» » Ұстазы талапты, шәкірті талантты

Ұстазы талапты, шәкірті талантты


Жақында Жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен «Ұшқыр ой алаңы» тақырыбында дебаттан достық кездесу өтті. Мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған пікірсайыстың мақсаты – жасөспірімдердің ой-өрісін дамыту, сөйлеу шеберлігі мен тіл мәдениетін жетілдіру, лидерлік қабілетін шыңдау. Міне, осындай сөз барымтасында бағын сынап 28 топтың ішінен оза шапқан «Торнадо» фракциясының мүшесі Икрам Нұрсұлтанды әңгімеге тартқан едік.


Білімді оқушы – заман талабы десек, көзі ояу, көкірегі ашық, зама­нына сай жас ұрпақты тәрбиелеу отбасында ата-ананың, білім ордасында ұстаздардың басты міндеті. Әсіресе үздік оқушы, лайықты азамат етіп қалыптастыруда мұғалімдер қауымына артылар жүк ауыр екені баршаға мәлім. Осындай міндеттің үдесінен шығып, қаншама сайыста үздіктер қатарынан көрініп жүрген Нұрсұлтан мектеп абыройын төмендеткен емес. Онымен дидарласу барысында жет­кен жетістігі мен бағындырған беле­сінің көптігінен осындай ой түйдік.
Кей­­­­­­іпкеріміз Қазақстан Респуб­ликасы­­ның «Қазақстанның үміт ар­тар­лары» және облыстық «Сыр үміттері» атты ең үздік оқушылардың энциклопедиясына енді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Пат­риоттар академиясының» мүшесі ретінде бірнеше дипломмен, Білім және ғылым министрлігінің дарынды оқушылар арасында «PATRIOT» медальінің иегері атанды. География және орыс тілі пәні бойынша Республикалық байқауда үздіктер қатарынан көрініп, «Дарынды бала» Республикалық балалар мен жасөспірімдер сайты ұйымдастырған «Өз жеріңді танып біл» байқауында «Ұланымын тәуелсіз азат елдің» номинациясы бойынша ІІ жүлделі орынмен марапатталды. Айта берсең жеткен жетістігі бір төбе озат шәкірттің бұл соңғы бағындырған белесі емес. Жуырда жалпы білім беру ұйымдарының мектеп оқушылары арасында өткен «Ұшқыр ой алаңы» атты аудандық пікірсайысында І орын алып, дарынды тәрбиеленуші екенін тағы бір дәлелдеді.
– Жақсы оқып, аламаннан оза шабуда маған ата-анамның, ұстаздарымның үйреткені көп. Осы сенімді ақтауда еш аянбай, күндіз-түні оқу басты мақсатым. Төгілген тер еш кетпейтіні секілді, санама түйген әр мағлұмат сайрап тұрса менің байқауларда жеңімпаз атануым заңдылық, – деп сенімді түрде өз пікірін білдірді.
Нұрсұлтанның қабілеттілігі жай­ында аудандық көлемде өтетін дебатқа дайындаған ұстазы Алтынсара Ысмайлова: «Жалпы мектепішілік дебат клубының жетекшісі болып биыл тағайындалдым. Құрамында 15 мүшесі бар клуб қазірдің өзінде-ақ жақсы қырынан көрініп жүр. Оқушыларды АПФ (американдық парламенттік формат) үлгісімен дайындауды жолға қойдық. Аудан көлемінде бірінші рет ұйымдастырылған мектепішілік дебат сайысына № 163 мектептің абыройын қорғап, 11 сыныптан Нұрсұлтан Икрамбай мен 10 сынып оқушысы Әсел Мәулен қатысты. Өз бағын сынаған 28 фракцияның ішінде пікір-сайыстың жеңіс тұғырынан біздің мектептің атынан шыққан «Торнадо» фракциясы жеңіс тұғырынан көрініп, фракция мүшесі Нұрсұлтан «Үздік спикер» атанды. Осылайша енді ғана жұмысын бастаған клуб шәкірті облыстық турнирге жолдама алды», – деді ұстаз.
Облыста бағын сынаған қабілетті оқушы республикалық, облыстық дебат жүлдегерлерімен сынға түседі. Командамен бірлесіп жұмыс істеуге, сұрақ қойып, оларға нақты жауап беруге үйрететін білім беру тех­нологиясын жақсы меңгерген, өз ұста­нымын көпшілікке нақты аргументтер арқылы жеткізе алған Нұрсұлтан осылайша республикалық көлемде өтетін дебат сайысына жолдама алды.
Пікірсайыстарда жетістіктерге жету үшін айқын көзқарас, мінезі мығым, сөзі өткір, ойы ұшқыр, өз ұстанымын дәлел-дәйекпен қорғай білу маңызды. Ол үшін көп оқып, танымдық бағдар­ламаларды қарап, аргументация дағ­дыларын дамыту бойынша үнемі жұмыс істеу керек. Ал мұны талабы таудай Нұрсұлтан естен шығарған емес.

Лаура БИБАСАРОВА
15 ақпан 2022 ж. 608 0