Облыстық білім басқармасының басшысы тағайындалды
Актив отырысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыстық білім басқармасының басшысы лауазымына тағайындалған Мейрамбек Шермағанбетті таныстырды.
Алдын ала өткізілген конкурстың нәтижесінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің келісімі бойынша Шермағанбет Мейрамбек Зинабдинұлы облыстық білім басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.
Мейрамбек Зинабдинұлы Қорқыт-Ата атындағы Қызылорда педагогикалық институтын, Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті, Қорқыт-Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеттерінің түлегі. Еңбек жолын 1994 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының Кеңес ауылындағы орта мектепте мұғалім болып бастаған. Кейін аталған орта мектептте мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімінің басшысы, аудан әкімі аппаратының басшысы лауазымдарында қызмет жасаған.
Әр түрлі жылдары Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, Қызылорда облысының білім департаментінің директоры, Қызылорда облысының білім басқармасы, тілдерді дамыту басқармаларының басшысы қызметтерін атқарды.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің Қызылорда облысы бойынша Білім саласын бақылау департаментінің директоры болып қызмет атқарған.
2015-2016 жылдары аралығында «Ақтөбе облысы әкімінің Іс басқармасы» мекемесінің басшысы лауазымында қызмет жасады.
2016 жылдан бастап Ақтөбе облысы Қобда ауданының әкімі, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары болып қызмет етті.