ЖАҢАҚОРҒАНҒА СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ КЕЛДІ

Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов бүгін Жаңақорған ауданында болды.
Ауданға жасаған жұмыс сапары барысында министр Көктөбе ауылындағы Келінтөбе су торабына арнайы барды. Кездесу барысында аудан әкімі Мажит Самитов пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев ауданның қазіргі су шаруашылығы жағдайымен және аудандағы су жүйелері сызбасын арнайы дайындалған стенд арқылы таныстырды. Мұнан соң Нұржан Молдиярұлы Қаратөбе ауылдық округтеріндегі егіс алқаптарын аралап, су жеткізу мәселелерінің жай - күйімен танысты.
Сондай ақ, аудандағы су шаруашылығы мамандарымен пікір алмасып, өңірлердегі салаға қатысты қалыптасқан күрделі жағдайларды жеткізді.
Министр сапар соңында жергілікті атқарушы органдар мен сала басшыларына суармалы егіс алқаптарын тұрақты бақылауда ұстап, қалыптасқан су тапшылығы жағдайында шаруалармен бірлесіп, су пайдалану жұмыстарын тиімді ұйымдастыруды тапсырды.
Айта кетейік, Министрмен бірге ауданға облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешов, Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалану реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Еркебай, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы басшысының орынбасары Айдос Асанбаев, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысы Зейнулла Қазтуғанов келді.




