Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сексеуіл мен жыңғылдың қасиеті

Сексеуіл мен жыңғылдың қасиеті


Мыңжылдықтар көшінде Тұран даласында, Сырдың сағасында жайқалған жыңғыл мен Қызылқұмға көрік берген сексеуілдің біз білмейтін беймәлім тұстары көп. Өзге өсімдіктерге қарағанда табиғаты бөлек бұл бұталы өсімдіктер қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасып кекен. Тарих толқынында көшпенді халыққа жақсы жылу берген, паналаса ықтасын, жазда көлеңке, басқа да тұрмысқа жарады. Рухани жаңғырудың бір қыры – өлкені тануға негізделсе, онда өлкедегі негізгі саналатын бұталардың қасиетін де тану маңызды.

Алдымен сексеуілді сөз етейік. Қазіргі таңда елдің 6,2 млн гектар аумағын сексеуіл алқаптары алып жатыр, оның ішінде 2,7 млн гектары Қызылорда облысына тиесілі. Бұл өсімдіктің қасиеті көп, әлі де сырын сақтап келеді.
«Тілсіз жауға жаланған, төтеп беріп кеште бұл. Жолды сақтап бораннан, қалды қалың сексеуіл» деген Сырбай Мәуленовтің ғажап жырына арқау болған сексеуіл ежелден құм суырған даладағы жолдың сорабын сақтауға қызмет етіп келе жатқан қайсар өсімдік. Кейінгі кезде пайдалануға берілген «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жолының да құм түтіп жейтін шөлейтті учаскелеріне Аралды құтқару қорымен бірге осы бір өсімтал ағашты егу жоспарланып отыр екен. Бұл асфальт жабындысын күннің ыстығы мен тұзды шаң-тозаңның қонуынан, құм көшінен сақтайтын көрінеді.
Иә, сексеуіл ең әуелі көшпенді бабаларымыздың шаңырағына жылу берген, қоламтасы таңға қоздап жататын қызуы өте жоғары ағаш ретінде белгілі. Содан да болар, қазақ қасиет тұтқан сексеуіл ағашы томарын үйінің төбесіне қойып қоятын бір тылсым құрметке де ие. Халқымыз үшін ертеден бағасы бөлек сексеуілдің бүгінгі миссиясы тіптен алабөтен, оны ғаламдық деңгейде қарастыруға болады.
Ерте көктемде секесуіл тұқымы өне бастағанда жер асты суы ыстықтың әсерінен тереңге түсе береді. Тұқымнан шыққан тамыр да суды қуалап төменге ентелей береді. Алғашқы жылдары тамыры 3 метрге дейін, одан кейінгі жылдары 20-30 метрге дейін ұзарады екен. Осыған орай сексеуіл су «аулауға» бейімделген, оны жас сексеуілдің өсуін бақылаудан айқын байқауға болады.
Қанша жыл жасайтыны да халық даналығынан белгілі. Жарты ғасырға жуық қана өмір сүреді, бірақ осынша жылға жеткізбей тамырынан тірідей қопарып, қажетімізге пайдаланып жатқанымыз өкінішті. Орман шаруасын жіті білетін сала ардагері Ермағанбет Ибрагимов ағамыз бұл өсімдік туралы қысқаша тарқатты.
– Сексеуіл де жылда гүлдейді, тұқымы күздің аяғында пісіп жерге шашылады да, қаңтардың алғашқы әлсіз жылылығында өне бастайды. Бұл ағаштың Қазақстанда 3 түрі бар, ақ, қара және зайсан сексеуілі өседі. 4 метрден 12 метрге дейін өседі, біздегі ақ және қара сексеуіл. Сексеуіл құмды шөлдің қорғаны, өйткені ол құмды бекітіп ұстап тұрады. Өскіндері түйеге, қойға жақсы азық. Жыңғылдың да гүлдерін мал азық етіп жүр. Жалпы сексеуілдің сан қасиеті болса да, біз бағалап жүрген жоқпыз, – дейді ардагер.
Иә, тарихта қазақ пен сексеуілдің қасиетін ұқсастырады. Екеуінің де діңі мықты, төзімді келеді, қит етсе морт сынады. Оны бір-біріне ұрып қана сындыру оңай, былай шабу көп уақыт алады. Осындай қасиетке ие болса да біз бағалап жүргеніміз жоқ. «Жаңақорған орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» жыл сайын сексеуілге күтім жасап, өсірудің жолында келеді.
– Адам баласы пайдаға құныққаны соншалық, сексеуіл ағаштарының діңіне сым тростар байлап түбірімен қоса жұлып жататын жағдайлар да кездеседі. Түбірінен жұлынған сексеуіл ағашы зақымданғаны соншалық, қайта түбірінен өсіп-өнбейді. Жаз айларында кесілген сексеуілдер қыс айларында кесілген сексеуілдерге қарағанда тұқыммен және де түбірінен табиғи өсіп-өнуі 4 есеге кем болады екен. Соның салдарынан сексеуіл алқаптары бұрынғы көлемдерінен мулдем азайып кеткен.
Жалаңаш қалған өлкелерден құмдар көшіп шөлге айналады және де аңдары басқа жаққа ауып кетеді. Негізінен зерттеу жұмыстарының мәліметтеріне сүйенер болсақ қолдан егіп өсіргеннен шыққан көшеттер санына қарағанда табиғи өсіп өнуінен шыққан көшеттер саны әлде қайда жоғары. Сол себепті қолдағы барды бағалап, оны сақтап, табиғи жаңаруына ықпал жасай отырып сексеуіл алқаптарын ұлғайтуға бар күшімізді жұмсауымыз керек, – деді орман қорғау және күзету жөніндегі потолг инженері Бақытжан Исматов.
Сексеуіл ағаштарын заңсыз кескендер ҚР Қылмыстық кодексінің 340-бабымен қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Атап айтқанда осы баптың 2 бөлігімен ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау кезінде – 300 АЕК –ке (757 500 теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл салуға немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 240 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмысқа тартуға немесе 75 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. Сексеуіл сындырғаны үшін бұрын әкімшілік айыппұл салынатын болса, енді міне осындай қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болды.
Енді жыңғылға келсек, Қазақстанда ең көп тараған жыңғыл – қызыл жыңғыл. Ол өзен бойларында, тоғайлардың арасында, құм, саз, сортаң топырақты далада кездеседі. Биіктігі 1 – 3 м, қабығы қою қызыл не сарғыш қызғылт түсті. Жапырағы ұсақ жұмыртқа тәрізді, сабақ бойына кезектесіп орналасады. Гүлі қос жынысты қызғылт, ақшыл көк не ақшыл түсті. Мамыр айынан қыркүйекке дейін гүлдейді. Гүлшоғыры – масақ не сыпыртқы. Жемісі – үш қырлы қауашақ. Құрғақшылыққа, сортаң жерге, суыққа төзімді. Қабығы, жапырағы, тамыры және жас өркендерінің құрамында илік заттар (8%-ға дейін) бар. Шірнелі өсімдік. Шөлді аймақтарда боз жыңғыл жиі кездеседі.
Өсуін тоқтату дәрежесіне дейін зақымдаған жағдайда әр түбіне 500 АЕК мөлшерінде, яғни 1 458 500 теңге көлемінде залал есептелінеді. Ал, жойғаны немесе зақымданған жағдайларда әр түбіне 1000 АЕК яғни 2 917 000 теңге көлемінде залал есептелінетіндігін ескертеді.
Бұл өсімдіктің де адамзат үшін пайдасы орасан. Сексеуіл секілді өте ірі тоғайлар құрайды. Көлеңкелеуге ыңғайлы, өзен жағасында өскендері өзен арнасын мүжілуден, сазданудан сақтайды. Шөл далада сексеуіл тәрізді көшпелі құмға тосқауыл бола алады. Жылуы да жақсы, бұл өсімдік ауа райы қатал шөлді аймаққа табиғаттың тамаша сыйы. Ертеректе көшіп-қонып жүрген ата-бабаларымыз, сауда керуендері оны ерекше бағалаған. Көшпелі кезде құмда қалған бұқараға, адасқан адамға баспана, жатын орын, аязда жылу бере білген. Тіпті, тарихта жауға қорған бола білген де осы өсімдік. Жыңғылдың жуан бұтақтарын тұрмысқа жаратса, жіңішке бұтағын ер-тұрманды өрнектеуге, балаға бесік, киіз үйге кереге, тұсауға тиек, қамшыға сап, бұйым салуға жәшік жасай білген. Бұрындары Мургаб өзенінің жағасында тұраын түрікмендер жыңғылдан қамшы өріп, тізу сабынан қармақ жасаған. Айта берсек қажетке жаратуға таптырмас ағаш болған. Бірақ қазір қадірі қашты.
– Жыңғылдың негізгі қасиеті – төзімділігінде. Өмір үшін күресте ол табиғаттың дүлей дауылында құммен арпалысып, соңында жеңіп шығады. Жыңғыл бұтағының қабығын сындырып тастаса да тіршілігін жоймайды. Суда тұрса шірімейді, қайта өсіп, салмақ қосады. Бұл тіршілік иесі қазақпен бірге өркендеп келеді, қасиеті мен пайдасы көп, сондықтан, оны отын ретінде немесе қора қоршалауға жөн-жосықсыз пайдалана беруге болмайды, – деді Е.Ибрагимов.
Иә, қысқаша қайырғанда біз сексеуіл мен жыңғылдың қасиетіне шолу жасадық. Қараусыз қалмаса да, аяусыз жұлынып жатқан қос тіршілік иесіне мейіріммен қарайтын уақыт келді. Оның да орны қазақтың өткені мен тамырлы тарихы үшін ерек, осыны ұмытпауымыз керек.
Әли ТЕМІРБЕК
16 қазан 2021 ж. 1 651 0