Қосүйіңкі ауылдық округінен не көрдік, не білдік?
Кеше Қосүйіңкі ауылдық округіне бардық. Топ құрамында «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев, партия мүшесі, аудандық мәслихат депутаты Жасұлан Амалбеков бар.
Жалпы, Қосүйіңкі елді мекені қазақтың қабырғалы қаламгерлері Дүкенбей Досжан мен Тынымбай Нұрмағамбетовтің кіндік қаны тамған жер. Сондықтан журналист ретінде бұл қоныстың ауасын жұтып, топырағын басуға ынтызармыз.
Жаңақорған кентінен шыққанда сапардың маңызын Мәжит Болқожаұлы былай түсіндірді: "Депутат әрі бас партияның мүшесі ретінде елді мекендерді аралап, сайлаушылармен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, негізгі мәселелерді саралау. Бұл жолғы сапардың тағы бір маңызы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан туындайтын басым бағыттарды халық арасында насихаттау".
Сөзге араласқан Жасұлан Амалбеков:
– Қосүйіңкі ауылдық округіне баратын екі көпір бар. Соның біріншісі апаттық жағдайда тұр. Алдымызда қыс. Жерге мұз қатып, тайғанақ болса, жол-көлік жағдайы орын алуы мүмкін.
Осы көпірді қысқа дейін жөндеудің жолын қарастыру керек. Ауыл тұрғындары жастардың бос уақытын тиімді пайдалануда ойын алаңына газон төсеуді және жарық қоюды ұсынып отыр, – деді.
Жүйіткіген көлікпен әбсәтте елді мекенге жеткізді. Бізді ауыл әкімі Әлімхан Сағынбайұлы бірнеше ақсақалмен күтіп алып, қажеттіліктерін ортаға салды.
Көпірді жөндеуді, 1960 жылы салынған клуб үйінің жаңа ғимаратын салуды ұсынды.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ