Елдік мәселеге енжарлық жүрмейді
Жаңаша даму мен бетбұрыс кезеңіне бағыт түзеген мемлекетімізде саналық тұрғыдан жаңғыру қай салада болмасын талап пен талғамды ұштап, қызмет қағидаларын сұранысқа сай сабақтауды қажет етеді. Мұны кеше өткен кент әкімі есебінде тағы бір таразыладық.
Орталықтағы «Ордакент» жастар ресурстық орталығы және ардагерлер сарайында өткен жиынға аудан активі, ел ағалары және кенттің белсенді тұрғындары қатысты. Мәжілісті аудан әкімі орынбасары Е.Сұлтанбеков ашты. Ел алдында есепті баяндама жасаған Жаңақорған кенті әкімі Сардармұхамедуәли Садықов өткен 2021 жылдың басты көрсеткіштеріне тоқталды. Тарқата айтсақ, Жаңақорған кентінің жалпы аумағы 2829 га құрайды. Онда 5828 тұрғын үй, 32080 халық өмір сүруде. 2021 жылға кент бюджеті 790669,1 мың теңгемен бекітіліпті. Ал биылғы жылдың бюджеті 394152,0 теңге болып бекітілді. Салықтық түсімдер 107, 8 пайызды құрады. Мемлекеттік кірістер басқармасы арқылы салығын төлемей жүрген салық төлеушіден 1824,0 мың теңге бюджетке өндірілген.
Кентішілік 21 көшенің орташа жөндеуден өткенін білдік. Ал 17 көшеге тас төселген. Өткен жылы құрылысы басталған Стадион аумағындағы 600 орындық және МАИ бекеті мөлтекауданындағы 300 орындық мектептердің құрылысы жүруде. Ипподром мөлтекауданында 300 орындық мектеп құрылысы басталды.
– Қазіргі таңда 7891 тұрғын кезекте тұр. Соңғы үш жылда 494 жер учаскесі берілген. Түгендеу жұмыстары нәтижесінде кент көлемінен 492 бос жер учаскесі анықталып, тұрғындарға беру бойынша жұмыстар басталып жатыр. Саяжай 1 мөлтекауданы бойынша 300 га жер учаскесі нақтыланды. Ендігі кезекте сол мөлтекауданға инфрақұрылым жүргізу жұмыстары жоспарлануда. Келешекте Ызғар елді мекені кентке қосылып кеткен жағдайда 1000-ға жуық тұрғын үй, мектеп, балабақша, емхана, дәріхана, кәсіпкерлік нысандарын орналастыруға мүмкіндік аламыз, – деді баяндамашы.
2021 жылы кент көлеміндегі жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайыз құраған. Жыл көлемінде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы негізінде 673 тұрғын жалпы көлемі 392359 мың теңгенің көлеміндегі кәсіпкерлік грант иегері атанса, 43 тұрғын 169296,0 мың теңгенің көлемінде кәсіпкерлік мақсаттағы жеңілдетілген несиені алды. Жалпы Жаңақорған кентінде 2395 кәсіпкер тіркелген.
Ауыз су бойынша сервистік жұмыстардың 80 пайызы орындалды. Кент халқының 98 пайызы газбен қамтамасыз етілді. Нақтылап айтқанда, 5711 тұрғын үй, 114 коммуналдық-тұрмыстық нысандар және 16 әлеуметтік-мәдени нысандар қосылған.
Әкімдер әрдайым халықтың қызметшісі екенін терең сезіне білгенде олардың мұң-мұқтажымен бөлісуге мүдделілілкпен ел алдына жиі шығуға тырысады. 2021 жылы кент әкімі тұрғындармен 8 рет кездесу өткізіпті. Мәслихат детутаттарымен бірлесе елдің ұсыныс-тілектеріне құлақ түріп, нәтиже шығаруғка талпынып келе жатқаны айтылды.
Келесі кезекте кент әкіміне тұрғындар тарапынан сұрақтар қойылды. Кент тұрғыны Серік Мұсабаевтың Саяжай мөлтекауданына мектеп, спорт алаңқайы салынса деген тілегіне әкім жауабы тұрғындардан келіп түскен 80 өтініштің 20-сы балалар ойнайтын алаңқай мәселесін көтеріп отырғанын, сараптамалық құжаты дайын 4 алаңқайдың алғашқысына Саяжай аумағының жоспарланып отырғанын жеткізіп қуантты. Ал аудан әкімі орынбасары Е.Сұлтанбеков биылғы жылы облыста 6 мектеп салынса, соның үшеуі біздің ауданға тиесілі екенін, облыстық әлеуметтік обьектілер тізімінде тұрған аудан ішілік жерлер кеңейтілуіне орай континент қалыптасқанда жаңа мектеп мәселесі де шешімін табатынына сендірді. Тұрғындар сонымен қатар өздерін толғандырып жүрген жолаушылар тасымалы қызметі жөнінде жан-жақты талқылады. Бұл жөнінде аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Қайрат Сапарбаев жеткізді.
Кентте қордаланған мәселелер де бар. Бүгіннің ғана емес, екі-үш жылдан бері жауыр болған кемшіліктер қатарында әлеуметтік дүкен мәселесін қозғаған Әбілтаева Әйгерімнің де сыни пікірінің жаны бар. Ол ауданда кәсіпкерлігін жолға қойғысы келетін жас талаптарға қолдау болса деген өтінішн жеткізді. Оның мемлекет тарапынан жастарға қамқорлық болса, мәселен, ғимарат жалдауға жәрдем берілсе, олардың аяқтан нық тұрып кетуіне, кәсібін жандандыруға көмек болар еді деген сөзі де құптарлық.
Кентте жекелеген асфальттанған көшелердің сапасы сын көтермейтінін айтқан Қарасай Жорабекұлының пікірі де шындыққа саяды. Мұны болдырмаудың жолы қандай? Көшені салып бітірген соң техникалық бақылаушылар оны қабылдап алады. Кент әкімі оған қол қояды. Бұл ретте басты қадағалаушы ретінде халық өзі қырағы болып, қадағалап, шикілік байқағанда жедел құзырлы орындарды хабардар етіп отырудың маңызы жөнінде айтты әкім. Халықты кент ішінде ерсілі-қарсылы ағылған ауыр жүк көліктерінің қозғалысы да мазалайды. Тазалық мәселесінде де жеке кәсіпкердің келісім шарт талаптарын сақтамай отырғаны сынға алынды. Қоғамдық кеңес мүшесі Мадияр Ахметов пен Төребай Ысқақов, бірі 2005 жылдары қолға алынып, насоспен суару арқылы кентке кіреберіс аумақты жасыл желекке бөлеген енапат еңбектің желге ұшқаны, сол қурап қалған талдардың орны қайта көгалдандырылса деген өтінішін жеткізсе, бірі №51 мектеп орналасқан Жеңіс көшесінің өте тарлығы, қаптаған көліктің білім ордасында оқитын балалардың қауіпсіздігіне көп кедергі туындататынын айтып, көшені кеңейту мәселесін алдыға тартты. Осы жердегі трансформаторды қоршау жөнінде кент басшылығының тыңғылықты көмегіне алғыс айтуды да ұмытпады. Ел ағасы Алшынбай Тұртанов кентте 154 көше бар, тұрғындар саны күнбе-күн өсіп отырғанын, қазір 6300-ге жуықтағанын айта келе, көптің назарын ең өзекті мәселе – ауыз су жағдайына бұрды. Бұл кісінің Алтыкрант суының аудан халқы несібесіне өте сапалы таза ауыз суы екенін дәлелдеп, жоғары орындарға да шығып, соны тек осы мақсатқа пайдалануға қол жеткізу жолында шынайы атқарып келе жатқан еңбегі көп. Сол нәтижесін берсе аудан халқы ешқашан судан тарықпайды.
Кентте жарықтандыру мәселесі шешілген. Қоғамдық тәртіп те бір жүйеге түскен. Жалпы көпшілік кент әкімі жұмысына қанағаттанарлық деп баға берді.
Баян ҮСЕЙІНОВА