АНТ ауданға келді
Жұма күні ауданымызға келген облыстық сала мамандарынан құралған ақпараттық-насихаттық топ мүшелері Төменарық ауылы тұрғындарымен кездесті. Одан әрі аудан халқымен “Ордакент” ардагерлер және жастар ресурстық орталығында бас қосты.
Еңбек әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Айгүл Маханова алдымен мына жағдайларды баяндады: Қазақстанда жыл сайын әлеуметтік сала бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, мемлекеттік қызмет көрсетуде жаңадан төлем түрлері ендірілуде.
Атап айтқанда «Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» Заңына сәйкес бірінші топтағы мүгедектерге күтімді жүзеге асыратын адамдарға олардың мүгедектігінің себебіне қарамастан, ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде, яғни 48023 теңге көлемінде жаңадан арнаулы мемлекеттік жәрдемақы енгізілді.
Аталған жәрдемақы жеке көмекшінің қызметімен қамтылған, бөгде адамның тұрақты күтіміне мұқтаж I топтағы мүгедектігі бар адамдарға арналған. Бұл жәрдемақы туыстық қатынастарына қарамастан тағайындалып, төленеді, бірақ I топтағы мүгедекпен күтімді жүзеге асырушы ретінде айқындалған адам бір елді мекенде тұруға тиіс. Хабарламашы осы бағытта барлық санаттағы жәрдемақылар жөнінде толыққанды ақпарат берді.
Келесі кезекте Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының әдіскері Алтын Есқараеваға Халық табысын арттыру бағдарламасына сәйкес облыста ықтимал жұмыс көздері туралы хабарлады. 2025 жылға дейін 58 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, 197 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отырғаны жөнінде айтты. 2190 түлек жастар практикасынан өтеді. Алғашқы жұмыс орны жобасына 147 жас тартылмақ. Ұрпақтар келісім шарты жобасына ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 18 мың тенге қаралды.
Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға берілетін мемлекеттік гранттарды жастардан бөлек әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар алатын болады. Биыл бұл санаттағы азаматтар қатарында 1969 адамды қамтуға 2504,6 млн. теңге жоспарлануда.
Одан әрі жиналған көпшілік алдында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры коммерциялық есеп АҚ-ның Қызылорда облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Аблайхан Рақымов сөз алып, Қазақстанда кепілдендірілген тегін көмек пакеті және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті туралы түсінік берді.
Одан әрі Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры АҚ филиалының бас маманы Лаура Ыдырысова сөз алып, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттіліктен және асыраушысынан айырылу жағдайларына төленетін әлеуметтік төлемдер мөлшеріндегі өзгерістерді баяндады.
АНТ мүшелері көпшіліктің қойған сауалдарына нақтылы жауаптар берді. Жиынды аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Аягөз Айдосова қорытындылады.
Әсел ИБРАГИМОВА