Қайтарымсыз қаржы: кімдер және қалай алады?
Биылдан бастап «Бастау Бизнес» жобасы аясында шағын кәсіпкерлікке берілетін гранттың ережесі өзгерді. Қаржысы да еселенді, алайда, бұл грантты енді кез келген тұрғын ала алмайды. Біз осы мәселе төңірегінде тікелей жауапты сала, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Жаңабек Тұрлыбековпен сұхбаттасып, грантты кімдер және қалай ала алады деген сауалға жауап іздеп көрдік.
2017 жылдан бастау алған жобаға жаңақорғандықтар белсенді қатысып, аймақта алдыңғы қатарға шықты. Оның ішінде қаржысын басқа мақсатта жұмсағандар да, шағын кәсіпке бағыттағандары да бар. Енді нақты мақсатқа және жүйелі жобалар ғана мақұлданатын болады.
– Шілде айының 14-і күні жобаға өзгерістер еніп, 25-нен бастап онлайн оқу курстары басталды. Осы уақытқа дейін кез келген 18 жасқа толған және зейнет жасына дейінгі азаматтар грантқа қол жеткізе алатын еді. Енді биылдан бастап тек белгіленген санаттағы жандар ғана ала алады. Бірінші, 29 жасқа толмаған жастар алады, жұмыссыз жүргендер немесе кәсіпкерлігі 3 жылдан аспағандар, екінші, нысаналы топтағы тұрғындарға мүмкіндік бар. Оған атаулы әлеуметтік көмек алушылардың отбасындағы жұмыссыз мүшелері, көп балалы отбасылардағы ерлі-зайыптылардың біреуі алуға құқылы. Үшінші, мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған отбасының жұмыссыз мүшесі және асыраушысынан айырылғандар грант алуға толық мүмкіндігі бар. Соңғысы, оралмандарға да жеңілдік бар, – деді мекеме директоры.
Өзгерістерге сәйкес осыған дейін «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы оқу курсын ұйымдастырған болса, биылдан бастап онлайн жүйеге көшті. Қалай тіркелу керек?
– Оқуға қатысушы алдымен «Бизнес еңбек» деген порталға өзінің электронды қолтаңбасы арқылы онлайн тіркеліп, кез келген ақпарат құралынан оқуына болады. Оқудың ұзақтығы 72 сағат, яғни, 14 күн. Алайда, мерзімінен бұрын оқып, тапсыруға да мүмкіндік бар. Оқу 12 модульден тұрады, әр модульді кезең-кезеңімен тапсырады. Ол үшін тест болады. Ол 11 сұрақтан тұрады, 11 сұрақтың 70 пайызына, яғни 7-8-не жауап беруге тиіс.
– Ал, өте алмай қалған жағдайда не болады?
– Алаңдайтын еш себеп жоқ, қайта тапсыруына болады. Ол сол тестен өткенше тапсыра береді. 12 модульді бітіргеннен кейін үміткер қорытынды тест тапсырады. Ал, қорытынды тестің мүмкіндігі шектеулі. Қатысушыға тек 3 рет ғана мүмкіндік беріледі. Мұнда да 70 пайыз ұпай жинауы тиіс. Тесттен өте алмай қалғандар келесі жылға қалып, қайта тапсыруына болады. Бір айта кетерлігі, грантқа қатыспайтындар да өзінің біліктілігі үшін 12 модульді оқып, тестерді тапсыруына болады.
– Шектеу жоқ дейсіз ғой.
– Әрине, ауданда қаншы тұрғын мың, тіпті. 2 мың тұрғын онлайн оқимын десе де болады. Оқуды тәмамдаған соң, электронды сертификат беріледі. Сол сертификат арқылы біздің орталыққа өтініш береді. Біз сол өтінішті қабылдамас бұрын әлеуметтік желіге 10 жұмыс күні бұрын анықтап, құжат қабылдайтынымыз жөнінде хабар береміз. Жобамен алғашқы лекті тамыз айының 8-не бастауға ниеттіміз. Құжатты қабылдап, тағы 10 күн ішінде құралған комиссияға беретін боламыз. Оның құрамында барлық саладан тиісті мамандар болады. Оның ішінде қоғам белсенділері мен жеке кәсіпкерлер де бар.
– Биыл грант мөлшері еселенді ме?
– 400 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) жетті. Яғни, 1 млн 225 мың 200 теңге берілетін болады. Тағы айтатынымыз, қоғамдық жұмыста, жастар практикасында жүрген азаматтар уақытша жұмысын тоқтатып, өтініш бере алмайды. Олар мерзімін толық аяқтап қана өтініш беруіне мүмкіндігі бар. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар жайында да көп сауалдар туындауда. Өзгерістер негізінде осы уақытқа дейін көмек алып келген тұрғындар қатыса алмайды. Ал, жаңадан атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсырғандардың отбасындағы жұмыссыз жан ғана үміткер бола алады.
– Биылғы жылға ауданға бөлінген қаржы көлемі қанша?
– Биыл біздің ауданға бөлінген қаржы 530 млн теңге. Оның 45 млн теңгесін былтырғы жылы грантқа қол жеткізген 75 адамға үлестірдік. Қалған қаржы 396 адамға жетеді. Аудан әкімінің орынбасары Бекболат Жүнісәліұлымен келісіп, ауылдық округтерге халық санына байланысты қаржыны бөліп тастадық.
– Ал, осы уақытқа дейін және алдағы уақытта да бөлінген грантты мақсатсыз пайдаланғандар жауапқа тартылады ма?
– Әрине, мәселен, биыл мақсатсыз пайдалану бойынша 13 дерек анықталып, сотқа жіберілді. Оның 12-не шешім шығып, сот орындаушылары өндіру үстінде. Айта кету керек, біз аграрлы аудан болған соң, жобалардың басым бөлігі осы салаға бағытталады. Енді егін шаруасына мақсатты жұмсалса, мал шаруасы түсінікті. Сондықтан биылдан бастап инновациялық жобалар, өнім өндіруге бағыттасақ деген ұсыныстар түсіп жатыр. Оны уақыт көрсетеді.
Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Жаңабек Оразбекұлы грант бойынша көптің көкейіндегі сауалдарға осылай жауап берді. Егер тағы да сауалдар болса орталыққа барып, жауапты мамандарға жолығуға болады.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ