№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Көлік нарығы: талап пен талғам таразысы

Көлік нарығы: талап пен талғам таразысы


Ерте заманнан Ұлы дала елінде ердің дәулеті астындағы сәйгүлігіне қарап бағалан-ды. Расында ғой, ол кезде тұлпарсыз жүріс өнімсіз, іс тұралап қалатын. Қазір адамның дәулетіне баға көлігіне қарай беріледі. Ал, көліктің бағасы аспандап барады. Енді қатардағы қарапайым жұрт не істейді? Әрине, Ресейдің арзан көлігіне жүгінеді. Осылайша көршінің ескі құсқысына сұраныс артты...
Осыдан үш-төрт жыл бұрын ауданда жүздеп саналған шетелдік нөмірдегі көліктер бүгінде мыңдап саналады. Тіпті Мәскеу және елімізбен шекаралас Омбы, Орынбор, Томбы, Новосібір, Астрахань, Волгоград, Саратов, Самара және т.б аймақтарда дені түзу көлікті табу қиындап қалыпты. Бұл дегеніңіз Ресейдің жүруге жарарлық көлігі біздің елге ағылды. Оны кімдер алды? Елдің қарапайым азаматтары. Бұған дәлел де, дәйек те көп...


Көршім былай дейді:
«Тәуір көлік алайын десем, қаражат жетпейді, арзанына тек көршінің қаңсығын қанағат етесің. «Алайын десем нан қымбат, алмайын десем жан қымбат» демекші, «былай тартса арба сынады, былай тартса өгіз өледі», әйтеуір амалын тауып күнелту керек».
Жөн сөз! Бұған алып-қосар сөзіміз жоқ. Шындығы осы! «Қайыршыға жел қарсы» дегендей соңғы екі аптада елде ресейлік нөмірлі көліктердің тағдыры күн тәртібіне кезекті рет қойылды. Бұл жолы полиция қызметі күшіне мінді. Көшеде ресейлік нөмірмен жүрген көліктерді бірінен кейін бірін тоқтатып, айыппұл салды, тұраққа қамады. Әйтеуір, қара­пайым халыққа тісін батырды.
Бұған жүргізушілер да қарап қалмай, наразылығын білдірді. Олар «Заңсыз болса о баста рұқсат бермеу керек еді» деген уәжді алға тартты.
Оның үстіне, жол сақшылары жаппай ресейлік көліктерді тексерумен бірге, айып тұрағына жетектеп бара жатқаны әлеуметтік желі болсын, телеарналар көрсетті де тұрды. Басты себебі көліктер тіркеусіз, кепілде тұрған немесе ұрланған деген мәлімет болды. Әрине, қазақстандықтар көрші елдегі ахуалды қайдан білсін, ол көлік кімнің атында болды, ұрланған немесе банкке кепілге қойылған ба, біздің онда шаруамыз жоқ. Теңгені бердің, тауарды алдың, ары қарай игілігіңе мін. Бұған кім кінәлі, қазығы Ресейде, жазығы Қазақстанда болып тұр.
Қазақстандық тіркеуде тұрған кө­лік­термен салыстырғанда арзан әрі жылы жаңа болғандықтан көрші елдің көлі­гіне сұраныс жоғары. Ағаштың екі шеті болатындай, Ресей құқық қорғаушыларының мәліметіне сенсек, Қазақстанға келген 606 автокөлікке іздеу салынған екен.
Жауапты тұлғалар не дейді?
Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевтен бастайық. «Мәселе ол көліктерді тіркеуде ғана емес. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше кейбір көлік құралдарына Ресей Федерациясында іздеу жарияланған, ал кейбір көліктерді тіркеуден мүлдем шығарып тастаған. Он емес, мыңдап саналады. Демек, ондай көліктерге жай нөмірді таға салған. Ресейде де тіркеуде жоқ, криминалдық және ұрланған көліктер», деген бас прокурордың орынбасары көліктерді себепсіз тоқтатпау мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, адам өз еркімен заң талаптарын орындап, еш ереже бұзбаса, онда ол шағымдана алады.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғым­баевтың айтуынша, Қазақстан аумағына әкелінген ресейлік көліктердің 80 мыңға жуығы не Ресейде, не Қазақстанда тіркеуде жоқ.
«Өзге елден көлік сатып алған қазақстандық азамат оны 10 тәулік ішінде өз атына тіркеуі міндетті. Алайда көбі бұл талапты ескеріп, елей бермейді. Ресейлік тіркеудегі 210 мыңға жуық кө­лік Қазақстан территориясында жүр. 150 мыңы – заңды негізде, тиісті сенімхаты бар. 600 көлік – Ресей ІІМ криминалды полициясы жіберген тізім бойынша ұрланған көліктер қатарында. Яғни 200 мың көліктің қайда екенін анықтадық. Одан бөлек 80 мыңға жуығы не Ресейде, не бізде тіркелмеген екен. Ол көліктер Қазақстанда техникалық байқаудан өтпеген. Техникалық жағдайының қан­дай күйде екенін де ешкім білмейді. Сондықтан қазір профилактикалық тү­сіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Егер көлік қажетті тіркеу процедурасынан өтсе, ешқандай проблема болмайды. Бәрінің қолында көлікті Ресейден сатып алғанын растайтын құжат бар. Тек ХҚКО-ға барып, өз атына рәсімдеу керек. Бірақ көбі өз атына қойғысы келмейді» деді министр.
Көлік қымбаттауына елеулі әсер еткен фактор – утиль алымының қым­баттауы. Ол бізде 400 мыңнан бас­талып 6 млн-ға дейін бағаланады. Утилизациялық төлемді есептеуде базалық мөлшерлеме ретінде 50 ай­лық есептік көрсеткіш қолданылады, оны көліктің түрі мен категориясына байланысты коэффициентке көбейтеміз. Шыққан соманы машинаны ел ау­мағында бастапқы тіркеуге қоймай тұрып төлеу қажет. Мысалы, 2,5 литрлік моторы бар Toyota Camry үшін 1 458 500 теңге талап етіледі. Сарапшылардың айтуынша, дамыған елдерде утиль алымының бағасы әрі кетсе 100 мың теңгеден аспайды.
Енді құжатты қалай тіркейміз, соны түсініп алайық.

– Ресейлік көлік сатып алған кезде үш құжат аласыз. Оның екеуі маңызды емес. Бастысы – көліктің техпаспорты. Де-факто – бұл құжат кімнің қолында болса, машинаның иесі де сол болады. Де-юре – көліктің иесі – Сергей Иванов. Сақтандыру бағасы – 22 мың теңге. Әрине, азаматтар арзан көлік алып, сонымен жан баққысы келеді. Алайда бұл көліктердің көбі дерлік Ресейде тіркеуден шығарылып тасталған. Ертең ол жол апатына себеп болса, біреудің мүлкін зақымдаса кінәсін дәлелдеу қиынға соғады. Сондықтан мемлекет пайызы өте арзан автонесие бағдарламасын іске қосуы керек, – деген ұсыныс айтады белгілі автоблогер Олжас Оқас.

Бұл тығырықтан шығудың жалғыз жолы – ресейлік нөмірлі автокөліктерді сатып аларда жергілікті полиция бөлі­мі­не хабарласып, көліктің тари­хын тек­серу қажет.

– Ресейлік автомобильді тіркеу үшін алдымен халыққа қызмет көрсету орталығына көлікті тіркеу ережесіне сай құжаттарды әзірлеп, тапсырады. Ереже барлық көлікке ортақ, яғни қазақстандық көлік болсын, ресейлік болсын - тіркеу ережесі бәріне бірдей, – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов.

Көлікті тіркеу процесі бар-жоғы 2 сағат уақыт алады. Ешқандай қағаз­бастылық жоқ. Сондай-ақ, ҚР ІІМ деректерінше, Қазақстанда қазір 200 мыңнан астам ресейлік нөмірлі авто­көлік жүр. Оның ішіндегі кемінде 80 мың мәшине Ресейдегі есептен сырттай шығарылған. Ендеше Қазақстандағы қандай ресейлік нөмірлі көліктер айып тұрағына қойылуы мүмкін екенін kolesa.kz түсіндіріп көріпті:
Ресейдің ГИБДД-сында тіркеуде тұр­ған, Қазақстанда мерзімі өтпеген сақ­тандыру полисі бар, мерзімі өтпеген ресейлік «техосмотры» бар көліктің Қазақстанда жүруіне рұқсат! Көлік Ресейде тіркеуде тұр ма, жоқ па – ол жағын көлік құралының тіркеу куәлігінің нөмірі немесе VIN-код енгізу арқылы мына сайттан https://xn--90adear.xn--p1ai/check/auto тексеруге болады. Ре­сей нөмірлі көліктің иесі екенін растау үшін қазақстандықтың қолында мына құжаттар болуы тиіс: сатып алу/сату туралы келісім-шарт; көлік иесі берген бас сенімхат; көлік құралының паспорты (ПТС).


Әли ТЕМІРБЕК

16 қараша 2021 ж. 343 0