Әуе толқынында: «Қазақ радиосы»
Жүз жыл бұрын жабықта сығалаған ой-сананы оятуда орасан зор қуатқа ие сөз құдіретімен жазық даланы жылдам кезіп, жамаулы киім мен жалба тымақтының да жансарайын ашып, жаҺан әлемнің жаңалығына жалғаған сиқырлы сандық – бағана басындағы хабартаратқыш құрылғының қазақ өміріне қазық қадағанына толық бір ғасыр болыпты.
Ұлт ағартушысы Ахмет Байтұрсыновтың бастамашылдығымен 1921 жылы 1 қазанда алғаш тұғырын тіктеген радио торабы 1926 жылы ел астанасы болған Қызылордаға, 1931 жылы Алматыға көшті.
Кезінде КСРО секілді алып империяның бір орталықтан басқарылатын «Информбюросының» елді коммунистік жасампаздық рухта тәрбиелеу мен халықтар достығын нығайтудағы насихат қуаты Левитан сынды таланттың табиғатымен үйлесіп, шынайы құдіретіне ие болғанындай Мина Сейітова, Әнуарбек Байжанбаевтың қоңыр әуезді үні қалың қазақтың жүрегіне жарқын сенім ұялатты.
Диас Омаров, Мұқағали Мақатаев, Сауық Жақанова, Ескендір Хасанғалиевтер дикторлық қызмет атқарған қазақ радиосы ұлттың қайталанбас мәдени болмысын бекемдеген ақпараттық құрал ретінде өнер және әдебиет мұраларын насихаттады. Латиф Хамиди, Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаевтың бастамашылдығымен қазақ радиосы жанынан 200-ге тарта өнерпазы бар жеке симфониялық ұлт-аспаптар оркестрі құрылды. Бүгінде Қазақ радиосы Алтын қорында 400-ге жуық жазба, белгілі дикторлар жүргізген 10 мыңға жуық әдеби сазды бағдарламалар сақтаулы.
Тұтас дәуір көшін арқалаған Қазақ радиосы халықтың басынан кешкен тарихын ел жадында жаңғыртуда қаламгерлік қарым мен дикторлық дарынның тұтаса өрілуінен туған сырлы да, шерлідүниелерді тыңдарман көңіліне ұсынудан жалыққан емес. Тәуелсіздік жылдары тынысын кеңге жазып, цензураның құрығынан арқа-басы кеңіген ақпарат құралдары қатарында отандық радио 2005 жылдан бастап тәулік бойы хабар жүргізуге көшті. 2012 жылдан бастапЕлорда төрінде Қазмедиа орталығынан хабар таратып келді. 2017 жылдан бастап «Қазақ радиолары» серіктестігі құрылып, құрамында 8 қызмет, 4 радио, Алматы студиясы қызмет етеді. «Қазақ радиосының» атауы бүгінде брендке айналды. Серіктестік құрамындағы «Шалқар», «Астана», «Классик» радиосы осы Қазақ радиосынан тарады. Бүгінде «Шалқар» радиосы ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ұлттық сана мен тілге басым бағыт берсе, «Астана» радиосында бүгінгі Елорда өмірінің айшықты жаңалықтары, айрықша жастар өмірінен түрлі тақырыпта бағдарламалар беріледі. Ал «Классик» радиоарнасынан Академиялық классика және джаз музыка жанрының туындылары тыңдарман жанына жылы шуақ құяды.
Әр радиоарнаның бағыты әртүрлі. Қазақ радиосы ақпараттық сараптамалық, қоғамдық-әлеуметтік бағытта қызмет етеді. Мемлекеттік ақпараттық тапсырыс алатын радиостанция хабарларының тақырыптық және жанрлық бағыты да осы мақсатта айқындалады. Цифрлық технологияның дамуы радиоқызметінің де өрісін ашып, өркениетті бағындырды.
Мерекеге орай туған жеріміздің түлегі, Халықаралық «Шабыт» және «Алтын қалам» конкурсының жүлдегері, «Қазақ радиолары» ЖШС-нің бас редакторы, «Қазақ радиосының» директоры Абибуллаев Дулат Орынбасарұлын әңгімеге тартқан едік. Ол өзі басқаратын Қазақ радиосының тыныс-тіршілігі жөнінде кең ауқымды әңгімелеп берді:
– Бұқаралық ақпрарат құралдары ішінде ең жылдамы да, өтімдісі де – радио. Қазақ радиосының өмір жасын ұзартқан профессор Намазалы Омашев ғылыми деректерге сүйеніп дәлелдеп шығуы нәтижесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қазанды – Қазақ радиосының туған күні ретінде құжатқа қол қойды. Қазақ радиосы осы жүз жыл бедерінде халқымызбен бірге жасасып келеді. Ақпарат таратудың платформасының кеңеюі радионың маңызы мен ролін арттырды. Жер беті халқына сын қатер туғызған пандемия жағдайы біздің қызметімізді де ширатып, хабарды уақтылы және сапалы таратудың ұтымды тәсілдерін меңгертті. Соның нәтижесінде індетке қарсы күрестебұқараны кең қамтитын аудитория ауқымдылығы және оперативтілігімен радиоарналары ең бір қолайлы ақпарат құралы ретінде Үкіметтің де үнжариясы болып, төл мемлекетімізде ахуалды тұрақтандыруда табанды қызметімен танылды.
Қазірде ел халқының 89 пайызына жуығы радио тыңдармандары. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ресей, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан шекаралас аймақтар тұрғындарына хабар тарату жұмысы кезек күттірмейді. Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қазақстан облысындағы шекараға жақын орналасқан мекендерде «Жол картасы» аясында 107 желілікке қол жетті. Радиоарналардың сайты, мобильді қосымшасы арқылы эфир жаңалықтарын әлемнің кез келген жеріндегі қандастарымыз тыңдай алады.
– Қазақ радиосы қызметкерлерінің шығармашылық потенциалы мен өндірісінде қандай жаңашылдықтар бар?
– Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында қазақ радиосы эфирінен аудиокітап форматындағы «Көкжиек» хабары эфирге шықты. Соңғы екі жылда Тахауи Ахтановтың «Боран», Хамза Есенжановтың «Ақжайық», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар», Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек», Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», Қалихан Ысқақтың «Қоңыр күз еді», Шерхан Мұртазаның «Бесеудің хаты» әуе толқыны арқылы берілді.
Радионың өзіндік артықшылықтары аз емес. Ол біріншіден аудитория таңдамайды.Үйде де, түзде де, тіпті рульде жолаушылап бара жатып та радиобағдарламаларға назар қойған әркім күйкі тіршіліктен бір сәт дамылдап, жан-дүниесі жаңарып, бүгінгі күннің басты жаңалықтарвымен сусындары анық. Олай болса, басты қызметімізді осы бағытқа бұрып, барынша елге өзекті тақырыптарды жеткізуге күш салудамыз.
Бүгінде радиоқызметі жаңа форматқа көшті. Қызметкердеріміз қашықтан жұмыс істеу дағдыларына бейімделіп, әлеуметтік желінің дыбыстық трактын радионың негізгі трактына қосу мүмкіндігін игердік. Сондай-ақ студиядан берілген хабардың бейнекөрілімін тыңдарман ютуб арнасы арқылы тамашалай алатын технологияны ендірдік.
– Радионың жүз жылдық мерекесіне орай қандай құрмет биігінен көре аламыз?
– Ғасыр үніне айналған ақпапат құралына айрықша құрмет Астана қаласынан бастау алды. Елордада «Қазақ радиолары» атына көше атауын алуымызға қол жетті. Бүгін Қызылорда қаласында Қазақ радиосы көшесінің лентасы қиылады. Жақында Алматы қаласында радио ғимараты орналасқан Желтоқсан көшесіндегі қарсы аялдамаға Қазақ радиосының атауы берілді. Мекеме маңдайшасында мемориалдық тақтаның ашылу рәсімі өтті. Шарада қоғам, мәдениет және өнер қайраткерлері бас қосты. Ардагер журналистер жиналды. Тыңдарман қауым жүзін көрмесе де жүрегін танып, бір жақын адамындай көңілдерінің төрінен орын берген байырғы диктор аға-апаларымыз бас қосты, жүрекжарды лебіздермен бөлісті.
Атаулы мерекеге орай Мемдекет және қоғам қайраткерлері қатарында ұлт жанашырлары Мырзатай Жолдасбеков, Қуаныш Сұлтанов, мәдениеттанушы- ғалым, дипломат Мұрат Әуезов,Қазақстанның Еңбек Ері, Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов, «Парасат» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көпен Әмірбек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет,Қазақстанның Халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақ радиосының ардагері Лаки Кесоглу, қазақ, кеңестік камералық және опера әншісі , КСРО халық әртісі Әлібек Дінішев, тағы басқа радионың аяққа нық тұруынан бастап күні бүгінге дейін рухани тынысына дем беріп, тілектес болап отырған тұлғалардың айтқан құттықтау лебіздері эфирде жазылып алынды.
– Еңбектеріңізге тек сәттілік тілейміз.
Түйін: Сұхбатымызды газет форматына түсіріп, компьютерде теріп болар-болмас телефонымыз шыр етті. Жаңақорған кенті, Алтынсарин мөлтек ауданы 17 үйдің тұрғыны Сұлтанқызы Айшагүл апамыз екен. “Бүгін Радио күні екен ғой. Мерекелерің құтты болсын” деді. Жалғызілікті ана сөзін былай жалғады: “Бақи болған ерім мен баламды жоқтап жаураған жаныма демеу іздегенде үстелімнің үстінде тұрған радио-қобдишам құлазыған көңіліме әркез сүйеу, шын серігім болып тұр. Онсыз өмірімді елестете алмайтын сияқтымын. Шығармашылық өкілдеріне әр күннің амандығын тілеймін”.
Біздің де тілек осы.
Баян ҮСЕЙІНОВА