№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » 2003 жыл: төрт жаңа мектеп ашылды

2003 жыл: төрт жаңа мектеп ашылды


Тарихты тізгіндейтін болсақ, 2003-2005 жылы «Ауылды қолдау жылы» деп жарияланғанын, әрі мұның саяси мәні жоғары болғанын айту керек. Елдіктің өзегі саналатын ауылдың ахуалы түзелмей, мемлекеттік мұрат асқақ болмайды. Ауылды қолдаудың алғашқы жылында аудан төңірегінде 4 мектеп ғимараты салынып, ауыл жастарының сапалы білім алуына жол ашылды.


2003 жылы ауданда 4 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оның үшеуі 1 қыркүйек – Білім күніне дейін құрылысы аяқталса, біреуі 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесінде есігі ашылды.
Бір жылда бірнеше рет әлеуметтік нысанның ашылу салтанатына келген сол кездегі облыс әкімі Серікбай Нұрғисаев: «Жаңақорған – құт қонған мекен. Халық санымен де, мал басы санымен де облыста көш бастап, білім, мәдениет-өнер, спорт саласында жетістікке жетуде. Шекарасы кең ауданның тіршілігі қайнап, құрылысы қарқындауда. Міне, бүгін жыл басынан бері 4 мектеп, 3 медициналық пункт, 5 мешіт үйлерін аштық. Бұл елдің ынтымағы мен берекесін байқатады. Ағайынның асар әдісіменен-ақ, талай әлеуметтік нысан бой көтерді», деп толғана сөз бастауынан, ауданның осы жылдағы экономикалық-әлеуметтік жағдайын бағамдауға болады.
Білім күні қарсаңында ауыл балаларының қуанышын екі еселеген Құттықожа елді мекеніндегі №164 мектеп, Қыраш ауылындағы №180 мектеп және Қосүйенкідегі №161 мектептің ашылу салтанаты өтті. Жап-жаңа ғимараттың іші жарық, ауласы гүлзарланған, шағын ойын алаңдары орнасқан. Бұған дейін мерекелік шараларды өткізуге мектептің тар­лығы мен қолайсыздығын тартқан бүлдіршіндер алғашқы қоңырау салтанатына ерекше дайындық жасап, келген меймандардың көңілін көтерді.
Бірінші сыныпқа қабылданған балалар жап-жаңа партаға отырып, заманауи технологиялармен таныс­ты. Облыс әкімі бірқатар сала басшыларымен бірге мектепті аралап, әр сынып оқушылармен жүздесіп, мерекелік тілегін жеткізді. Облыс әкімі осы сапарында тау беткейдегі Талап, Манап, Бесарық, Қыраш, Қосүйенкі, Ақүйік, Шалқия мен Түгіскен ауылындағы ұстаздарға «УАЗ» автокөлігін табыстады.
Ал, төртінші жаңа мектептің ашылу салтанаты Тәуелсіздік мерекесімен тұспа-тұс келіпті. Қырық жылға жуық жөндеу көрмеген ескі мектептің тоз-тозы шығып, қысқы уақытта балалар суық партада дірдек қағып білім алып жүргені туралы ауылдық басқосуда жиі айтылушы еді. Ауыл баласының несібесіне су жаңа ғимарат салу бұйырды.
Жайылмада 2003 жылы 1800 адам ресми тұратындығы ескеріліп, республикалық бюджеттен қаржы қаралып, №195 мектептің іргесі қаланды. Желтоқсанның 16-сы күні жаңа мектепке 1-11 сынып аралығында 330 оқушы қабылданды. Заманауи мектептің кең кабинеті мен комплекстік қызметі көпті таң қалдырды. Жаңа оқу ғимаратында компьютер кабинеті, лабороториялық, мультимедиялық кабинет пен лингафондар оқушыларға таңсық дүние еді.
Айта кетейік, бюджеттен бірнеше миллион қаржы бөлінгенімен, мек­тептің құрылыс жұмысынан ауылдың азаматтары қолдауын аянбады. Ауыл тұрғындарын бірлікке бастап, құрылыстың сәтті аяқталуына себепкер болған Әсет Рүстемов бастаған құрылысшы жастар қол күшін біріктірді. Бұл туралы салтанатты шараға келген ауыл ағалары Қалкөз Жүсіпов, Әбіласан Ахметов, Шәмші Сырымов көптің алдында әңгіме етіп, ризашылығын білдірді.
Ауданда Тәуелсіздік жылдарында алғаш болып білім ошақтарын жаңартқан ауыл ағайындарының бірлігі әлі күнге дейін қаймағы бұзылмаған. Мұны №195 мектеп гимназияның ұстаздары да растайды.
– Ауылды қолдау жылы біздің ауыл ағайындарын бірлікке ұйыстырып, игі істерде күш біріктіруге үйретті. Осы дағды әлі күнге дейін өз ізін жоғалтқан емес. Үлкен-кіші деп бөлінбей бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бүгінгі күні де бірлігімізді бекем етудеміз. Ауылда жасалып жатқан жұмыстарға қолдау білдіріп, татулық пен ұйымшылдықты үлгі етудеміз, – деді директор Жанат Жүсіпова.
Расында, ағайынның арасындағы мызғымас бірлікті бүгін де байқап жүрміз. Пандемия уақытында өзге ауылдарға қарағанда осы төрт ауылдың вакцина салдыру көрсеткіші жөнінен көш бастап тұрғанының өзі бірліктің биік көрінісі емес пе? Вакцина салдырудың алғашқы айында-ақ, Құттықожа ауылының тұрғындары белсенділік танытқан еді. Ал, ауданда мектептер арасында №195 мектеп гимназиясының ұжымы вакциналау науқанын бірінші болып аяқтады.
Хош. Біз тарқатып отырған 2003 жылы ерекше елеулі оқиғалар орын алды. Осы жылы Жаңақорған ауданының 75 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде аталып өтті. Айтулы шараға ақын Фариза Оңғарсынова келіп, шығармашлығынан бірнеше өлеңін оқып, халықты рухани байытты. Аудан халқына арналған концертте халық әртісі Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Роза Рымбаева бастаған өнер жұлдыздары әннен шашу шашты. Сондай-ақ, «Жаңақорған тынысы» газетінің 70 жылдық мерей тойы облыс деңгейде аталып өтті. Оған өңірден шыққан қаламгерлер қатысып, жас тілшілердің шығармашылығын бағалады.
Осы жылы әлеуметтік нысандар бой көтеріп, бірнеше ауыл аймақтарда жаңа мектептер, медициналық бекеттер, аурухана, спорт алаңдарының құрылысы қарқын алуы елдің әлеуметтік жағдайының жақсара түскенін меңзейді. Оған қоса, кәсіптік нысандар да жаңа ғимараттарға ие болып, бірнеше сауда орталықтары жұмысын бастады. «Ақ жол» мен «Ынтымақ» секілді ірі сауда үйлері ресми бизнес обьектісі ретінде тіркелді. Құттықожа ауылында Мәді Мағжан мешітінің ашылу салтанаты өтті.

Мақпал МАРҚАБАЙ

25 тамыз 2021 ж. 307 0