Жедел жәрдем жанға дәрмен
Ең бірінші байлық – денсаулық. Ол – бақытты, толымды өмірдің кепілі және негізгі шарты. Дәрігерлік жұмыс та көптеген салаға бөлінеді, солардың ішінде елмен етене араласып, халыққа алғаш боп көмек көрсететін жедел жәрдем қызметі. Осы орайда біз де аталған саланың қызу тірлігі жайлы фельдшер Қайсар Сұлтанбаевпен сұхбат жүргізген едік.
– Жедел жәрдем бөлімшесінің қызметі туралы қысқаша айтып берсеңіз...
– Жеделжәрдем – бұл науқас адаммен ең бі¬рінші болып бетпе-бет кездесу, алғашқы шұғыл көмек көрсету. Ең бірінші науқас адам жедел жәрдемге қоңырау шалады. Бірінші науқастың жағдайын, ол ауыр жағдайда ма, жеңіл жағдайда ма анықтайтын, диагноз қоятын да біздер. Сол диагнозбен ауруханаға жеткізгенге дейін көмек көрсету міндетіміз. Науқастың шағымымен, сыртқы бақылауымызбен: қалай отыр, өзін қалай сезінуде және де қан қысымын тексеру арқылы диагноз қойып анықтаймыз.
– Сіздің ойыңызша жедел жәрдемде жұмыс істейтін қызметкерлердің бойында қандай қасиет болуы тиіс?
– Ең алдымен, жедел жәрдем қызметкері батыл болуы керек. Сондай-ақ, ол адам-дарға жанашырлық танытуы тиіс. Білім керек болуы мүмкін дағдылар да пайда болады, қалыптасады, бірақ жанашырлық, мейірімділік қасиеттерінсіз ештеңе шықпайды. Және де жедел жәрдем қызметкерлерінде міндетті түрде жылдамдық, ұйымшылдық, аса жауапкершілік болуы тиіс.
Мысалы, инфаркт, жүрегі қысылып тұр деп шақырады. Міне, сол кезде үлкен қалаларда кардиологиялықбригада жібереді. Ал біздерде қандайқоңырау болсын, жалпы мамандандырылған бригада жіберіледі. Ол бала педиатры, акушер-гинеколог та, жалпы бригада да болуы мүмкін.
– Жедел жәрдем тек өзіміздің кент ішінде қызмет жасай ма, я болмаса ауылдық жерге де қатынап, көмек көрсетіле ме? Қай ауысымда, қай мезгілде қоңырау көп түседі?
– Көбінетүнгі мезгілде шақырту көп болады. Жедел жәрдем көліктерінің бір-бірін көрмейтін уақыттар да бар. Ауылдық жерлерге де қатынаймыз.
– Жалпы, жұмыстың, қызмет көрсетудің нәтижесі басқа аудандарға қарағанда қай деңгейде?
– Жыл аяғындағы қорытынды есеп бойынша қалаға қарайтын 9 ауданның ішінде жақсы нәтиже көрсеттік. Яғни, уақытында көмекке баруымыз, жабдығымыз, дәрі-дәрмектеріміз, жалпы қызмет көрсету жағы жоғарғы деңгейде десек болады.
Сұхбат барысында жедел жәрдем бөлімшесіне әдеттегідей қоңырау шалынды. Диспетчер қоңырауға жауап беріп, керекті мәліметті жылдам алып, жедел жәрдем көлігін көмек сұрап шақырған науқасқа жіберді. Жедел жәрдеммен мен де бірге барып, сырттай бақылау жасадым. Қажетті мекенжайға 5 минутта жетті. Науқас үлкен жастағы қарт әжеміз екен, өзінің жағдайын айтып түсіндірді. Науқасқа суық тиген, температурасын тексеріп, алғашқы көмек көрсетіліп, керекті дәрі-дәрмектерін жазып берді.
Он үш жылдық тәжірибесі бар білікті кейіпкеріміз Қайсармен сұхбат барысында алған мәліметтерім жедел жәрдеммен еріп жүрген кезімде көз алдымнан өтті. Уақытпен санаспай, науқастың көңілінен шығып жүрген абзал жандардың еңбегі шынымен де өлшеусіз.
P.S. Жақынымыз аяқ астынан ауырғанда ғана жанымыз шырқырап, әр секунд, минутты санап, жедел жәрдемді күтумен тағаты таусылмаған адам кемде-кем шығар. Екі оттың ортасында жүріп, науқастың өмірін фельдшерлерге аманаттаймыз. Осы уақытта диагнозды дұрыс қоя білетін, аман-есен үйіне оралатын адамның тағдыры – фельдшердің жауапкершілігі мен біліміне тәуелді.
Лаура БИБАСАРОВА