№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қазақтың саны 19 млн. Бұған біздің ауданның үлесі қандай?

Қазақтың саны 19 млн. Бұған біздің ауданның үлесі қандай?

Мұндай сүйінші жаңалыққа қатты қуанғанымыз рас. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында жеткен тарихи межені ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында сүйіншілеп барша қазақстандықтарды құттықтады. Содан бері біраз уақыт өтті. Алайда көкейімде бір сауал жаңғырды да тұрды. Ол – біздің аудандағы демографиялық көрсеткіш қандай деген сұрақ.
Біздің ел халқының саны жөнінен ТМД елдері арасында 4-ші, әлем елдері арасында 63-і орында. Иә, бұл көрсеткіш алып елдермен салыстырғанда төмен болғанымен халық саны миллионға да жетпейтін мемлекеттермен салыстырғанда «шүкір» деп өзімізді жұбататынымыз рас.
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, Қазақстан халқының саны 2016 жылы 17 миллион 670 мың, 2017 жылы 11 мамырда 18 миллионға жеткен-ді. Мұндай сүйінші жаңалықты Тұңғыш Президент Н.Назарбаев Дүниежүзі қазақтарының 5-і құрылтайында жеткізіп: – Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстан халқы 17 миллионға жетті. Алайда елге қоныстанған өзге ұлт өкілдері атамекеніне көшіп, 14 миллионға азайдық. Бірақ қазір жағдайымыз жақсарып, халқымыздың саны қайта көбейді. Әуелде жыл сайын 200 мың бала туса, қазір 400 мыңнан аса сәби дүниеге келуде. Халқымыздың саны биыл 1 шілдеде 18 миллионнан асады, – деді. Төрт жылды артқа салып биыл 3 тамыз күні 19 миллионыншықазақ дүниеге келді.
Бұл көрсеткіште біздің ауданның үлесі қандай? Осыны бір сараласақ.

Тәуелсіздік алған 1991 жылы жаңақорғандық аналар 2009 баланы өмірге әкелсе, бұл көрсеткіш он жылдан кейін (2011 жылы) 2195 балаға жетіп, 186-ға артты. Ал былтырғы 2020 жылы 2226 бала туып, қазақстандық демографияға өз үлесімізді қостық.
Бұл көрсеткішті өзге аудандармен салыстырып көруді де жөн көрдік. Облыстық статистика басқармасының мәліметіне сүйенсек, былтырғы жылы облыс бойынша 21 780 бала өмірге келсе, Байқоңыр қаласы бойынша – 621, Арал ауданында – 2072, Жалағаш ауданында – 878, Қазалы ауданында – 1173, Қармақшы ауданында – 1326, Сырдарияда – 814, Шиеліде – 2136 туылған екен. Яғни Жаңақорған ауданының бәсі биік тұр. Бұл ауданның халқының өсу деңгейі халықтың тұрмыс деңгейінің де жоғары екенін білдірсе керек-ті. ХХ ғасырдың 90 жылдардағы демографиялық есептеулер Қазақстан халқының саны 2030 жылға қарай 20 миллионға жетуді көздеген. Ал бұл өсу қарқыны көңілді қуантады. Яғни осылай бала туу көрсеткіші арта берсе, 2030 жылға жетпей-ақ 20 млн-ға жетуіміз бек мүмкін. Біз аудандық  жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтардың хал-актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Гүлнар Абдуллаеваның пікірін білген едік.
 – Шынын айтсам, пандемия еліміздегі бала туу көрсеткішінің жақсаруына оң ықпалын тигізді. Былтыр бірінші жарты жылдықта ел бойынша 100 мыңнан аса сәби дүниеге келсе, ауданда биылғы жарты жылдықта 1070 бала өмірге келді. Демографиялық көрсеткіш карантин жағдайында балалардың көптеп туғанын көрсетеді. Иә, нәрестелердің шетінеуі де болды. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Әйткенмен бала тууға ынталы аналардың көбейгені көңіл қуантады, – деді ол. Иә, расымен баласын бауырына басып, перзентханадан сәбиін көтеріп шығып жатқан аналардың көп екені жаныңа жылылық сыйлайды. Өлім жағдайының көбейіп тұрғанына да алаңдаулымыз. Былтырғы 2020 жылдың өзінде ауданда 526 нәресте шетінеген. Иә, бұл бір жағы пандемияның салдарынан дейді маман.
Осы ретте сәл шегініс жасасақ. 1991 жылы қазақстандықтардың саны 16 млн 525 мың болғаны мәлім. Ал, жылдан кейін, яғни 2001 жылы демографиялық құлдырау шегіне жетіп, халық саны 2 миллион адамға азайды. Осыған алаңдаған Елбасы жат жұрттағы қандастарымызды елге көшіруді дұрыс жолға қойып, «Нұрлы көш» бағдарламасын іске қосты. Сөйтіп, 30 жылда 1 миллионнан астам қандасымыз елге оралып, қазақтың демографиялық өсіміне зор ықпалын тигізді. Осы ретте шет елден елге қоныс тепкен көпбалалы әке Абдулла Ишанды сөзге тарттық.
– Біз Түркиядан елге қоныс аударған көп қазақтың бірімін. Алғаш елге келгенде қуанышымыз қойнымызға сыймай, туған елдің топырағын ұстап, суын татқанымызда бізден бақытты адам болмаған шығар, сірә! Елдегі әр қазақ бізді жалғызым деп қабылдады. Қолдарынан келген көмегін көрсетті. Құдайға шүкір, бүгінде үкіметтен көмек көп. Әсіресе көпбалалы аналарға қамқорлық жыл сайын артып келеді. Біз Қазақстандай бейбіт елдің азаматы екенімізді мақтан тұтамыз және демографиясына үлес қосуды азаматтық борышымыз деп есептейміз, – деді.
Иә, қазақтың көбейгені үлкен қуаныш. Өйткені саннан сапа артады, бәсекеге қабілеттілігіміз шыңдалады. Екінші жағы, алпауыт елдердің арасында өзіміздің салмағымыз бен сұсымызды көрсетуде халықтың саны шешуші рөлге ие. Бұл тұрғыда Өзбекстанның жетістігі жоғары. 1985 жылы Өзбек елінде 19 миллион тұрғын болса, қазір 35 миллионыншы сәбиін күтіп отыр.
Бүгінгі таңда жалпы халықтың 9 млн 597 мыңы қалалықтарды, 7 млн 780 мыңы ауыл тұрғындары құрайды екен. Бұл дегеніміз қалалықтардың үлесі 55 пайызды, ал ауыл тұрғындарының 44,8 пайызын құрайды деген сөз.
Қазақ «Бір қозы артық туса, бір түп жусан артық шығады» дейді. Бұл дүниеге келген әрбір баланың өз несібесі бар деген ырымға негізделсе керек. Қалай десек те, қазақтың өсуіне, байтақ жерге иелік етер ұрпақтың көп болуына бәріміз де мүдделіміз. Сол үшін де дені сау ұрпақ әкеліп, ұлтжанды жасты тәрбиелеу сіз бен біздің. Болашақтың баласын келешектің кемел болуы үшін өмірге әкелуге тиіспіз.

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
22 тамыз 2021 ж. 263 0