№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қаржыгерлердің қажырлы еңбегі ескерілді

Қаржыгерлердің қажырлы еңбегі ескерілді


15 қараша Ұлттық валюта – теңгенің айналымға енген күні және ҚР қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Қос тойы қабат келетін атаулы күнде қаржы саласының қызметкерлері жыл сайын құрмет биігінен көрінеді. Осы дәстүрлі жолмен аудан әкімі аудандық сала еңбеккерлерін арнайы құттықтап, марапат мінберіне шығарды.


1993 жылдың 15 қарашасында ұлт­тық валюта – теңге қаржы нарығында айналымға енді. Осы жылдар ішінде қазақтың төл теңгесі уақыт тезінен өтіп, тәуелсіз елдің ұлтттық валютасы ретінде танылды. Бұл Қазақстанның даму тарихындағы ең айқын парақ­тардың бірі және бұл тарихи шешуші оқиғаның бірі, әрі болашақ үшін бағасы биік болды. Осынау ширек ғасырдан астам уақыт жыл ішінде теңге өзінің қуаттылығын көрсетіп келеді. Ел эко­номикасының өсіп-өркендеуі жолын­да қаржыгерлердің қызметі, сіңірген еңбегі ерен. Олар тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тоқырау кезінде, ел экономикасы нығайып, өркендеген тұс­та, жан-жақтан дағдарыс қысып, жұрт қалтасына жүк түскенде де мемлекет қаржысының тиімді жұм­салуын қада­ғалап, экономиканың өрге басуын қамтамасыз етіп келді.
– Кез келген ел егемендігін алғаннан кейін өзінің ұлттық валютасын қа­былдап, айналымға енгізеді. Біз де тәуелсіз ел ретінде 1993 жылы төл теңгемізді тұғырға қондырдық. Жалпы қазақ жерінде теңгенің тарихы әріден басталады. Ұлы Жібек жолының бойындағы қазақ елінің өркендеу жолында әсіресе, сауда айналымында теңгенің рөлі айқын байқалады. Сыр өңірінде қаншама тарихи мекендер, кешегі сақ дәуірінен кешегі қазақ даласының астанасы болған тарихи мекендердің ізі бар. Сондықтан қазақ елінің тұнба тарихында теңгенің таңбасы, ізі сонау ықылым заманнан жалғасып келеді десек болады.
Ал, қаржы секторы елдің эконо­микасын еселеп, одан әрі нығайтатын сала. Бұл салада ауданның, облыстың өркендеуіне үлес қосқан жерлес аза­маттар аз емес. Олардың қатарында Құттықожа Ыдырысов, Қалқазбек Әжібеков, Төлеген Қонысбаев және өзге де алдыңғы аға буын ардагерлеріміз қаржы саласында қажырлы еңбек етті. Сол ізбен келе жатқан сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтаймын, тайқазанымыз ортай­масын, аудан бюджеті молая берсін, – деп ізгі тілегін білдірген аудан басшысы Руслан Рүс­темов аудан экономикасының өрлеуі мен қаржы секторының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бір топ қаржыгерді марапаттады.
Ұлттық экономика министрінің «Құр­мет грамотасы» аудандық эконо­мика және бюджеттік жоспарлау бөлі­мінің сектор меңгерушісі Ахметғали Қасқабаевқа табысталды. Аталмыш бөлімнің бас маманы Гүлнар Жолдасова ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқарма басшысының және аудан әкімінің «Ал­ғыс хатымен» марапатталды. Облыс әкімінің арнайы «Алғыс хаты» аудан­дық қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі Лина Әбдірахмановаға бұйырды. Ау­дандық қаржы бөлімінің бас маманы Болат Айдарбеков пен статист маман Айдар Исраил мен Ұлдана Айдар, аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің әдіскері Күлжахан Жүсіпбекова, аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Сұлтанхан Хойшиев, Асылжан Аппақов, Сара Исмайлова мен Гүльнар Саркулова аудан басшысы Руслан Рүстемұлының «Алғыс хатымен» марапат биігіне көтерілді.
Қызметі көрінбейтін, бірақ жауап­кершілік жүгі ауыр салада еңбек етіп келе жатқан қызметкерлердің шынайы еңбегін осылай елеп-ескеріп, құрмет білдірілді. Мерекелік марапат соңында аудан әкімінің орынбасары Ерділла Сұлтанбеков әріптестерін мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
16 қараша 2021 ж. 473 0