№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Диқан қауымның қам-қарекеті

Диқан қауымның қам-қарекеті


Дария деңгейі төмендеуіне орай жер таңдайын жібітіп, жағалауын қоныс еткен ауылдағы ағайынның тұрмыс-тіршілігіне өзек болған Сырдария деңгейі биыл да қуантпайтын түрі бар. Былтырғы жылды күрішші қауым әупірімдеп өткізген еді. Биыл сол жолға түспеудің тетігін жан-жақты қарастырып көруде. Оның жолы аяқ суды қоры болса, негізгі өзегі әртараптандыруға көшу. Өйткені, қазір күріштен гөрі бақша өнімі мен мал азығына сұраныс әлдеқайда жоғары. Бірер апта бұрын облысқа сапармен келген Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов тапшылықтың зардабын азайтудың барлық мүмкіндігін қарастыру керектігін айтты. Оның алғышарты біз айтқандай күнделікті тұтынатын тауарға бет бұру.


– Бүгінде Нарын-Сырдария су қойма­ларындағы су көлемі 17 млрд 771 млн тек­ше метрді құрап отыр. Бұл өткен жылғыдан 1 млрд 954 млн текше метрге кем. Бұл осы жылы судың жағдайы былтырғыдан да күрделі болатынын көрсетеді, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішіндегі көлем өткен жылмен салыстырғанда 1,1 млрд текше метрге аз. Осыған байланысты су лимиттері қайта белгіленуі керек. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсе­баевтың айтуынша, жағдай былтырғыдан ауырласа облыстағы негізгі дақыл – күріш егістік алқабын қысқартуға мәжбүр боламыз.
– Шаруалар суды үнемдеп пайда­ланудың технологияларына көшуі керек. Мысалы, қазір күрішке қарағанда жоңыш­қаның бағасы жоғары болып тұр. Бұл өңірдегі басты өнімнен бас тарту емес. Тығырықтан шығу үшін қазірше суды аз ішетін, пайдасы мол дақылдарға бет бұрғанымыз дұрыс болар еді. Кейін күріш егістіктерін қайта орналастыру мүмкіндігін қарастыруға болады. Алдағы уақытта арнайы штаб құрып, әр 10 күн сайын ахуалға сәйкес қарекет жасауға көшеміз, – деді аймақ басшысы.
Жалпы дала еңбеккерлері аяқ су тап­шылығынан ауыл шаруашылығы дақыл­дарының бекітілген сызбасына сәйкес, үстіміздегі жылы аудан бойынша 37 451 гектарға егіс егу межеленуде. Бұл жөнінде ауылшаруашылығы бөлімінің бас агрономы Даурен Абибуллаев мәлім етті.
– Атап айтқанда, дәндi дақылдардың көлемі барлығы 12 295 гектар құрайды. Оның ішінде күріш 7000 гектар, күздік бидай 4142, жаздық бидай 225, жаздық арпа 50 аумаққа, дәндік жүгері 618 гектарға егіледі. Сол секілді, тары 260 гектар, майлы дақылдардың барлығы 2055 гектарды құрайды. Мақсары 2010 гектар болса, қалғаны күнбағыс өнімі. Мал азықтық дақылдар барлығы 19 703 гектар. Жаңа жоңышқа, ескі жоңышқа, сүрлемдік жүгері бар. Картоп, көкөнiс, бақша көлемі барлығы 3398 гектарға орналастыру жос­парлануда, – деді бас агроном.
Сырдария өзенінде су деңгейінің тө­мен болуына байланысты негізгі күріш дақылының көлемін азайтып, оның орнына суды аз қажет ететін әртараптандыру бағытына бетбұрыс жасалуда. Алдын алу мақсатында жыл басынан бері суға қолайсыз, биік, су көзінен қашық орналасқан жерлерге суды көп қажет етпейтін әртараптандыру дақылдарын егуге байланысты түсіндірме жұмыстары жүргізілуде екенін назарға салды. Сала маманы қазір шаруашылықтар тарапынан минералдық тыңайтқыштардың 1800 тон­насына келісім шартқа отыру жұмыстары жүргізілуде екен.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 13,5 мың гектарға артық егіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашы­лығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты. «Ішкі нарықта азық-түлік тауарларының нақты қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында, бірінші кезекте, көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы және сапалы жүргізу қажет. Облыстардың деректері бойынша 2022 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,9 млн гектар алаңға егу жоспарланып отыр. Бұл 2021 жылғы деңгейден 13,5 мың гектарға артық», – деді министр.
– Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру, оның ішінде ерте пісетін көкөністер мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру үшін «Кең дала» бағдарламасы арқылы республикалық бюд­жеттен фермерлерге жеңілдікті несие беруді 140 млрд теңгеге дейін ұлғайту пысықталуда. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету мәселелері шешілуде, – деді Ербол Қарашөкеев.
Міне, мүмкіндік. Өткенде бір гектар картоп және бір гектар күріштің шығымы мен түсетін пайдасы туралы жазғанбыз. Былтыр бағасы хит болған сәбізді қолға алуға да болады. Өйткені, қазірдің өзінде базарларда картопқа қарағанда сәбіз бағасы тым қымбат.
«Балапанды күзде сана» демекші, егін шаруасының зейнетін күз түскенде көреміз. Тек шаруалар шығынға емес, пайдаға кенелсе нұр. Оның алғышарты негізінде аяқ суды үнемдеуді назарға алса абзал болары анық.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ


02 наурыз 2022 ж. 485 0