Ауылдар үшін жеке тұрғын үй бағдарламасы әзірленеді
Ауыл тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету үшін жеке тұрғын үй бағдарламасын әзірлеу керек. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті.
“Нұрлы жер” бағдарламасының жүзеге асырылу барысына арналған отырыста мәжіліс депутаты Уәлихан Қайназаров ауыл тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне назар аударды, деп хабарлайды Sputnik.“7-20-25″ бағдарламасы бойынша қала тұрғындары жаңа үйлерден пәтер алады. Ал ауыл тұрғындары не істейміз дейді? Ауылдық жерде қандай үй болса да алуға мүмкіндік беру керек. Кірпіш, саман үй болсын, оған біз бас қатырмауымыз қажет. Үйді алсын, одан кейін келешекте жері бар, коммуникациясы бар, өзі жаңа үй салып алады. Сонда ауылдан қалаға көші-қон азаяды”, — деді ол.
Бұл мәселеге қатысты инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев пікір білдірді. Оның айтуынша, ауыл тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ететін бөлек бағдарлама әзірлеу керек. Өйткені қазіргі қолданыстағы тұрғын үй бағдарламаларын ауылда жүзеге асыруға мүмкіндік жоқ.
“Ауыл бойынша менің көзқарасым ерекше. Біз жаңа бағдарлама әзірлеуіміз керек. Өйткені қазіргі “Нұрлы жер”, “7-20-25″ бағдарламалары ауылдарда іске асыруға келмейді. Бұл мәселені үкіметке талқылауға әлі шығарған жоқпын. Екі механизм бар. Осы айда оны жетілдіріп, сосын үкіметке жібереміз”, — деді Өскенбаев.
Пікір 3