» » Қызылордада емхананы еркін таңдау құқығын 900-ден астам тұрғын пайдаланды

Қызылордада емхананы еркін таңдау құқығын 900-ден астам тұрғын пайдаланды



Бұл күндері елімізде бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) ұйымдарына жыл сайынғы тіркелу науқаны өтуде. Бүгінгі таңда емхананы еркін таңдау құқығын Қызылорда облысының 900-ден астам тұрғыны пайдаланды. БАҚ өкілдері Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалы ұйымдастырған баспасөз туры барысында жеке және мемлекеттік емханалардағы тіркеу науқанының барысымен танысты.
15 қыркүйекте елімізде БМСК ұйымын еркін таңдау науқаны басталды. Емхананы екі ай көлемінде – 15 қарашасына дейін ауыстыруға болады. Бұл мүмкіндікті Қызылорда қаласының тұрғыны Нұршат Ахметова пайдаланды.
«Бүгін №6 емханаға тіркелдім. Мұнда тұрмысқа шыққанға дейін қаралдым. Кәсіби мамандар қызметі ұнайды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде сақтандырылғандықтан тіркеу барысында ешқандай кедергі болған жоқ», – дейді Нұршат. Жалпы, бүгінгі күні №6 қалалық емхана 69 246 тұрғынға қызмет көрсетеді. Көпшілігі БМСК көрсететін медициналық ұйымына өтініш беру арқылы тіркелсе, қалған азаматтар онлайн қызметті таңдаған (egov.kz порталы арқылы) немесе ХҚКО-ға өтінішпен жүгінеді. Басты шарт – сіз МӘМС жүйесінде сақтандырылуыңыз керек.
«Interteach» клиникасына тіркелгісі келетіндер аз емес. Науқан басталғалы бері бір ай ішінде 600-ге жуық адам тіркелген. Клиника 2019 жылдан бастап бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді. Сол кезеңнен бері мұнда 1 900 қызылордалыққа қызмет көрсетіледі.
«Біздің жұмыс беруші «ПетроҚазақстан Кумколь Ресорсиз» компаниясы ерікті медициналық сақтандыру шеңберінде клиникамен келісім шарт жасасты. Сондай-ақ, мұнда бүкіл отбасымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында медициналық қызметтерді аламыз. Бұл өте ыңғайлы. Сонымен қатар, кезек жоқ, барлық қажетті тар буынды мамандар, диагностикалық қызметтер бар және шұғыл медициналық көмек жақсы жолға қойылған», – дейді қала тұрғыны Айдар Оразаев. «Interteach» клиникасы бас дәрігері орынбасарының міндетін атқарушы Айгүл Аблаеваның айтуынша, БМСК қызметіне сұраныстың артуына байланысты екінші аймақты ашу жоспарлануда. Ережеге сәйкес, кампания кезінде тіркелген азаматтар 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық көмек ала бастайды.
Айта кетейік, тіркеу науқаны емхананы ауыстырудың жалғыз мүмкіндігі емес. Бұл рәсімді жылына бір рет еркін таңдау құқығымен жасауға болады. Сондай-ақ егер адам тұрақты немесе уақытша тұратын жерін, жұмыс немесе оқу орнын ауыстырған жағдайда, басқа елді мекенге көшкен болса немесе ол тұрған емхана қайта ұйымдастырылса, жойылса және басқа да жағдайларда емхананы ауыстыруға құқылы.
Егер сізде медициналық қызметтерді алуға байланысты сұрақтар туындаған жағдайда, өтінішті Қордың ресми кері байланыс арналары – 1406 байланыс орталығы, «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасы, Қордың www.fms.kz сайты, Telegram-дағы Saqtandyry-bot арқылы хабарласуға болады. Мұнда да сіз сақтандыру мәртебеңізді тексере аласыз.
15 қазан 2021 ж. 322 0