Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жол сапасы – ар-ұяттың айнасы

Жол сапасы – ар-ұяттың айнасы


Енді жергілікті әкімдердің жұмысы автокөлік жолдарының сапасы негізінде анықталып, сол бойынша рейтинг шығарылатын болады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеп, нақты ұсынысын жіберді. Яғни, әкімдердің өзіне жүктелген міндетін қаншалықты атқарып жүргенін осындай критериймен анықтауға көшті. Өйткені, кей облыстарда жол сапасы сын көтермейді. Бұл аймақ, аудан басшысынан бұрын ауылдық округтердің әкімдеріне тікелей байланысты.

Әрине, елдің әл-ауқаты, өңірдің экономикасы мен сан саласының даму көрсеткішін бір ғана автожолмен өлшеп қойған жөн емес-ау. Дегенмен бұл салаға бөлінетін қаржы да қомақты екенін ұмытпаған жөн. Оның үстіне халықтың талап-арыздарының көшінде жол мәселесі де күн тәртібінде тұр. Тіпті кейбір көшелердің асфальті жылға жетпей жөндеуді қажет етеді. Мәселен, кенттегі Хорасан ата көшесі 2020 жылдың жазында қабылданып, араға бір жыл салмай жатып ойдым-ойдым шұңқырлар пайда болды. Осындай олқылықтарды жібермеу үшін енді әр көшенің құрылысына қатаң қадағалау болады. Аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы елді мекендерді аралаған іс-сапарында жол мәселесіне жіті көңіл бөліп, бөлінген қаржының сапалы жұмсалуын тапсырды.
– Ауылішілік жолдарды жөндеу жұмысына аудан бюджетінен жылда қаржы қаралады. Одан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жол салу бойынша да қаражат келеді. Бұл жұмыстарға ең бірінші ауыл әкімі жауапты, елдің тілеуін ескеріп, жобасын қорғауы тиіс. Ал, газ тартатын ауылдар асфальттан бұрын әлеуметтік мәселелерін шешіп алғаны дұрыс. Қалай десек те жол салу – уақыт талабы. Сондықтан, әрбір жолдың сапасын басты назарда ұстаған жөн, – деді аудан әкімі.
Ал, министрдің айтуынша, жолдардың сапасын қамтамасыз ету үшін 1 мыңнан астам нормативтік-құқықтық акті қайта өңделіп жатыр. Сонымен қатар, жолдардың сапасы бойынша әкімдер рейтингін анықтау жөніндегі әдістеме әзірленіп, қазіргі таңда келісу және бекіту рәсімі жүргізілуде. «Жолдардың негізгі бөлігі, яғни 75 мың шақырымы жергілікті жолға жатады. Негізінен, осы жергілікті жолдарға халықтың көңілі толмайды. Біз бұл жолдарды бірлесіп қаржыландыруға дайынбыз. Бірақ қызмет сапасын да талап етуге тиіспіз. Егер бізді қолдап жатса, онда облыстарда әкімдер рейтингін енгізе­міз». Министрлік осындай шешім қабылдап отыр.
Сонымен, әкімдердің жұмысы жөн­деген жолдардың шақырымы мен оның сапасына қарай бағаланады. Өткенде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жол салу барысында барлық инженерлік жүйелерді есепке алу қажеттігін және мердігерлерге істі тиянақты әрі сапалы аяқтау керектігін ескертті.
– Қандай да бір құрылыс болсын, бастысы – сапа. Тағы бір ескерер нәрсе, жол құрылысын бастамас бұрын сол көшедегі барлық инженерлік жүйені де есепке алыңыздар. Біз жолды алып, артынан астында қалған судың не газдың құбырын ауыстырамыз деп бүлдіріп жатамыз. Бұлай болмауы тиіс. Сонымен қатар, жобаларды жүзеге асыру барысында, біріншіден, қажеттілігіне, екіншіден, құнына қарайтын боламыз. Биылдың өзінде Қызылорда қаласында жол жөндеуге 3 млрд теңге бөлінсе, бюджетті нақтылау барысында осы қаржыны екі есе арттыруды көздеп отырмыз, – деді өңір басшысы.
Айта кету керек, биыл жергілікті маңызы бар 342 шақырым автомобиль жолдары мен көшелерді жөндеу жос­парланған.
Қазақстан жол сапасы жөнінен әлемдік рейтингте 96-орында тұр. Жол – экономиканың күретамыры. Ел Прези­ден­тінің бұл салаға ерекше назар аударатыны да сондықтан. Үкіметтің осы аптадағы отырысында автожол саласын дамыту мәселелері қаралды. Өңірдің жолы әкім жұмысының айнасы екенін еске салған Премьер-Министр жергілік­ті жердегі жолдардың нашарлығын сынға алды. Жалпы елдегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 96 мың шақырымды құрайды. Оның 25 мың шақырымы – республикалық жолдар, қалған 71 мың шақырымы – облыстық және аудандық маңызы бар жолдар.
2025 жылға дейін республикалық маңызы бар жолдардың нормативтік жағдайдағы үлесін 100 пайызға, жер­гілікті желі жолдарының үлесін 95 пайызға дейін жеткізу көзделуде.
Ауданға оралайық. Қазір Жаңа­қорғанда төрт ауылға барар жол жөндеуден өтуде. Бірер айдан соң ел игілігіне беріледі, ендігі мәселе біткен жолдың талапқа сай болуына жауапты бөлімдерден бұрын сол ауылдардың әкімдері айрықша мүдделі болуы керек.
– Жалпы Жаңақорған бойынша ау­дандық маңызды жолдардың ұзын­ды­ғы 192,1 шақырымды құрайды. Биылғы жылы аудандық маңызы бар 4 елді мекен жолы жөндеуден өтуде. 586,4 шақырым болатын елді мекендердің ішінде әзірге қаржысы қаралып тұрған 16 көше. Ал, кенттегі ой-шұқырлы жерлерге жауапты мекеме жөндеуге міндетті, – деді аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі жә­не автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Дәулет Өмірәлиев
Бұл жүйе де елдің жаңаруға бастаған жарқын бір көрінісін танытса керек. Өйткені, елдік мұратқа жұмылған әрбір азамат Қазақстанның болашағы үшін осылай еңбек етуі тиіс.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
31 мамыр 2022 ж. 749 0