» » ЕМХАНАЛАРҒА ТІРКЕУ НАУҚАНЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

ЕМХАНАЛАРҒА ТІРКЕУ НАУҚАНЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ



15 қыркүйектен бастап медициналық-санитариялық көмек ұйымындарына еркін таңдау науқаны басталды. Бұл науқан екі айға жалғаспақ. Бүгінгі таңда облыс бойынша қордың денсаулық сақтау субъектілерінің деректер базасында 21 емхана тіркелген. Оның 62 пайызы мемлекеттік болса, 38 пайызы жеке меншік. Тұрғындар үшін тіркеу науқаны мен емхананы еркін таңдау мүмкіндігі консультациялық-диагностикалық қызметтерге, ауруханаларда емделуге және кез келген жоспарлы медициналық қызметтерді пайдалануға құқық береді. Бұл жөнінде "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов мәлімдеді.

"Бұл науқанның басты мақсаты − халыққа қызмет көрсететін медициналық ұйымның тиімді әрі сапалы болуын қамтамасыз ету. Егер медициналық ұйымның қызметі қанағаттандырмаған жағдайда тұрғындарға таңдау құқығы беріледі. Өткен жылғы емханаларда тіркеу науқанының қорытындысы бойынша, өңірдің екі мыңнан аса тұрғыны БМСК ұйымын еркін таңдау қызметін пайдаланды. Олардың көпшілігі өтініш беру арқылы тіркелсе, қалған азаматтар egov.kz порталы арқылы онлайн қызметті таңдаған. Сондай-ақ, азаматтар емхананы еркін таңдау құқығын пайдаланбаған болса, қазіргі таңда тіркеліп тұрған БМСК ұйымында қала береді", - деді Бақыт Торғайбайұлы.
Бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымына үш тәсіл арқылы тіркелуге болады. Олар: тікелей таңдалған медициналық ұйымға жүгіну арқылы және электронды үкімет порталы көмегімен онлайн түрде тіркелу. Сондай-ақ, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтініш беруге мүмкіндік қарастырылған. Тіркеу науқаны − емхананы ауыстырудың жалғыз мүмкіндігі болып табылмайды. Бұл рәсімді жылына бір рет еркін таңдау құқығымен жасауға болады.
"Егер азамат тұрғылықты жерін және жұмыс пен оқу орнын ауыстырған жағдайда да емхананы қайта таңдауға құқылы екенің айтқым келеді. Азаматтардың кейбір жекелеген санаттары тікелей емханаға бекітіле алады. Ол үшін еркін нысандағы өтініш пен жеке басты куәландыратын құжатты қоса беру қажет. Аталмыш санаттарға зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, заң бойынша тағайындалған қорғаншылар немесе қамқоршылар, сондай-ақ патронат тәрбиешілер мен басқа да азаматтар жатады. Жыл сайынғы бекіту науқанын өткізуге жауапкершілік аумақтық денсаулық сақтау басқармаларына жүктелгендігін атап өткен жөн деді", -Бақыт Исмаханбетов.
23 қыркүйек 2021 ж. 342 0