№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ұстаз ұлағатымен қадірлі

Ұстаз ұлағатымен қадірлі



Кейінгі кезде «адами капитал» дегенді сөзді жиі қолданатын болдық. Оның себебі де түсінікті. Әлем біліммен қаруланып, инновацияға иек артып, ғылымды дамытып жатыр. Бізге де қарап қалауға әсте болмайды. Егер өркениет үнін дұрыс танып, сананы жаңғырта алмасақ көштін артында қаламыз.
Адами капиталды тағы да қозғап жатқаным Елбасының «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығында қайта көтеріліп, маңыз берілді. Оның үстіне, карантиндік жағдайға байланысты қашықтан оқудың қиындығын сезіндік. Енді оқушылар дәстүрлі білім алуда. Мектепке жиі барып тұрамыз. Сонда бағамдағаным, офлайн білім алған оқушылар дағдылы сабаққа ден қоюға дәрменсіз көрінді. Әрбірінің жүзінен әртүрлі ой түюге болады. Ойын баласының ойы сан-сақта. Шапаттап шапқылаған шылауы әлі бойында. Бір-екі күн байыпты берілсе сабаққа да сергіп, ықыласы жығылар. Тұла-бойы тап-таза, мейлінше жаңа киім ілген. Әке-шешеге рахмет, өзі кимеседе баласын жарқыратып киіндіруге тырысқан. Бұл да өмір мектебінің өнегесі болар.
Ұстаз қауымы мектептің жүрегі ғой, белінен шыққан баласынан кем көрмей, құшағына қысып, бүйрегі бұрып, оқушысын айналып-толғанып жүр. Осыдан-ақ білімге баулып, болашаққа дайындаудың борышы байқалды. Осындайда өмірден өтсе де болмысымен, қасиетімен аларсамайтын тұлғалардың өнегесі еске түседі. Төменарықтың халқы Іскендір Құдияров пен Базарбай Жаманқұловты ұмыта қойған жоқ. Олардың тәжірибесі қызық. Қырық бес минутқа созылатын сабақты бәсеке алаңына айналдырады. Оқушыларды біліммен жарыстыруға мән береді. Олардың алдын көрген адамдар динамикасы жоғары, мейлінше мол ақпарат берілетін сабақтар көзді ашып-жұмғандай өтеді дейді. Содан болар Төменарықта кезінде ондаған «Алтын белгі» иелерінің шыққаны.
Білім саласының бәйтерігі бола білген Әбіләсан Әшірбеков, Мақсұт Ибрагимовтың жолы бір дара. Олардің білім саласына сіңірген еңбегі жайлы көлемді монография жазуға да болады. Ол алдағы күннің еншісіндегі шаруа. 
Бір кездері «Шығыста Шермағамбетовтың мектебі» деген түсінікті қалыптастырған Зинабдин Шермағамбетовтың өнегесін қайда қоясыз?! Жұмысың табысты да нәтижелі болу үшін жоғары шығармашылық әлеует, жұмысқа деген ынта-ықылас керек, бәрінен бұрын өз жұмысыңнан жаның рақаттанбаса, өз күшіңе өзің сенбесең, онда нәтиже күтудің өзі ақымақтық дегенді қағида еткен ардагер ұстаздың шәкірттері өмірден өз орнын тауып, елдің дамуына үлес қосып келеді. Сонда табысты еңбек еткен Орынбасар Абдуллаевтың да қарекетінен тағылым табуға болады. Ол №54 мектепте сапалы білім берудің негізін қалағанның бірі ретінде елге қадірлі.
Түгіскенде Ермағамбет Құлымбетов деген ұстаз бар. Отбасымен тіл маманы. Білім ордасында талай жылдар басшылық етті. Сол кездері оқушыға сапалы білім, тәлімді тәрбие берудің үлгісін көрсетті, білім ордасын аудандағы маңдайалды мектептен етті. Оқушыға ұрсуды білмейтін ұстаздың әрбір сөзі жігерінді жанып, зейінінді аша түседі. Оның қадірін арттыратын да осы қасиеті болса керек-ті.
Қожакентте Мәрусия Құлахметова апай қазақ қыздарынан шыққан аудандағы алғашқы директор. Ол Өзбекстанда атақты мұғалім дәрежесіне жеткен саңлақ. Сол кісі: «мектепте ер адам көп болушы еді, бұл баланы намыс пен жігерлілікке тәрбиеледі» деген-ді.  Бұл да ескеретін мәселе.
№168 мектепте бастауыш сынып мұғалімі болған Қатира Юнусованы балалар анасынан артық көрді. Мейірімі төгіліп тұратын мұғалім баланы бауырына басып, баурап алатын. Бәлкім, сол қасиетінен болар, бірде-бір бала сабақтан қалып, тіпті кешікпейді екен. Көп балалы ана ретінде 47 жасында еңбек зейнетіне шығу мүмкіндігі болып, сол күні-ақ демалыс алып кетті. 
«Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» деген қағидаға қызмет еткен Фатима Тілеубаеваның өмірлік өнегесі, ұстаздық жолы кейінгі буынға үлгі-өнеге. Оның әрбір сөзінен кішілікті, қарапайымдылықты қапысыз танисыз. 
Ұзақ жылдар №53 мектепте директорлық қызмет еткен Сәуле Ілиясова апайымның сабақ беру тәсілі қандай еді?! Күлдіріп отырып намысыңа тиеді. Содан еріксіз қолға кітап алып, ізденесің, ілім жолына түсесің...
Ұстаздар династиясының өкілі Жүніс Үпенов, Қансейітов және т.б жайлы тарқата жазуға болады.
Өзіміздің Күланда Жақыпбекованың бойынан зиялылықтың өрісін аңғаруға болады.  Ол №163 мектепті іргелі білім ордасына айналуына еңбек сіңірді...
Саналы ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздық ұлағатымен танылған тұлғалардың еңбегін қашанда бағалай білеуіміз тиіс. Мектептер есігін ашқалы осындай ой қылаң беріп, қолға қалам алдым. Шәкірттер үшін шынайы үлгісін көрсеткен бұрынғының ұстаздары сөз арасында көрінбей қалған да болар. Өзіме белгілісін ғана сараладым. Қалғаны алдағы күннің еншісінде. 
Бүгінде заманауи білім дағдыларын меңгеруге күш салып, кәсіби білімін үнемі жетілдіріп, кешегі тағылым мен бүгінгі тәжірибені ұштастырып жүрген ұстаздар аз емес. Олардың жетістігі мен ұстаздық жолы жайлы жазылып жүр...
Айтайын дегенім, ұстаз ұлағатымен қадірлі. Кейде бұрынғының ұстаздары мейірімімен, болмысымен биік болды ма деп те ойлаймын...
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
12 желтоқсан 2021 ж. 535 0