Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Несие нәубеті


Мемлекет басшысының «Елімізде көп адам несие алып, қарызға батып жүр. Бұл мәселе мені де қатты толғандырады. Таяу арада мен осы мәселе бойынша ұсынысымды халыққа жариялаймын», – деген сөзі көпшіліктің көңілінде бәрінен бұрын кредит кешірілер ме екен деген үмітті оятқандай.

  Қазақстандағы экономикалық белсенді халықтың 9,2 миллион адамның 7,2 миллионында, яғни 77 пайызында несие бар. Несие алған қазақстандықтардың төрттен бірі – шамамен 1,8 миллион адам – қарызын уақтылы төлей алмаса, 1,3 миллион азамат несие төлемдерін 90 күнге кешіктірген. 1,1 миллион адам 180 күн бойы несиесін төлемеген. 886,8 мың борышкер бір жыл немесе одан көп уақыт бойы банктен бой тасалап, қарызын төлеуден жалтарып. Нарық ырыққа бағынбайтын заманда қарызсыз өмір сүру әсте мүмкін емес. Қарызды алғанда балаша қуанып, біреу тегін бергендей жаратсақ, қайтарар кезде қиналатынымыз жасырын емес. Еліміздегі екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдары несиені есепсіз беріп, қарапайым халықтың несібесінен айырды десек қателесеспіз. Сауаттысы бар, сауатсызы бар, қысылыпқымтырылғаны мен кәсібін дөңгелеткісі келгені бар, бәрі-бәрі банк алдында белшеден қарыз. Керек десеңіз, бір адамның басында бір емес, бірнеше несиеден бар. Мәселе ушыққанда өзөзіне қол жұмсау фактілері де орын ала бастады.

Қаржылай несие өз алдына, ұялы телефоннан бастап тұрмыстық техниканың барлық түрі, үй жиһаздары да несиеге рәсімделуде. Біреу тегін бергендей алып, банк алдындағы берешегін төлей алмай, дүние-мүлкінен айрылып жатқандар қаншама? Байқағанымыздай бізде халықтың қаржылық сауаты төмен екені аңғарылады. Осыны банктер уақытында пайдаланып, ашықтан-ашық алдауға көшкен. Неге десеңіз, банкке барған адамға ұзынсонар келісімшартқа қол қойдырта салады. Бая-аяғы 7-8 беттен тұратын келісім-шартты оқығанның өзінде түсінетіндер аз. Оған ешкім қарамайды да, оқымайды да, қол қоя салады. Бір ғана мысал келтірейікші, келісімшарт ішінде «аннуитет» деген бар. Оған несие алғандар ай сайын 100 мың теңге төлесе, соның үш пайызы, яғни 3 мың теңгесі ғана негізгі қарызды жабады, ал қалған 97 мыңы – банктің пайдасына шешіледі. Одан бөлек, алған несиеңізді жапқанша сақтандыру компаниясына төлейтініңіз бар. Несиені жауып біткенде, ол ақшаны қайтарып алуыңызға болады. Бірақ, көпшілігі оны білмейді. Айта берсек, нағыз алдау ғой бұл. Кейбір зерттеулер бойынша, несие алған адамдардың 40 пайызы шартты дұрыс түсінбегендіктен алданып, екі есе шығынданып жататын көрінеді.

Ақпараттарға көз жүгіртсек, Ұлттық банк тізімінде 100 шақты шағын қаржылық ұйымдар бар екен. Екінші деңгейлі банктер мен шағын несиелік ұйымдармен интернет желісі арқылы несиелендіру бағдарламаларының да көпшілік арасында кең қолданыс тауып жатқанын анық байқауға болады. Яғни, «айлыққа дейін» азаматтарға берілетін орташа құны 30-50 мың теңге шамасындағы несие беретін ұйымдардың жұмысы қызып тұр. Мұндай ұйымдар ұсынатын тиімділі уақыт пен құжат жинауды талап етпейтін, ұтқырлығы. Ал, тиімсіз тұстары шаш етектен. Солардың біршамасын санамалап көрейік. Ең бірінші тиімсіз тұсы – пайыздық мөлшерлемесінің жоғарылығы. Алынған несиенің пайызы күн санап артып отырады. Төлем кешіккен әр күн үшін 1 пайыз өсім қосылып тұрады. Сол үшін де ондай ұйымдар қарыз алушыны несиесін тезірек төлеуге асықтырмайды. Себебін түсініп отырсыз. Мұндай өлшеммен несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесі 365 пайызға бір-ақ жетеді. Мысалы, 30 мың теңге несие рәсімдеген болсаңыз, небәрі бір айдың ішінде 40-42 мың теңгенің көлемінде өтемақы қосып төлейсіз. Әйтпесе, сіздің шотыңызға шектеу қойып, есепшотыңызға түскен қаржыны шектейді. Тағы бір кемшілігі, мұндай ұйымдардан несие алып, оны уақытылы қайтара алмасаңыз, оның барлығы сіздің несие тарихыңызға жазылады. Одан кейін әдеттегі банктерге маңайлаудан қаласыз. Мұндай ұйымдар, сондай-ақ, беретін несиесі үшін (мейлі ол аса ірі мөлшерде болмаса да) кепілдік талап етеді. Ол кепілдік басқа емес – құжат. Жеке бас куәлігі немесе төлқұжаттың өзі. Елімізде жеке басты куәландыратын құжатты кепілдікке қою заңмен тыйым салынғанын және оның арты ірі алаяқтыққа апаруы мүмкін екенін ескеру керек. Бірақ, бұл талаппен таныс болса да олар мән беріп отырған жоқ. Шағын несиелік ұйымдардың қызмет көрсету сапасының төмендігін де айта кеткен жөн. Несие алушыға жеңілдік ұсыну деген дүниелер оларға мүлдем жат. Сіздің жасаған өтініш, сұраныстарыңызды елемей қою олар үшін түк емес.

Мұндай мекемелер қызметінің тағы бір күмәнді тұсы қарызын қайтармаған клиенттерден несие өндіру тетіктерінде жатыр. Қарызыңызды қайтармай қойсаңыз олар сізді ешқащан тікелей сотқа бермейді. Оның орнына борышкерлермен жұмыс істеу жөніндегі қызметтердің көмегіне жүгінеді. Сотқа да солар береді. Неге дейсіз бе? Шағын қаржы ұйымдарының дені қызметтерінің заң аясында және таза екеніне кепілдік бере алмайды.

Несиені дер кезінде төлей алмаған қазақстандықтарға коллекторлық қызмет тыным бермеуде. Тіпті, қарызын кешіктірген күндерге еселеп қайтаруға мәжбүрлеп жатқан көрінеді.

Міне осындай келеңсіздікті көре тұрып, қарапайым халықтың қаржылық сауатын арттыру қажеттілігін түсінеміз. Халық тапқан-таянғанын тұтастай банкке беруді әдетке айналдырған. Ол төлемнің басым бөлігі банк еншісіндегі үстемеақылар. Екінші деңгейлі кейбір банктер шекараның арғы бетінен 2-3 пайызбен алған қаржыларын халыққа 25-30 пайызбен беріп жатқанын ескерсек, болашақты бағдарлау қиын. Әлбетте, таяқтың екі ұшы бар. Қалай десек те, халық қарызға өмір сүруге құмар-ақ. Несие алып той жасап, несиемен үйін дүниемен толтыру қалыпты жағдайға айналғандай. Тіпті, азық-түліктің өзін несиеге рәсімдейтіндер де бар. Бес жыл бойы жүргізілген ауқымды зерттеудің нәтижесінде Гарвард университетінің ғалымдары жұрттың лаңкестіктен емес, қаржы мекемелерінен көбірек зардап шегетінін дәлелдеп шықты. Олардың мәліметінше, осы мерзім ішінде 40 мыңға жуық адам қаржылық қиындықтар салдарынан өз-өзіне қол жұмсаған көрінеді. Сондықтан, бүгінде шетелдік мамандар несие мәселесінде жұртшылықты жауапкершілікке баулу қажеттігін айта бастады. Күліп келетін қарыздың жылатып қайтатыны енді түсінікті болар. Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, несие пайыздарымен дұрыс жұмыс істеуді үйрету бағытында елімізде ешқандай жүйелі жұмыстың жүргізілмей жатқаны жанға батады. Егерде осы бағытта нақты жұмыстар жүргізілетін болса, «қатықсыз қара су ішсе де» бойына сіңіп, ұйқы тыныш, көңілге кірбің түспей қарызсыз өмір сүруге әдеттенер ме едік...

Әсел РЗАЕВА
11 шілде 2023 ж. 1 302 0