Дербес даму – бет-бейнемізді бекемдейді
Бүгін, яғни, 1 қыркүйек күні өткізілген 7 – ші шақырылымдағы Парламенттің екінші сессиясын ашық деп жариялаған Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа кезекті Жолдауын жеткізді.
Жасыратыны жоқ, Жолдау десе халық елең етіп, ең бірінші жағымды жаңалық ретінде жеке басытұрмыс-жағдайын көтеруге бағытталған батпандай жақсылықтан дәме қылып, үмітін үкілеумен болады. Жер жүзі халықтарының қаншамасының басынан өтіп жатқан қиындықтар – ашаршылық, босқыншылық, әділетсіздік, тіптен табиғат апаты зардабына ұрынған қасыретті жағдайларды күнделікті ақпарат айдынынан көріп-бііліп отырсақ та, сол ахуалдардан аман тұрған мемлекетіміздің басындағы телегей-теңіз жақсылықты иыққа түскен міндет жүгінің көлеңкесінде елемей, құр қиялға емексіп келеміз. Мемлекет қолынан келгенше халыққа қажетті бар жағдайды жасап келеді. Ендігі мақсат – қоғамның әрбір мүшесі өз әлеуетіне сай келетін ішкі даму мумкіндігін тиімді пайдаланып, өзіне де, ұрпағына да лайықты, өмір сүру имиджін қалыптастыруға тырысуы керек.
Жолдау талаптары сәт сайын жаңарып, алдыға өрлеп бара жатқан өркениет көшіне басты бағдар нұсқай алуымен құнды.
Алғысөзінде Тәуелсіздіктің үшінші онжылдығының оңай болмасын қаперге алған Мемлекет басшысының алдыға қойып отырған талабы, барлық құрылымдар күш-жігерін сарқа пайдаланып төтеннен киліккен кедергілерді еңсеруі керек. Әр адам Тәуелсіздіктің игілігін сезіне алуы керек.
Бұл үшін бүгінгі күнге дейін халықтың әл- ахуалы мен тұрмысын жақсартуға бағытталған механизмдер одан әрі жұмысын жүйе жалғастыра береді. Осы бағытта шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған қаржылық несиелендіру жұмыстары «Бизнестің Жол картасы» - 2020, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы 2022 жылға жалғасатынын білдік.
2022 жылдың қаңтар айынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері арттырылатын болды. Бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 20 пайызға көтерілетінін айтты.
Бұл жаңалықтар қазақстандықтардың келешекке деген жарқын сеніміне қанат бітіреді.
Ғалымжан Әбдіразақұлы