» » Қазақстан Иранмен келіссөз жүргізді

Қазақстан Иранмен келіссөз жүргізді



Премьер-министр 2022 жылғы қаңтар-қараша айларында екі ел арасындағы тауар айналымы 20%-дан астамға өсіп, $500 млн құрағанын атап өтті. Сонымен қатар өзара сауда көлемін одан әрі ұлғайту мақсатында Қазақстан Иран нарығына жалпы құны шамамен $250 млн болатын қосымша 75 тауар позициясын жеткізуге дайын.
«Ауыл шаруашылығы қазіргі таңда даму перспективасы өте жоғары сала болып отыр. Оның өзара саудадағы үлесі – шамамен 80%. Біздің елдерімізде АӨК өнімінің тауар айналымын $1 млрд-қа дейін арттыруға мүмкіндік бар», деді Әлихан Смайылов. Үкімет басшысының айтуынша, Қазақстан Үкіметі екі елдің басшылары қойған жалпы сауда көлемін $3 млрд-қа дейін ұлғайту жөніндегі міндетті орындау үшін белсенді жұмыс істеуге дайын.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарының бірі көлік-логистика саласы екенін атап өтті. Бұл тұрғыда «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізі ерекше маңызға ие.
«Осы маршруттың өткізу қабілетін ұлғайту бойынша бірлескен шаралар қабылдау, атап айтқанда, «Тар жерлерді» жою жөніндегі жол картасын бекітіп, оны іске асыру жақын болашақта жүк тасымалдау көлемін едәуір ұлғайтуға жол ашар еді», деді Әлихан Смайылов.Оның айтуынша, Жол картасын іске асыру 2025 жылға қарай дәліздің өткізу қабілетін жылына 10 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік бермек.
Өз кезегінде Сейед Джавад Садати Нежад Қазақстан-Иран үкіметаралық комиссиясының 18-ші отырысы табысты өткенін айтты, оның қорытындысы бойынша тараптар көптеген өзара тиімді келісімге келді.
Сонымен қатар Иранның ауыл шаруашылығы министрі сауда және жүк тасымалдау көлемін ұлғайту үшін теміржол желісі мен теңіз инфрақұрылымын одан әрі дамытудың маңызы зор екенін атап өтті, сондай-ақ Иран Қазақстан нарығына цитрус өнімдерін жеткізу көлемін кеңейтуге дайын екенін мәлімдеді.
Кездесуге Премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, өзге де ведомстволардың басшылары, сондай-ақ Иранның дипломатиялық топтары мен Парламент өкілдері қатысты.
27 қаңтар 2023 ж. 226 0