№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тұрғындар тілегі – басты назарда

Тұрғындар тілегі – басты назарда


Өткен аптада «AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдауы Сунақата елдімекенінде жалғасын тапты. Азаматтармен кері байланысты күшейту аясында жолға қойылған бастаманы жүзеге асыруда облыстық мәслихат депутаттары мен жергілікті атқарушы орган өкілдерінен құралған мобильді топ халыққа қызмет көрсетті.


Ауданнан шалғай елді мекенде мобильді қоғамдық қабылдаудың маңыздылығы мен мазмұнына тоқталып өткен аудандық мәслихат депутаты Әсем Тілеубергенова мұндай кездесулер елді дамыту бойынша нақты идеялармен келетін азаматтар үшін өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салатын орынға айналуы тиіс екенін атап өтті.
Азаматтарды көшпелі қабылдауды жиі өткізіп, шалғай ауылдардың тұрғындарымен кездесу керек деген қағиданы басты ұран етіп ұстанған халық қалаулылары – облыстық партия филиалының саяси кеңес мүшесі, облыстық мәслихат депутаттары Мақсұт Нәлібаев пен Жанкелді Ойшыұлы, Жаңақорған ауданы әкімінің қаржы, экономика және бюджетті жоспарлау жөніндегі орынбасары Ердулла Сұлтанбеков, облыстық партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Нұрлан Әбдікәрімов, партияның Жаңақорған аудандық филиалының атқарушы хатшысы Арман Мәжитов, Түркістан-Қызылорда облыстары бойынша өңір­аралық заң консультанттары пала­тасының заң жөніндегі кеңесшісі Айгүл Шегірова және ШЖҚ «Табиғат» МКК директорының міндетін атқарушы Қайрат Шакировтер тұрғындардың түйткілді мәселелерін қарай отырып, жүйелі шешім шығаруға жұмыс жасады.
– Ауыл тұрғындары партияның аудандық немесе облыстық филиалына әрдайым келе бермейді және оларға мәселені облыстық мәслихаттағы пар­тия фракциясының депутаттарына жет­кізу оңай емес. Сондықтан көшпелі қоғамдық қабылдауды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұйымдастырып отырмыз. Бұл кездесулер шалғай ауылдардың проблемалары назарға алынып, сол бойынша жұмыс жасауға мүмкіндік беретін акция екенін халық білсе дейміз, – деді аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Арман Әбілпейісұлы.
Осы күні қоғамдық қабылдауға тек Сунақата елдімекенінің тұрғындары ғана емес, көрші ауыл – Қожамберді мен Төменарықтың халқы да жиналды. Өздерін мазалаған, қанша айтылса да шешімін таба алмай келе жатқан мәселені көтерген жұртшылық ендігі үміт осы қабылдауда шешілсе деген арман-мақсаттарын да жасырмады. Сонымен қатар көшелерді жарықтандыру, жол­дарды жөндеу, инженерлік желілер мен әлеуметтік инфрақұрылымға, ин­тернет желісіне қатысты кемшіліктерді ай­тып, толғандырып жүрген мәселелерді көтерді.
Жаңақорған аудандық «AMANAT» партия филиалының атарушы хатшысы Арман Мәжитовтың сөзінше, әрбір айтылған өтініш бойынша жауапты тұлғалар мен орындау мерзімдері белгіленді. Бұл жөнінде алдағы уақытта өтініш иелеріне жауап берілетіні белгілі болды.

– Ауыл тұрғындарының партияның филиалдарына баруға мүмкіндігі жоқ. Мәселелерін партия фракциясының депутаттарына жеткізу де оңай емес. Біз тұрғындардың келуін күтіп отырмай, оларға өзіміз келдік. Бұл бір реттік акция емес, енді тұрақты түрде болады. Көшпелі қабылдау өткізіп, тұрғындардың проблемасын тыңдауды Мемлекет басшысы, партия төрағасы тапсырған болатын. Алдағы уақытта мобильді қоғамдық қабылдау мүшелері аймақтың барлық өңірлерін аралап, шалғай ауылдарға ерекше көңіл бөлетін болады, – деді облыстық мәслихат депутаты Жанкелді Ойшыұлы.

– Сіздер халықпен тікелей диалог орнатуға, олардың талап-тілектері мен сұраныстарын тыңдауға келдіңіздер, бұл өте дұрыс қадам. Мұндай кездесулерді мүмкіндігінше жиі ұйымдастырған жөн. Елдің мәселесін бірге талқылап, оның заңды тұрғыда шешілуіне өздеріңіздей азаматтардың атсалысқаны қуантады, – деген ақсақалдар аманаттықтарға алғысын білдіріп, алдағы істеріне сәттілік тілеп, ақ батасын берді.

Лаура БИБАСАРОВА
26 сәуір 2022 ж. 462 0