Газдандыру және одан келетін қауіп-қатер талқыланды
«Ордакент» ардагерлер және жастар ресурстық орталығында кент көшелерінің комитет төрағаларымен және кенттің белсенді тұрғындарымен газбен жабдықтау жүйелерінің, газ тұтыну жүйлерінің және газ жабдығының объектілерін қауіпсіз пайдалану талаптарын сақтау жөніндегі түсіндірме жұмысы жүргізілді.
2015 жылы Жаңақорған кентінде газдандыру жұмысы басталып, қазір 5700-ге жуық тұрғын үй көгілдір отынды пайдалануда. Оған қоса, 2020 жылы қосымша 410 тұрғын үйге газ желісі жүргізілді.
Соңғы жылдары кентте жаңа көшелер қосылуда. Соған сәйкес кент тұрғындары тарапынан өтініштер түсуде. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін қайта ЖСҚ әзірлеу қолға алынды.
Көгілдір отын әлеуметтік тұрмыс-тіршілікті жеңілдетті. Бірақ, екінші қыры – қауіпсіздік мәселелері алдымыздан шығуда. Қазір тұрмыстық газ баллондардың жарылуы, газға улану және т.б фактілер тіркелуде.
Осы мақсатта профилактикалық іс-шараларды жандандыру үшін осы салада қызмет көрсетіп жүрген мамандар өкілдерінің пікірлерін тыңдап, тұрғындамен кездесу ұйымдастыру қолға алынды. Өткен жылы Қармақшы кенті мен Түркістан қаласында орын алған төтенше жағдайлар сақтықты талап етеді. Сондай-ақ газ баллон жарылыстары және газға улану жағдайлары жылда жылу маусымы кезінде орын алатыны белгілі.
Жаңақорған ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы азаматтық қорғау майоры Ш.Шамбилов аудан көлемінде орын алып жатқан өрт және басқа да төтенше оқиғалар жөнінде баяндады. Тұрғындардың тұрмыстық газ баллонды авто газ құю бекетінен толтыруы қауіпті екені түсіндірілді.
«ГазРемМонтаж» ЖШС Жаңақорған филиалының директоры Роза Спатаева:
– Улы газдан улану жағдайы көбінесе УГОП-16 пешін пайдалану кезінде орын алып жатады. Бұл тұтынушылардың пештің жарамдылық жағдайына аса мән бермеуінен, түтіндіктің тартымдылығын уақтылы тексеріп тұрмағандығынан болады. Біз яғни «ГазРемМонтаж» ЖШС тұрғындардың қауіпсіздігіне жауап береміз. Аудан халқы біздің қызметімізге қанықты, жиі хабарласып, өз өтініштерін білдіріп жатады. Газ құбырларын газ пешті және төрт көзін тазалау, газ жабдықтарын жөндеу сынды мәселелер туындаса бізге хабарласады, – деді.
Кездесуге қатысқан Жаңақорған кентінің әкімі Сардар Садықов пен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Сапарбаев газдандыру бағытындағы жұмыстар жалғаса беретінін және газдан келетін қауіптің алдын алу маңызды екенін атап өтті.
Берік АТАХОЖАЕВ