Алаңдағы сол күнгі көрініс бәріміздің санамызда сақтаулы.
Қазақ ауылынан арман қуып Алматыға келген барлық жас бірігіп, алаңда тұрды. Дінмұхамед Қонаевтың өзі шығып сөйлейтінін естідік. Бірақ олай болмады. Айнала азан-қазан, у-шу болды да кетті. Ешқайсымыз не болғанын түсінбей қалдық. Топпен барған студенттер бір-бірімізден адасып, көптің ішінде кете бардық. Бұл көріністі мен де көрдім. Әріптесімнің сол кездегі бастан кешкенін бүгінгі жас ұрпақ білсе, өнеге алса, Тәуелсіздіктің қадіріне жетсе деген оймен қағазға түсірдім. Өткен күннің ауыр естелігін айтқанда көздің жасын тия алмаған Күлбақыттың жүрегі әлі жаралы.
«Еңгезердей орыс әскерлері ешкімді аямады. Арқаға, басқа, денеге тиген дубинка, күректің соққылары бізді біраз есеңгіретті. Бір кезде бір шұңқырға құлағанымды білемін. Біраз уақыттан кейін есімді жиып, өз-өзіме келгенде екі орыс әскері екі қолтығымнан сүйреп келеді екен. Кайда апара жатқанын да түсінбедім. Осы сәтте алдымыздан орта жастағы әскери шенді кісі шығып: «Тастаңдар қызды», – деп бұйырды. Екеуі ақ қарға мені тастай салды. Аты-жөнін білмейтін, бұрын-соңды көрмеген бейтаныс азамат жетектеп, бір темір «будканың» ішіне жасырды. Ол жерде дәл өзімдей қазақтың бір аяулы қызы отыр екен. Соққыдан еріні төртке бөлініп кеткен. Қан суша сорғалап жатты. Екеулеп барынша алғашқы медициналық көмекті жасап бақтық. Бейтаныс ағай бізді кеш батқанша ұстап отырды да, шу басылып, қараңғы түскенде екеумізге жол сілтеп, шығарып салды. «Жатақханаларыңа жетіп алыңдар. Ешқайда шықпаңдар. Ауруханаға барушы болмаңдар», – деп қайырымдылық жасады. Міне, осы сәттен бастап нағыз қудалау жұмыстары жалғасты. Талай жасты оқудан, комсомол қатарынан шығарды. Алаңдағы суреттер арқылы әр студентті тауып, сұрақтың астына алды. Бала күннен арман еткен оқудан да қол үземіз бе деген қорқыныш, үреймен күн артынан күн өткіздік. Алаңға киіп барған киімді көзден таса қылдық. Дубинкадан соққы алған жеріміз біразға дейін көгеріп кетпеді. Бірақ бұл алаңда жүрекке түскен жараның қасында ештеңе де емес еді. Моншаға да бармайтын болдық. Тіпті, оқудан шығып қалған құрбыларымыз да болды. Не болса да оқуды бітіріп, аман-есен ауылға жол тарттық», – дейді кейіпкеріміз.
Барлығы басылып, жаңбыр артынан күн шыққанымен Күлбақыттың өмірінде көлеңке тұстар енді басталды. Ауылым деп шарқ ұрып келгенде ол үлкен дертке шалдықты. Бас ауруы оны жиі мазалайтынды шығарды. Дәрігерлер оны қаназдықтан көреді. Білікті де білімді маман 2017 жылы мамыр айында бірінші инсульт алып, денсаулығына біршама күш түседі. Ауру бір емес, шыр айналдырып 2019 жылы екінші рет инсульт алып, әбден қиналады.