№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Желтоқсан – асқақ рухтың жаңғырығы

Желтоқсан – асқақ рухтың жаңғырығы


Құс екеш құс та қанаты талғанша еркін қалықтайтын көк сеңгір аспанның кеңістігін аңсайды. Адамдар да сондай. Өмірін айқын мақсатқа арнай білгенде ғана сол жолда барлық кедергіні бұзып-жарып өтуге бар. Желтоқсан оқиғасының қалың қатары – қайсар жүректі ұландарды бір ту астына біріктірген осындай бір тілек, бір мақсат, бір мүдде болатын.


Олар толық бір ұлттардың еркіндігін тізгіндеп, тізеге басуға келгенде туған жұртының қамын жеп, мұңын ойлаған саналы кеуделердің көзін жоқ етудің амал-тәсілін де шебер меңгерген өктемшіл саясаттың шынайы бет-пердесін ашып, әлем алдында әшкере етті.
Әділетті жақтайтындарды бір ту астына біріктіретін бір ғана тілек. Ол – ұлттың еркіндігі. Бұл ретте "жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін", "у ішсең руыңмен" деп әшейінде әуес арзан айқай, аңғырт ұран адыра қалып, ақиқат үшін ар-намысты алға ұстағанның арман-дерті бір арнаға тоғысқанда қабырғалы елге қалқан болуға жарар қаһармандық рух алдыға шығады екен.
Жетпіс жыл бойы сірескен тоңды бұзып, жалғандықтың бет терісін сыпыр­ған жанкешті ерлікке барған жас ұрпақтың ызғар соққан көктемнің қыр­мызы гүліндей көз алдында жапырылғанына куә болу кімге жеңіл болды дейсіз? "Аузы күйген үріп ішеді" дегендей, тоталитарлық саясаттың талай сойқанын көріп, көзге сүрткен кіл жақсыларынан айрылып, сағы сынған аға буын артық бір сөз айтуға да қорынып, жасқаншақтап, өзін де, өзгені де үйдей бәледен үндемей құтылуға үгіттеп жан бағып жүргенде жалғыз күнде жасанған қолдай сап түзеп, ұран салып, арман-тілектерін жария етуге орталық алаңды бетке алған, теңіздей буырқанған жас толқынның тағдыры ерекше алаңдатты. Қиянаттың неше атасын бастан өткерген ұлт ардақтыларының арқасына аңғырт жастардың бейбіт түрде шеруге шығып, шындықты қалпына келтіреміз деген сәулелі үміттерінің ақталмайтыны аяздай батты. Көзсіз көбелектей қанатын от шарпып, қапыда арандап қалмаса деген қауіп пен қатер көргені көп ұлт зиялыларының жүрегін қанжардай тілгілегені сонша құдыреті жетсе тастүйін тәуекелге бас тіккен қыз-бозбаланы жазымнан құтқаруға құмбыл, бірақ жас көкіректе қордаланып, толғағы жеткен арман-қалауларын ашық айтып, ұлт намысын арашалап алуға біржолата бекініп алған жас қайраттың бетін қайтару мүмкін емес еді.
Ауданымызда құрылған "Желтоқсан ақиқаты" қоғамдық ұйымының төрайымы Динаш Ахметовамен арнайы жолығып, осы бағыттағы пікірімен бөліскен едік.
– Ауданда Желтоқсан оқиғасына қатысушы бірнеше жастың бүгінде алды алпысты алқымдап, соңы елуді еңсерді. Бірақ желтоқсан сызы жүректерден әлі кете қойған жоқ. Аса қатты қудаланғандар қатарында өзім ҚазГУ-дің қабырғасында 2 – курстан соң "бас сауғалап" елге келіп, мектептің пионервожатыйлығына әрең қол іліктіріп, жанымды сала жұмысқа кіріскенімде де жөніме қалдырмай, жиналысқа салып, терімді сыпырып алуға дайын тұрған өз жеріміздегі комсомол белсенділерінің қоқанлоққысы бәрінен ауыр тигенін әлі ұмыта алмаймын. Сонда комсомол хатшысының "Бұл халық жауы" деп қаулы қабылдауға ұсыныс беріп, комсомол қатарынан шығарғаны отыз жетіні еске түсіргендей еді. Енді жұмыстан да қудырмақ боп бюроға салмаққа шешім қабылдап, қағаз жіберген екен, сол кездегі заврайОНО Асанов Анарбек аға "Сендердің бұдан басқа жұмыстарың жоқ па? Не ақыларың бар пионерлермен жұмыс істеп жатқан бұл балада" деп араша тұрмағанда істің ақыры немен тынарын бір құдайым білсін, – деп күрсінеді ана.
Желтоқсан оқиғасы туралы түрлі желеу сөз де, дақпырт та көп болды. Бұл құпия қып құлыптап ұстайтын әлдебір ұйым да, жеке адамдар ұйымдастырған қозғалыс та емес, тап-таза көңілмен ойдағы тілекті ашық түрде биліктің құлағына жеткізсек деген жастықтың бейбіт шеруі еді. Қазір осы жаста отырып бұл қадамға қалайша батылдығымыз жеткен деп қайран қаламын. Саналы түрде іске асатын сарабдал саясат ісінде әлдебір көксоққанның ойсыз әрекеті толыққанды тәуекеліміздің тас-талқанын шығарып, мүлде теріс арнаға бұрып кете барарын пайымдамаған екенбіз. Соның көрінісі емес пе, алаңда жұмыс жасап жүрген телеинженер Савицкий дегенге біреу тас лақтырып, мерт етіп, бұл өзге ұлтқа қарсылық ретінде бағаланып, жалаң қол жастарға мұздай қаруланған әскерді қалқан етті. Үсті-басымызға мұздай су шашылып, тоғытып көлікке тиеп, жабық камераларға әкеп қамап жатты.
"Орталықтан "Метель" тобы келіп, Отардан түсті" деген хабар жетті. Бұлар аяу дегенді білмейтін, озбыр, жетімханада тәрбиеленген жазалаушылар тобы екен. Екі бүйректен соққы алып, талып түскенімді білемін. Есімді бір орыс кемпірдің үйінде жидым. "Хайуан сынды сонша бұлары несі? деп бұрқылдаған үй иесі де бұл бүлікті жазғырып, жыларман болып жүр. Бейбіт күнде ашық аспаннан тас жауғанды кім жақсы көреді?
– Сіз бұл үшін өкінесіз бе?
– Бұл бір күндік ұйғарым емес. Біз ұлт тағдыры үшін тәуекелге бардық дегім келеді. Ешкімді зорлау, үгіттеу болған жоқ. Әркім өз жүрегінің әміріне бағынды. Өз басыма келсем, ол кезде ҚазГУ-дың физика факультетінде оқимын, сонымен қатар студсоветтің мүшесі әрі курс бойынша қоғамдық бақылау комитетін басқардым.
Қазақ баласының жоғарғы оқу орнына аяқ іліктіруі өте қиын. 17 пайыздан аспасын деген тапсырма болғанын кейін біліп жатырмыз. Сол аз баланың өзін түрлі сылтаумен шеттету басым. Мәселен, оқуға түсерде "қазақ бөліміне" деп құжат тапсырған бізден 1-курстың өзінде емтиханды орыс тілінде алатын болды. Ауылдан жаңадан келген енді тіл сындырып жүрген қазақтың талай екі иығына екі кісі мінгендей нар жігіттерін омақаса құлатып, жолына тосқауыл қойған осындай жымысқы саясатқа жаным ауырып, бірден Білім министріне барғаным есімді.
– Ахметова, – деген дауысқа жалт қарадым. Ғимараттың астыңғы қабатында дәріхана есігінде тұрған өзіміздің мектептегі математика пәні мұғалімі Халима апайымыз (Әмір Рысбековтың анасы) – Неғып жүрсің? – деді. – Министрге, – дедім мен.
– Қандай министр? – деп таңқалды апайым. Жаз мезгілі, министр еңбек демалысында екен. Жолыға алмадым. Мәселен, мен алаңда осы мәселелерді айтармын деп ойлағанмын. Бірақ асыл мақсатымыз басқаша өріс алып кетті. Қаншама жас қыршын кетті. Із-түссіз кеткен ұл-қызына қайда деп сұрау салуға ата-ананың өзі қаймыққан қатал сын түсті халықтың басына. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен болып кетті. Мені де шешем үйге тығып қойып, пердеден сығалап, сәл машина гүр етсе зәресі қалмай шошынып, жүрек талмасына ұшырады.
Осындай қиындықтарды бастан өткергенде көзім айқын жеткен нәрсе, әлді мен әлсіз қатар өмір сүргенде заң үстем болмай әділеттік орнамақ емес.
Ендігі ұрпақ бүгінгі азат күннің қадірін бағаласа екен. Қайда оқимын десе де, қайда жұмыс жасаймын, тіпті қайда өмір сүремін десе де өз еркі. Тек адалдықты ту етіп, бір-біріне қорған болып жүрсе екен, – дейді ол.
Тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасының тапсырмасымен желтоқсан оқиғасына жаңаша сипат берілді. ҚР Президентінің 1991 жылғы 12 желтоқсандағы №591 Жарлығы негізінде "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау" туралы Заң қабылданды. Бүгінде ақталған азаматтар әлеуметтік қорғалған тұлғалар санатында. Дегенмен бұл ретте республикалық "Желтоқсан ақиқаты" қоғамдық қорының Президенті Құрманғазы Рахметов партия басшылығына ұсыныстар түсіріп, желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету, мұқтаж отбасыларын баспанамен қамтамасыз ету, медициналық көмек, мамандығына сәйкес жұмыспен қамту, басқа да заңнамамен қарастырылған жеңілдіктер мен артықшылықтарға қол жеткізу мәселесінде қордаланған түйткілдерді шешуде нақты жұмыстар қажет екенін алдыға тартып отыр.
Күні кеше Астанада өткен "Желтоқсан-86: Асқақ рух пен абырой" атты дөңгелек столға арнайы шақырылған өкілдер қатарында облыс атынан барып қатысып қайтқан Динаш Ахметова желтоқсанға қатысушы аймақтағы тағдырластарының хал-ахуалынан хабардар етіп, өзекті мәселелерді ортаға салып оралды. Өткен күн қасіретіне ой жіберіп қарасақ, Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат, Сабира сынды желтоқсан құрбандары қатарында жерлесіміз Ботагөз Қарабаеваны қосуымызға әбден болады. Бүгінде халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген аяулы жандар, басқа да түрлі салада еңбек етіп жүрген жалын жүрек тұлғалар қатарында желтоқсан қаһармандарының атын атап, түсін түстеп те бере алады екенбіз. Оларға құрметтің қаншалықты екенін қайдам, бірақ нақ бүгіндері оларды әлеуметтік қорғалған жан ретінде алдыңғы сапта тану алғышарттары қалыптасу үстінде екен.
Ал анығында, ұлты үшін ұрандап, сау басын сауғаға салған жалын жүрек иелері үшін керегі мансап та, мәртебе де емес, олар үшін өздері бір желкенін көтеруге тырысқан азат күннің абыройы бәрінен қымбат.

Баян ҮСЕЙІНОВА
14 желтоқсан 2019 ж. 824 0