№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру – маңызды мәселе

Әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру – маңызды мәселе

Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері деген сөзді жиі естиміз. Ал, қуатты өңірдің негізі – экономикасы әртараптанған, шағын және орта бизнесі дамыған, әлеуметтік инфрақұрылымы шешілген елді мекендерден құралатыны сөзсіз. Сыр өңірі, оның ішінде Жаңақорған ауданында осы инфрақұрылымдарды жетілдіру бағытында жүйелі жұмыс бар. "Nur Otan" партиясының сайлауалды бағдарламасына енген жобалар жүзеге асырылуда. Биыл жолдарды орташа жөндеу, каналдарды тазалау, көпір салу, елді мекендерді газдандыру және сервистік ауыз сумен қамтамасыз ету сынды маңызды жұмыстар қолға алынды. Одан бөлек, спорт кешендері мен медициналық нысандар халық игілігіне берілді.

Міне осындай қуанышты күнде жаңақорғандықтармен ортақтасу үшін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова арнайы келіп, елді мекендерді аралап, халықпен жүздесіп, бірқатар әлеуметтік нысанның тұсауын кесіп, жұмысымен танысты. Біз аймақ басшысымен бірге қуанышты күннің куәсі болдық.

Алдымен аймақ басшысы Төменарық ауылдық округіндегі мемлекеттік-жеке­шелік әріптестік аясында бой көтерген спорт кешеніне барды.
Спорттық ғимарат құрылысын «Ай­ару» дара кәсіпкерлігі 120 млн теңгеге жүргізді. Спорт кешенінде 12 адам жұмыс істесе, жасөспірімдер спорттың үш түрі бойынша жаттығады. Олар: баскетбол мен дзюдодан 3 топта, еркін күрестен 6 топта 170-ке жуық оқушы спорттың қыр-сырын меңгеруде.
Облыс әкімі балалардың спортпен машықтануына жағдай жасаған кәсіпкермен пікірлесіп, спорт залда шы­нығып жатқан жасөспірімдермен тілдесті.
– Әлеуметтік инфрақұрылымды жетіл­діру – маңызды мәселе ғана емес, біздің негізгі міндетіміз. Біз бұл бағытта жүйелі жұмыс атқарудамыз. Соның бір дәлелі, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында еңселі спорттық кешеннің есігін аштық. Енді алдымызда жастардың спорттық шеберлігін арттырып, елдің абыройын халықаралық айтулы бәсекелерде қор­ғайтын деңгейге жеткізу мұраты тұр. Жеңісті күндер көп болсын! – деп тілегін жеткізді Гүлшара Наушақызы.
Сөзге араласқан аудан әкімі Руслан Рүстемов:
– Сыр өңірінде 20 спорт кешені бой көтерсе, соның 10-ы біздің ауданда. Жал­пы Жаңақорғанда соңғы жылдары бұқаралық спорт түрлері қарқынды дамып келеді, – деді.
Руслан Рүстемұлының сөзінде шын­дық бар. Оның дәлелі, «Алтын күз» облыстық спартакиадасы мен «Ақ бидай» ауыл ойындарында біздің аудан үздік құрама ретінде танылып жүр.
Жаңақорған кентіндегі №8 олим­пиадалық резервтің мамандан­ды­рыл­ған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің филиалы ретінде жұмыс істейді. Бұл кешен №53 А.Романов атын­дағы мектептің ғасырдан астам уақыт оқушыларға білім саясы болған ғимаратының бұзылған орнына бой көтерді. Яғни құтқананың үстіне са­лын­ды. Бір кездері осы ескі мектепке жапсарлас ғимаратта Төменарық спорт мектебі жұмыс істеді. Талай талантты спортшылардың бабы мен бағын келістіріп, облыстық, республикалық турнирлерде жүлде алуына жағдай жа­сады.
Әттең, ХХ ғасырдың 90 жылдардың аяғындағы оңтайландыру кезінде спорт мектеп жабылып, талапты, талант­ты жастар спорттық мансабын ер­те аяқтады. ХХ ғасырдың алғашқы онжыл­дығына қарай филиал ретінде жұмысын жалғап, еркін күрестен ауыл балаларын баптай бастады. Біресе клуб үйінде, біресе мектептің жертөлесінде балалар жаттықты.
Енді уақыт талаптарына жауап беретін ғимарат берілді. Бұған ауыл тұр­ғындары бек қуанышты. Спорт кеше­нін салуда жауапкершілік көрсеткен Қос­жан Құдияров:
– Біз спортшылардың жаттығып, шеберлігін арттырумен қатар, түрлі дең­гейдегі турнирлер ұйымдастырып, жасөспірімдердің техникалық, такти­ка­лық тұрғыда шыңдалып, шеберлігін арт­тыруға маңыз береміз, – деді.
Өңір басшысы төменарықтық ақса­қалдармен де кездесіп, ауылды дамы­туға қажетті ұсыныстарын тыңдады. Нақтырақ айтсақ, ауылдық округтің ардагерлер ұйымының төрағасы Темір­бек Құтжанов биыл ауылішілік жол­дар орташа жөнделіп, ауыз судың сер­вистік желісі жүргізіліп жатқанын тілге тиек етіп, облыс әкіміне алғыс білдірді. Кейінгі жылдары аяқ су мәселесі өзекті бола түскенін, оның ішінде Төменарық, Сүттіқұдық, Қожамберді елді мекен тұрғындарын осы мәселе алаңдатып отырғанын жеткізді.
Әрі қарай облыс әкімі Келінтөбе ау­ылдық округіне барды. 4 мыңға жуық тұрғыны бар елді-мекенде кәсіпкерлікке ден қойған азаматтар көп. Мәселен, биыл ауылдың 12 тұрғыны «Бастау бизнес» бағдарламасы арқылы кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренсе, 8 адам кәсібін дамыту үшін грант иегері атанды. Мұнда өңір басшысы жаңадан салынған әкім аппаратының ғимаратымен танысты.
Құрылысты жүргізген мердігер ком­пания – «Сапақ» өндірістік кооперативі 37,7 млн теңгеге әлеуметтік нысанды салып, тамыз айында пайдалануға берді. Ғимаратта халыққа қызмет көрсету бұрышы жұмыс істейді.
Бұл әкім аппараты ғимаратының қажеттілігі бар еді. Өйткені бұған дейін ауылдық клуб үйіндегі кабинеттерде жұмыс жүргізді. Онда ауыл халқына қызмет етудің қиындықтары болатыны түсінікті.
Гүлшара Әбдіқалықова әкімдік кабинеттерін көріп, ауыл әкіміне халыққа сапалы қызмет етуді тапсырды.
Қандөз елді мекенінде мемле­кеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған спорт кешеніне арнайы барды. Өткен жылдың наурыз айында пайдалануға берілген нысанда бүгін 126 бала спорттың волейбол, белбеу күресі, самбо бойынша жаттығады. Спорт кешені арқылы 11 ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтыды.
Спорт кешенінің меңгерушісі Нұрқасым Әбілқасымның сөзінше, спорт кешенінде екі киім ауыстыратын және жуынатын бөлме бар. Бүгінде аптасына үш күн ауыл жастары спорт кешеніне кешкісін келіп, волейбол ойнайды.
Облыс әкімі Өзбекстанның Жызак қаласында жастар арасында өткен Әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмеген Алдаберген Айберген мен Наурыз Мамытқа бұрылып, енселі спорттық ғимаратта чемпиондар көптеп шыға берсін деген тілектестігін білдірді.
Мұнда да облыс әкімі ауыл тұрғындарымен кездесіп, инфра­құрылым мәселелеріне қатысты ұсыныс-пікірлерін тыңдап, мәселе­лердің кезең-кезеңімен шешілетінін қаперге салды.
Өңір басшысы Президент тапсыр­масына сәйкес өңірдегі 2156 баланы қамтитын мемлекеттік спорттық тапсырысты қаржыландыруды 2021 жылғы 212 млн теңгеден, келер жылы 638 млн теңгеге ұлғайту жоспарда бар екенін және осы арқылы 4312 баланы бұқаралық спортқа тарту көзделгенін алға тартты. Сондай-ақ, ауыл спортын көтеруге атсалысып, жеке қаражаты есебінен нысан салып, мүдделестік танытқан кәсіпкерлерге алғысын білдірді.
Соңғы үш жылда Жаңақорған кентінде екі, Сүттіқұдық, Сунақта мен Қожакент, Жаңарық, Қыркеңсе және Ақүйікте бір-бір спорт кешені мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында пайдалануға берілді. Бұл – Сыр өңіріндегі ең жоғары көрсеткіш. Бұл – аудандағы спорттың дамуына жауап беретін жұмыстың нәтижесі.
Мұнан соң аймақ басшысы Жаңарық елді мекенінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған ауылдық дәрігерлік амбулаторияның ашылу рәсіміне қатысты.
Салтанатты шарада өңір басшысы ұлт денсаулығын нығайту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін, дәрігерлік амбулаторияның ашылуы ауыл тұрғындарына медициналық көмекті қолжетімді етуге мүмкіндік беретінін тілге тиек етті.
– Мемлекет басшысының өткен жылғы Жолдауында денсаулық сақтау ісінің тиімді моделін құру арқылы 3 жыл ішінде барлық ауылдық елді мекенді фельдшерлік-акушерлік пункттермен және дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Аймақтың барлық аудандарында медициналық объектілер жаңадан салынуда.
Былтыр Жалағаш ауданында 100 төсектік заманауи орталық аурухананы пайдалануға берсек, осы жылы тамыз айында облыс орталығынан Модульді жұқпалы аурулар ауруханасын пайдалануға бердік. Жыл соңына дейін Қазалы ауданынан 250 келушіге арналған емхананы ел игілігіне табыстайтын боламыз.
Міне, бүгін Жаңарық ауылындағы ауылдық дәрігерлік амбулаторияның ашылуының куәсі болып тұрмыз. Жаңа амбулаторияны мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде «Ныш-Ер» құрылыс компаниясы қысқа мерзімде салып, Сіздердің игіліктеріңізге пайдалануға беріп отыр. Жаңа нысан ауыл тұрғындарының дертіне шипа табатын орынға айналуына шын жүректен тілектеспін, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Айта кететіні, ауданда 3 дәрігерлік амбулатория салынуда. Ал, жаңа дәрігерлік амбулаторияда егу бөлмесі, дәрігерлерге дейінгі қабылдау және күндізгі жатын бөлмелері бар. Онда аға дәрігерден бөлек, екі фельдшер, жеті медбике, бір әлеуметтік қызметкер мен акушерка халыққа қызмет етеді.
Жаңарықтықтардың атынан ел ағасы Мәжит Тәшімов облыс әкі­міне халықтың әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарына алғыс білдірді.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ,
Жаңақорған аудандық мәслихатының депутаты,
"Жаңақорған тынысы" газетінің бас редакторы.
04 желтоқсан 2021 ж. 364 0