов бастаған арнайы топ ауданымызға келді. Дүйсенбі күні Манап Көкенов атындағы Мәдениет сарайында өткен кеңес жұмысына білім беру, медицина, құқық қорғау органдарының қызметкерлері,сала басшылары, БАҚ өкілдерімен қатар аудан ардагерлері, зиялы қауым, белсенді ата-аналар қатысты. Жиынды аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов сөз сөйлеп ашты. Ол алдымен жиналғандарды кеңес жұмысына арнайы келіп отырған құзырлы орын өкілдерімен таныстырды.Облыстық білім басқармасы басшысы Мейрамбек Шермағанбетов өз сөзінде алдымен жас қрпаққа жасалып отырған қамқорлықтарға тоқталды: «Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» жобасы жүріп жатыр. Облыс басшысы қолдауымен аймақта 21 мектеп құрылысы қолға алынғалы отыр. Биыл 10 мектептің құрылысы басталады. Осындай заманауи білім ошағының екеуі Жаңақорған ауданы еншісінде. Биыл ақпан айынан бастап барлық мектептің бастауыш сынып оқушыларына жалпылама ыстық тамақ беру жолға қойылды. Бұл бағытқа облыстық бюджеттен 5 млрд теңге қаржы бөлінді. Осы қаржыға сапалы тамақ берілуі керек. Білім саласында жүзеге асып жатқан аталмыш жобалардың барлығы ұрпақ игілігі үшін. Өкінішке орай, соңғы уақытта ұрпақ тәрбиесіне қатысты алаңдатарлық жағдайлардың етектен алуы еңсе түсірері жасырын емес. Оқушылар арасында құқықбұзушылық, өз-өзіне қол жұмсау, ерте жүктілік, ойынқұмарлық, топтық төбелес, әлімжеттік мәселелері жиі көрініс беруде, – деді ол.
Сонымен қатар 2022 жылы облыста 8 суицид, 5 суицидке ұмтылысты жағдай тіркелгенін айтты. Білім ұйымдары суицидалды жағдайларды медицина мекемелеріне жолдайды, бірақ ата-ана жағы баласының емделуіне қарсылық білдіретін жайлар көп екен. Мәселен, өткен жылдың өзінде өз-өзіне қол жұмсау ықтималдар санатына енген 137 баланың ата-анасы баласының емханада жүйелі ем алуына қарсы болған. Заңдылықтарға сәйкес ата-ана келісімінсіз ем тағайындалмайды. Басқарма басшысы сонымен қатар құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша ерекше бақылауды қажет ететін түрлі санаттағы отбасы балаларын шығармашылық және спорттық секцияларға тарту жұмыстарына да зор мән беру керектігін көптің назарына салды.
Келесі кезекте Жаңақорған ауданы білім бөлімі басшысы Болат Ибрагимов сөз алып «Білім беру ұйымдарында құқықбұзушылықтың алдын алу және бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері» деген тақырыпта хабарлама жасады.
Ол оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында мектептен тыс мекемелердің атқаратын міндеттеріне тоқталды. Мектеп оқушылары арасында құқықбұзушылықтың статистикасын талдай отырып, ауданда 2021 жылмен салыстырғанда қылмыс көріністерінің төмендегенін тілге тиек етті. Полиция бөлімімен бірлесе отырып жас өскіндер арасында қылмыстылықты болдырмау бағытында атқарылған іс-шараларды баян етті. Заңды өкілдерсіз түнгі мезгілде кәмелетке толмаған балалардың жүруіне шектеу қоюда отбасында қадағалауды қатаңдату талабын қойды. 2022 жылы суицид бойынша 1 оқиға орын алғанын айта келе, осыған байланысты мектеп басшылығына шара көрілгенін, жалпы мектеп оқушылары арасында қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, жас өскіндер арасында зорлық-зомбылықты болдырмау, психикалық, физикалық және рухани денсаулықтары бойынша қауіп-қатерді жою бағытында тиісті жоспар түзілгенін жеткізді. Жасөспірімдерді сыртқы күштердің әсерінен болатын келеңсіз оқиғалар мен төтенше жағдайлардан дер кезінде сақтап қалу бойынша алдын алу жұмыстары жоспарлы жүргізіліп келе жатқаны және кәмелетке толмағандарға қарсы ауданда орын алған 2 оқиға жөнінде жеке-жеке тоқталып өтті. Осындай көріністерге қарсы тұруда білім ұйымдарында іс-шараларды нақтылау, аудан мектептерінде бала тәрбиесіне байланысты жұмысшы тобы құрылғанын жеткізді. Бүгінгі күннің басты проблемасына айналған әлеуметтік желі мәселесі де назардан тыс қалмады. Бүгінгі күні білім беру мекемелерінде 18 758 баланың 43-і қолайсыз отбасында тәрбиеленіп келе жатқаны, сондай-ақ аз қамтамасыз етілген көп балалы отбасында 7259 бала, өгей әке немесе өгей ана қарауындағы 131 бала есепке алынып, тиісті мамандар жұмыс жасап жатқанын жеткізді. Мектептерде қамқорлыққа алынған балалар санына тоқталды. Балалар арасында топтық төбелеске қарсы, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және балаға қатыгездіктің алдын алу профилактикасы бойынша іс-әрекеттерге тоқталды. Одан әрі «Баланың әлеуметтік қорғалуы» жөнінде облыс бойынша бала құқығы жөнінде уәкіл, психолог маман Жапырақ Ұзақбайқызы баяндады.Ол балалардың құқықтары мен заңды мүдделері бойынша берілетін мемлекеттік кепілдемелермен қамтамасыз етілуін, мемлекеттік атқарушы және уәкілетті органдардың жеке және заңды тұлғалардың аталған кепілдемелердің орындалуын бақылауда ұстау бағыты бойынша тиісті шарттар мен заңдылықтарды түсіндіріп берді. Келесі кезекте «Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары туралы» аудандық полиция бөлімінң бастығы Нұрлан Мерғалиұлы баяндады. Одан әрі «Кәмелетке толмағандар арасында ерте жүктіліктің алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру» тақырыбында Жаңақорған аудандық ауруханасы бас дәрігері Сәкен Үсейінов хабарлама жасады. Ата-аналар атынан ел ағасы, ардагер ұстаз Әбузайыр Әбжаппаров сөз алды. Ол отбасы тәрбиесінің маңыздылығына тоқталып қана қоймай, ұстаз ұлағаты мәселесінің өзектілігін, халықтық дәстүрге адалдық туралы кеңінен айтты. Ал қаламгер ағамыз Әбен Шерімбетов, білім саласының ардагері Еркін Өтебеков пен Ізәтіллә Нәрзіддаевтің пікірлері көптің көкейінен шықты. Біз бұл көтерілген мәселелер туралы газетіміздің алдағы санында жеке-жеке тоқталатын боламыз.
Түйін: Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы бала тәрбиесінде отбасының алатын орны терең екенін тағы да айтып өтті. «Бала тәрбиесі – ең алдымен анаға байланысты. Осы жерде кей ананың өз болмысындағы берекесіз қасиеттері көңілге қаяу түсіретіні жасырын емес. Мұндай жандар қалайша жанұяның қазығы бола алады? Сондықтан әр ана өз бойына терең сын көзімен қарауы керек. Өйткені ұл-қыз «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп сөзін түйіндеді.
Баян ҮСЕЙІНОВА