Жас әзілкештердің жеңісі
Жаңақорғандық жас жайдарманшылар Астанадан жеңіспен оралды. Республика бойынша 200-ден астам құрама қатысқан әзіл-сықақ сайысында күміс жүлдеге қол жеткізіп, аудан абыройын асырды. Иә, жайдарманшылар үшін маусымашар қашан да үлкен байқау. Жаңа маусымға, жаңа жылға, жаңа леп беретін жастар жалыны. Мойындау керек, «Жайдарман» еліміздің талантты жастарының басын қосатын танымал алаңға айналып үлгерді. Осы тұста, айтулы сайысқа Жаңақорған кентіндегі іргелі білім ордасы «Заңғар» интеллектуалды мектебінің өнерлі шәкірттерінен құралған «Заңғар» құрамасы қатысты.
«Жайдарманның» балалар, жасөспірімдер және жоғары лигаларына іріктеу Астана қаласындағы «Жастар» сарайында өтті. Сайыс шымылдығын түрген Қазақстан КВН Одағының төрағасы Есен Елеукен: «Биылғы жылдың маусымын «Әдемі маусым» деп атадық. Осы жылғы маусымды әдемі өткізуіміз керек. Біздің балаларымыз әдемі сөйлеуі керек, әдемі ойлауы керек, әдемі қолдаушылары болуы керек. Бұл біздің қолымыздан келеді. Сондықтан «Әдемі» маусымды бірлесе атқаруға баршаңызды шақырамын» – деді.
Биылғы маусымашарға еліміз бойынша 220 командадан құралған 2000 жайдарманшы өз өнерлерін ортаға салды. «Заңғар» мектебінің директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақжарқын Берікқызы бастап барған «Заңғар» құрамасы «Бала Жайдарман» лигасында алғаш үлкен сахнаға шығып, әдемі әзілдерін паш етті.
– Шыны керек, заңғарлықтарға «Жайдарман» сахнасында 4-5 жылдан бері өнер көрсетіп жүрген кіл мықтылармен қатар өнер көрсету оңайға соқпады. Алғашқы күні КВН жұлдыздарының қатысуымен семинар-тренингтер ұйымдастырды. Танымал әзілкештер, тик-токерлер, блогерлермен бірге тәжірибе жинақтады. Жалпы, сайыста шәкірттеріміз барынша намысты қолдан бермей әділ қазылар алқасының көңілінен шыға білді. Әрі жоғары ұпайға ие болды. Біздің құрама қатарында: Рамазан Шамшудин, Бегайдар Көсел, Батырхан Нұрәли, Жұлдыз Ерболатова, Кәусар Әлімхан секілді мықты жайдарманшы балаларымыз барын салды. Астарлы әзілдері арқылы қазылардың жүзіне күлкі үйірді, – дейді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақжарқын Тасболатова.
Бұл бәсекеге инттеллектуалды мектептің кураторы Диара Аббаз, «Қазақстан КВН одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің Жаңақорған аудандық филиал директоры Асхат Құлтасов бастаған «Жаңақорған» құрамасы да барды. Жай ғана барып қоймай, ағалық ақылдарын айтып, мол тәжірибелерімен бөлісті. Айта кету керек, «Заңғар» командасы бұған дейін аудандық Жайдарман лигасында топ жарып, облыстық турнирде жолдама алған болатын.
«Бала Жайдарман» лигасында 2-орын алған жас жайдарманшылар арнайы Диплом мен «Аvatariya» балалар ойын сауық орталығын да тегін ойнауға сертификат жеңіп алды. Осылайша Астана төрінде үлкен сахнада аудан абыройын асқақтатқан «Заңғар» құрамасы қолдау көрсеткен мектеп құрылтайшылары Нұржан Ақылханұлы мен Гүлмира Тұрарқызына, «Заңғар» мектебінің директоры Гауһар Тұрғанбайқызына, демеу көрсеткен Нұржан Шамшидинұлына алғысын білдіреді.
Сәтін салса, алдағы уақытта бұданда биік белестерді бағындыратындарына сенім білдірді.
Әбдісамат ӘБДІШ